Ақпараттық портал

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Өткен жылдың соңында Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жылды қорытындылап, жемісті жұмыс атқарған мамандарды марапаттаған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың құттықтау сөзімен ашылған жиында ақжарма тілектер айтылып, қол жеткен жетістіктер атап өтілді.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай бірқатар мамандарды «Мәдениет саласының үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Мәдениет және спорт министрі және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттаған.
Еңбектері еленгендердің қатарында жерлестеріміз де жоқ емес. Мәселен, Шу аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, жезтаңдай әнші Бақытжамал Қосыбаеваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аппарат басшысы Ж.Ахметовтың бұйрығымен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Бұл Бақытжамал Мұратбекқызына ерекше шабыт сыйлап, шығармашылығын шыңдауға серпін сыйлайтыны сөзсіз.
Сондай-ақ талай жарыстарда топ жарып, ауданымыздың қала берді тұтас облыстың намысын абыроймен қорғап жүрген дәстүрлі әнші, Шу қалалық мәдениет үйінің өнерпазы Ербосын Қасымбек осы жиында басқарма басшысының Алғыс хатына ие болды.
Өнер тұнған өңірдің атын шығарып жүрген жерлестеріміздің марапаттары құтты болсын!
Байжан ЖЕЛДЕН.

Leave A Reply

Your email address will not be published.