ҮШЕМНІҢ АНАСЫНА ТАРТУ ЖАСАЛДЫ
«Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» дегенді дана халқымыз дөп айтқан. Ұлың он шақты, қызың моншақты болсын деп те жатады. Жиырма миллионға жете алмай жүргенде егіз тапқан аналарды ардақтап, үшем тапқандарды үлде мен бүлдеге орауымыз керек.
Осыдан бірер ай бұрын Шу қаласының тұрғындары Нусуповтар отбасында үшем дүниеге келген болатын. Отанасы Айгүл Кеңесқызы облыс орталығындағы перзентханада Дания, Сафия және Мұса атты бөбектерін бауырына басқан. Қазіргі таңда сәбилер ата-анасын көпбалалы деген құрметке бөлеп отыр. Қырық төрт жасында құрсақ көтерген көпбалалы ана темір жол саласында тер төгетін отағасы Сағадат Нусупов екеуі бұған дейін Нұргүл және Мадина атты қыздарды тәрбиелесе, енді бес бірдей баланың бақытты ата-анасына айналды.
Осы қуаныштан хабардар болған белгілі кәсіпкер Серік Асатов өзі басқаратын «Да-Ди» сауда үйінің 100 мың теңгелік сертификатын табыстауды жөн көрген. Аталған тартуды тапсыру үшін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Эльмира Асқарова шаттық кернеген шаңыраққа бас сұқты. Қуанышпен құттықтай барған ол аудан басшылығының ықыласын жеткізіп, демеуші сыйлаған сертификатты табыстады. Сондай-ақ өзінің жүрек жарды тілегін білдіріп, бүлдіршіндер мен анасына зор денсаулық тіледі.
Игі істен шет қалмайтын Серік Уәшұлының мәрттігі талай мәрте дәлелденген. Кәсіпкер бұған дейін де ерекше қуаныштарға ортақтасып, өз тарапынан тарту жасауды әдетке айналдырған. Оның тапсырған сертификатының бір ерекшелігі аталған жанұя «Да-Ди» сауда үйінен шекті сомадан асырмай, қалағанша сауда жасай алады. Егер оның аздаған бөлігіне сауда жасап, басқа қажеттеліктері болса қалған соманы қолма-қол қаржы түріне айналдыра алады.
Бүгінде мемлекет көпбалалы отбасыларға тиісті жәрдем жасап, төлемдер тағайындап келеді. Биылдан бастап жәрдемақылар мен зейнетақылар ұлғайғанын атап өту қажет. Ол да өз кезегінде азаматтарға айтарлықтай көмек болмақ. Бабаларымыз балалы үйді базарға теңесе, батыр Бауыржан атамыз дүниеде баланың үнінен артық саз ойлап табу мүмкін еместігін айтқан еді.