Ақпараттық портал

ҚАРИЯСЫН СЫЙЛАҒАН ЖАСТА ҚАСИЕТ БАР

Ағымдағы аптада ауданымызда қар қалың жауғаны белгілі. Абай атамыз айтқан «Кәрі құданың әлегінің бірі» сол қарды күреу. Ерінбеген еркек кіндіктілер ертемен тұрып қарын күреп, ауласын тазалаған болатын. Алайда, күрек көтеруге дәрмені жоқ жалғызілікті қарт жерлестерімізге бұл шаруа оңайға соқпайтыны белгілі. Дегенмен, біздің батаға құштар жастарымыз қарияларға көмекке барып, аулаларын ақ ұлпадан тазартты.
Нақтырақ айтқанда, Шу аудандық Жастар ресурстық орталығының жігіттері қолдарына күрек алып, ата-әжелеріне көмек көрсетуге асыққан. Жастардың жәрдеміне разы болған қарттың бірі – төлебилік Сәндікүл Сандыбаева. Жасы сексенді алқымдаған кейуана ауласын айнадай етіп, табан жолын тазартып берген жастарға батасын беріп, бақытты болуларын тіледі. Сол секілді ақтөбелік жастар да ауызбіршілік танытып Қарлығаш Қармысова секілді көпбалалы ананың ауласын қар құрсауынан босатқан. Жастардың жәрдеміне көктөбелік К.Атымтаева, көкқайнарлық А.Токобаева да аналық алғысын білдірді.
«Өздеріңіз жақсы білетіндей, апта басында жауған қар қалың болды. Осы орайда біз ата-әжелерімізді еске алып, олардың ішінде жалғыз тұратын қарияларға барып көмектесуді ұйғардық. Осылайша, орталықта жұмыс жасайтын жігіттердің басын қосып, үш қарияның үйінің айналасынан қарды шығарып тастадық. Қарттарды қадірлеу жастардың парызы. Себебі қариясын қадірлеген елдің ертеңі жарқын. Жастар үшін үлкендердің батасын алудан артық бақыт жоқ,-дейді аталған мекеменің маманы Мақсат Шәймерден.
Сонымен қатар мұндай игі істің басы-қасынан Шу қалалық жастар ресурстық орталығы да табылды. Олар да қаладағы жалғыз ілікті қариялардың үйлеріне барып, қол жәрдем жасады. Атап айтқанда, еріктілер 76 жастағы қала тұрғыны Флюра Владимировна мен 67 жасар зейнеткер Влада Владимировнаға да қол ұшын беріп, батасын алды.
Жастардың қартын сыйлауын, елінің салтын сыйлағаны деп ұқтық. Әкеден ақыл, анадан нақыл көрген жастардың бұл ісіне «Бәрекелді» дейміз. Қариялардың жастарға берген баталары қабыл болып, қайырымды азаматтардың қатары арта бергей!

Leave A Reply

Your email address will not be published.