Бірлік – береке бастауы
Осы аптаның басында аудан жұртшылығы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін лайықты түрде атап өтті. Ауқымды мерекелік шаралар Шу қаласы мен аудан орталығында, сондай-ақ ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Әдеттегідей тұрғындарға сазды бағдарлама ұсынылса, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы спорттық сайыстар өткізді. Одан бөлек, көпшілік серуен құрып, қолөнершілер мен суретшілердің туындыларын тамашалады.
Шулықтарды мерейлі мерекемен құттықтау үшін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Төле би ауылы мен Шу қаласындағы шараларға қатысқан болатын. Алдымен аудан орталығындағы алаңда болған аудан басшысы этномәдени бірлестіктер мен білім беру ұйымдарының көрмесімен танысты. Аталған көрмеде түрлі ұлттардың тағамдары, киімдері мен бұйымдары таныстырылып, мектептердегі шеберлердің қолынан шыққан дүниелері паш етілді.
Мұнан соң мәдениет үйінің қызметкерлері әннен шашу шашса, мың бұралған бишілер көрерменнің қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын құттықтау үшін Бақытжан Оразалыұлына сөз берілді.
-Халқымызда «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер?» деген даналыққа толы сөз бар. Бұл нақылдың байыбына барсақ, байлықтың байлық еместігін, бірліктің байлық екенін терең ұғынамыз. Сол себепті татулық тұрақтылықтың кепілі екенін ұмытпауымыз керек.
Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен ел астанасында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясы өткенін жақсы білесіздер. Аталған алқалы жиында ауқымды мәселелер сөз болып, алдағы жұмыстың жоспары түзілген болатын. Туындаған міндеттерді жүзеге асыру сіз бен бізге артылған жұмыс. Ол үшін этносаралық келісімді нығайта түсіп, өзара достықты бекіте беруіміз керек.
Аудан тұрғындарын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға бақ-береке, бақуатты өмір тілеймін,-деді аудан әкімі өзінің құттықтауында.
Төле би ауылындағы мерекелік шараның шырайын М.Жүнісәлиев атындағы саябақтағы спорттық жарыстар, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен көпшілік серуені ашты. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін шын қуанып, көтеріңкі көңіл-күйде жүрді.
* * *
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өту Шу шаһарында түске таман басталып, «Теміржолшылар» саябағында өткен мерекелік шараға қала жұртшылығы көптеп жиналды. Мерекеге сай безендірілген сахнада қалалық мәдениет үйі басшылығының ұйымдастыруымен мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары қатысқан сазды бағдарлама назарға ұсынылды. Ол сахнада бейнеленген бір шаңырақ астына біріккен түрлі ұлт өкілдерінің жалпы биімен басталып, халықты бірлікке, ынтымақтастыққа үндейтін ұрандар айтылды. Әрі қарай әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билерімен жалғасты.
Мәдениет үйі мен қала мектептерінен жиылған өнерпаздардың бірі көпшілік қауымды әуезді әнмен тербесе, енді бірі әсем билері арқылы мерекені әрлендіре түсті.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те осы ортада болып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар, аға буын өкілдерімен жүздесіп, қала тағдырына қатысты тілектерін тыңдады.
Ал, саябақтың бір бөлігінде Төле би атындағы орта мектеп пен Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларының қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, аудандық Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы басшылығының ұйымдастыруымен асық ату, ләңгі тебу, шахмат, дойбы, қол күресі, тоғызқұмалақ сынды ойындардан жарыстар өткізіліп, оған жас ерекшеліктеріне қарамастан, қызығушылық танытқан тұрғындар көптеп қатысты. Ойын нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, олар аталмыш орталық атынан арнайы дипломдармен мараппатталды.
Бұл күні қаланың жеке кәсіпкерлері де жұртшылық өкілдеріне сауда-саттық, балаларға арналған ойын алаңдарын ұсынды. Саябақ ішінде түрлі ойындарға қатысып, сазды бағдарлама тамашалаған қалалықтар, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
Жүз мыңнан асып жығылатын тұрғыны бар өңірімізде алуан этнос өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Олар кәсіпкерлікте, шаруашылықта, тағы да басқа салаларда тер төгіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Күні кеше өткен мерекеде олардың жүздерінен шуақ төгіліп, асқан ауызбіршілікпен мейрамды атап өткенін аңғардық.
Қазақтың бас ақыны Абай атамыз баршамызды адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге үндеген екен өз заманында. Бауырмашылыққа үндеп, берекеге жол сілтеген Бірлік күні баршамызға құтты болсын демекпіз.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Динара БАТЫРХАИРОВА.