Ақпараттық портал

«МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ ТИІМДІ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ»

Елімізде медициналық қызметтің сапасын, қолжетімділігін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар іске қосылып, осы салаға қыруар қаржы бөлінуде. Ел Президентінің жыл сайынғы жолдауында ұлт саулығына басымдық берілгенінен-ақ, мемлекеттің басты байлығы-адам делінген Заңның үстемдігіне көз жеткізе түсетіндейсіз. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауындағы “Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды” деген жолдар дәлел бола алады. “Көш жүре түзеледі” демекші, кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтар заман ағымына сай реттеліп, медицина саласы жыл өткен сайын жаңарып, жанданып келеді. Дәлірек айтсақ, осынау әлеуметтік маңызы зор саланың дамуы, ел әлеуетінің артуына тікелей септігін тигізетін тетік саналады. Бұл ретте, әсіресе, аудандар мен ауылдардың жай-күйі басты орында десек, қателеспейміз. Нәтижелі өзгерістер біздің ауданда да байқалып, медицина саласындағы қол жетпейтіндей болған біршама қызметтер қарапайым азаматтарға қолжетімді бола түскендей. Былтырғы мен биылғының арасындағы айырмашылықты саралап, жоспарға сай жұмыстың бір жылдық қорытындысын шығару – әрбір мекеме, ұжым басшыларына тән. Осыған орай, біз Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жайдар Айтишевпен сұхбаттасқан едік.

