Достықты дәріптеген фестиваль
Жуырда Д.Қонаев ауылында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Қазақстан – достық мекені» атты фестиваль өткен болатын. Аталған шара осы ауылдағы Д.Қонаев атындағы орта мектепте өткізілді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Э.Асқарова, ардагер ұстаздар, ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері А.Иманова мен Д.Бейсенбаева, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Б.Тагиров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Қайранов тағылымды шараны құрметті қонақ ретінде тамашалады.
Шараның шымылдығын Эльмира Ақылбекқызы өзінің құттықтау лебізімен ашып, ұйымдастырушыларға, қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, мерекенің түпкілікті мәніне тоқталып, этносаралық келісімді нығайтуға қоғамның әр мүшесі ынталы болу керектігіне тоқталды.
Мұнан соң мектеп оқушылары қазақ, ұйғыр, әзірбайжан, украин, шешен, түрік, кәріс, өзбек, неміс, орыс, дүнген ұлттары болып, олардың салт-санасын, әдет-ғұрпын, өнері мен ұлттық тағамдарын меймандарға таныстырды. Фестивальға ұстаздарымен бірге тыңғылықты дайындалған шәкірттер өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде алып шықты.
Себебі, мектеп ауласына көтерілген шаңырақ Отанның ортақ үй екенінен хабар берсе, одан тараған түрлі-түсті ленталар оның еліміздегі түрлі этнос өкілдері екенін білдірді. Одан бөлек, достық пен ізгілікті дәріптеген ән мен әуендер, кестелі киімдер, ұлттық тағамдар мерекелік шараны айшықтай түскені ақиқат.
Осының барлығын тапжылмай тамашалаған қонақтар керемет әсер алғанын айтып, Махаббат Төлегенқызы бастаған білім ошағының ұжымына алғыстарын жеткізді.
Бес мыңнан аса тұрғыны бар Д.Қонаев аудан орталығынан кейінгі үлкен ауыл. Бұл ауылды кіші Ассамблея деп атауға әбден болады. Себебі, жоғарыда айтқан этнос өкілдері осы ауылда өсіп-өніп, оны көркейтуге күш салып келеді. Солардың тыныс-тіршілігін таныстыруды, этносаралық келісімді келісті етуді мақсат еткен фестиваль өз миссиясын толық орындады.
Мерекеге орай ауданымызда бірқатар шара ұйымдастырылды. Солардың бірі – аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаевтың өңірде өз қызметін жүзеге асырып жүрген этномәдени бірлестік өкілдерімен жүздесуі еді.
Кездесу барысында атаулы күнге байланысты құттықтау айтылып, аталмыш бірлестіктердің көкейкесті мәселелері тыңдалды. Атап айтқанда, жұмысты жандандыру мақсатында арнайы ғимарат, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың бөлінуі, сондай-ақ мерекелік шарадағы амалды пысықтады. Мәселелер мұқият тыңдалып, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Э.Асқарова тарапынан толыққанды жауаптар берілді.
Байжан ЕМБЕРДІ,
Адель Искаков.