«ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ КҮШІН ЖОЮ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ ШЫҚТЫ
Қазақстанның конституциялық соты “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Заңның күші жою туралы қаулы шығарды.
“2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесіне ғұмыр бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауын Конституциядан алып тастады”, – делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Бұдан бөлек, 2022 жылдың конституциялық реформасымен заңшығарушылық процесінің тәртібі өзгертілді және 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап парламент конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында кемінде екі оқылым өткізе отырып, қабылдайтын болды.
“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Қазақстан Республикасының дербестендірілген Конституциялық заңының қолданылуының конституциялық-құқықтық негіздерін және Конституциядағы Тұңғыш Президентке қатысты басқа да атап өтулерді алып тастаған республикалық референдум өткеннен кейін, осы Конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған редакциясымен келісілмейді”,- деп қосты соттан.
Нәтижесінде Конституциялық сот “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” заңның күші жойылды деп тану туралы қаулы шығарды.
“2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының қалауын негізге ала отырып, қазіргі уақытта Конституцияда “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңында сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады”, – делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Сондай-ақ хабарламада құжат қабылданған күннен бастап күшіне енетіні, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылатыны және шағымдануға жатпайтыны айтылған.
KAZ.NUR.KZ