-Жайдар Әскербекұлы сіз басшылық ететін аудандық орталық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.
-Бүгінгі таңда аудан көлемінде бір аудандық орталық аурухана, бір клинико-диагностикалық бөлімше, бір отбасылық орталық, 14 дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік пункт, жеті пункт тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. “Халықты тіркеу регистрі” бойынша 56201 азамат тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 18676 немесе 33,2%, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 2784 немесе 4,9%, ересек азаматтардың саны 34863 немесе 61,9% және бала туу жасындағы әйелдердің саны 11127. Шу аудандық орталық аурухана бойынша жалпы медициналық жабдықпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырылу 98,27%-ды құрайды, оның ішінде ауруханада – 98,27%, емханада – 86,11%, дәрігерлік амбулаторияларда – 84,76 %, фельдшерлік-акушерлік пунктерде – 80,65% және медициналық пунктерде – 90,62%. Ауданда 40 санитарлық автокөлік бар, оның 15-сі тозған (37,5% ). 30 медициналық ұйымның 28-і типтік ғимараттарда орналасқан.
Еңбек ауылындағы 2021 жылы басталған медициналық пунктің құрылысы аяқталды. 649 млн теңге қаржы бөлінген ауданаралық оңалту орталығының құрылысы аяқталмай тұр. Бір жылдан бері іске қосылмай тұр. Өйткені, кіреберістің, орнатылған есіктердің сапасы сын көтермейді, шатырынан су өтіп жатыр, қабырғалары жарылған, бассейн мен ауладағы алаңда орнатылған турник пен басқа да құралдар балаларға арналмаған. Ал, Оразалы фельдшерлік-акушерлік пунктін күрделі жөндеуге 40 млн 52 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жиделі медициналық пунктін соғуға жобалық-сметалық құжаттар рәсімделуде. Алға, Еңбекші, Жаңа жол медициналық мекемелерін табиғи газға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтіп, қазіргі таңда газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Бірлік, Бірлікүстем, Белбасар дәрігерлік амбулаторияларын газға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттары рәсімделуде. Осы тұста Төле би ауылындағы емханаға (отбасылық орталық) күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігін тілге тиек ете кеткен жөн. Бұның бәрі бір күнде біте салатын жұмыс емес, бәрі айналып келгенде қаражатқа келіп тіреледі. Әйтсе де мемлекеттің қолдауының арқасында ойға алған жоспарларымыз оң шешімін табады деп сенемін.
-Үш жылдың айналасында елді шарлап жүрген коронавирус індетінің беті әлі де қайтқан жоқ. Вакцинациялау қарқын алмаған елдерде вирус түрленіп, бұдан да қауіпті жаңа штамдары тарап жатқанын әлеуметтік желілер арқылы көріп жүрміз. Елімізде мұндай жағдайға жол бермеудің жалғыз жолы – екпе салдыру әрі ұжымдық иммунитет қалыптастыру екендігін ұғынғандаймыз. Біздің ауданда екпе салу жұмыстарының қарқыны қалай?
-Иә, дұрыс айтасыз. Сенер-сенбесімізді білмей дал болып жүргенде коронавирус індетінің әлемді айналып жүргеніне де бақандай үш жылдың айналасы болып қалды. Есеңгіреген жұрт елең еткізген дерттің жолына балта шабудың бірден-бір жолы-екпе алу екендігін ұғынып, аудан тұрғындары еш мәжбүрлеусіз, өз еріктерімен екпені кезең-кезеңімен алып отырды. Жалпы аудан бойынша 30614 адамды екпемен қамту жоспарланса, бірінші тур бойынша екпемен 31016 азамат қамтылып, 101 пайызды құрады. Ал, екінші тур бойынша екпемен 30926 азамат қамтылып, 101 пайызды құрады. Пфайзер екпесін 15.11.2021-06.12.2022 жыл аралығында барлығы 6771 адамға егу жоспарланған болса, жоспар артығымен орындалып, 6951 азамат екпемен қамтылып, көрсеткіш 103 пайызды құрады. Яғни 12-17 жастағы жоспарланған 5378 балалардың 5571-і екпемен қамтылып, 103,6 пайызды құрады, жүкті әйелдер жоспар бойынша 341 болса, қамтылғаны 264 немесе 77,4%, емізулі баласы бар аналар жоспар бойынша 1052 болса, сол санаттағы аналардың 1116-сы қамтылып, 106 пайызды құрады.
2022 жылдың 30 қыркүйегінен бастап Шу аудандық орталық ауруханасына 5395 доза «Гриппол+» (Ресей) вакцинасы жеткізілді. Екпе алған барлық балалар саны 2597, яғни 6 айдан 3 жасқа дейін 150 бала, 14 жасқа дейінгі мектеп оқушылары 1123 бала, 15-17 жас аралығындағы балалар – 1324. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар ересектер – 1477, медициналық қызметкерлер – 731, жүкті әйелдер – 590 екпемен қамтылды. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.
-Медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесі қалай шешілуде? Бұл мәселеде мемлекет ұсынған бағдарламалардың нәтижесі бар ма?
-Жасыратыны жоқ, маман тапшылығы бізде де басты мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыда “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отырмыз деп айтуға толық негіз бар. Биылғы жылдың өзінде барлығы 14 маман жұмысқа қабылданса, аталған бағдарлама арқылы 8 жас маман жұмысқа тартылды. Бір қуантарлығы, медицина саласында “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы жас мамандарды ғана емес, бірнеше жыл еңбек өтілі бар қалада қызмет істейтін мамандарды да тартудамыз. Осындай мүмкіндік тудырған мемлекетке алғысымыз шексіз. Бұл әлбетте маман тапшылығын шешудің оңтайлы әдісі деп білемін. Алайда жыл да жас мамандарды жұмысқа қабылдап отырғанымызға қарамастан, әлі де бір УДЗ маманы және үш жалпы тәжірибелі дәрігер жетіспейді. Кадр тапшылығына бірден-бір себеп 12 маманымыздың бала күтіміне байланысты демалыста болуы да әсер етіп отыр. Маман жетіспеушілігінен зейнетке шыққан қызметкерлерді де ұстап отырған жайымыз бар. Соңғы жылдары орталық ауруханада кейбір медицина мамандарының жетіспеушілігінен аудан тұрғындары үлкен қалаларға сабылушы еді. Бақытымызға орай, бүгінде аудандық орталық ауруханаға инфекционист-дәрігер, эндокринолог, уролог, реаниматолог мамандары “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы келді. Қазіргі таңда сұраныстағы басқа да мамандарды тарту үшін қалада қызмет жасайтын дәрігерлермен келісімшартқа отырып жатырмыз. Жоғарыда аталған мәселелер де алдағы уақытта шешімін тауып қалар деген үміттеміз. Бұған қоса 2022 жылы 36 дәрігердің яғни 78 орта буын медицина қызметкерлерінің және 17 психолог, әлеуметтік жұмысшылар сынды мамандардың біліктілігі арттырылды.
-Заман көшіне ілескен мемлекетіміз цифрландыру саясатын мықтап қолға алуда. Аудандағы медицина саласын цифрландыру деңгейі қандай?
Қағазбастылықтан арылу үшін қолға алынған цифрландыру саясатының арқасында ұтарымыз көп. Бұл-уақыт ұту үшін тиімді әдіс. Қазіргі таңда ем алушылардың барлығының дерегі арнайы базаға енгізілген. Азаматтар бұрынғыдай бірнеше қағаздарды қолтығына қыстырып жүрмейді, тек төлқұжаты болса болғаны. Бүкіл денсаулығына қатысты деректер базада сақтаулы. Үлкен қалаларға барса да, төлқұжатын берсе болғаны, науқас жайлы мәліметтер “ДамуМед”-те шығып тұрады. Тіпті “Е-гов” немесе “ДамуМед” порталы арқылы шалғай ауылда тұратын тұрғындар өз дәрігерлеріне кезекке тұрса болады. Бұрынғыдай тексерістен өту үшін апталап кезектің соңында жүрмейді, белгіленген уақытында дәрігерге көрініп кете алады. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша облыс бойынша біздің аудан артта қалып отыр. Шу аудандық орталық ауруханасына “Халықты тіркеу регистрі” бойынша 56201 азамат тіркелген, оның ішінде мәртебесі сақтандырылмаған азаматтар саны 13720, яғни 24,4%. Сақтандырылмағандардың сапындағылардың 15-сі қайтыс болған азаматтар болса, ал 152 азамат басқа мемлекетке көшіп кеткендер. Қайтыс болған және қоныс аударған азаматтардың тізімі Халыққа қызмет көрсету орталығы, миграция, РЦЭЗ және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына жіберілді. Мәртебесі сақтандырылмаған азаматтардың ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстармен қамтылғаны 13720 азамат, оның ішінде бірыңғай жиынтық төлем төлегені – 286. Жаңа тәсілмен төлегендер 18 адам. МӘМС төлемеген азаматтар ақылы медицинаға жүгініп, қалтасынан қағылып жатады. Бір жыл төлейтін жарнасын бір ғана МРТ-дан өтуге жұмсайды, қарапайым қан талдауының өзіне ақы төлейді. Сондықтан да аудан тұрғындарына МӘМС жүйесіне жарна төлеу әлдеқайда тиімдірек. Соны аудан тұрғындары “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп жүрмес үшін уақытында түсінсе екен дейміз.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.