Ақпараттық портал

Ұлттық құндылықты жоғалтпауға шақырды

Бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев, облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім меңгерушісі Г.Келдібаева, «Қазақстан дәуірі» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі, облыстық «Арай» жастар газеті директорының орынбасары Сейілхан Жасұлан арнайы келіп, ауданның аға буын өкілдері, ауданның әкелер, аналар, ата-аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мектеп басшылары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері, мектеп психологтары, БАҚ өкілдері және белсенді жастар қатысты.
Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев кездесудің модераторы болып, көпшілікті шараның мақсатымен, келген қонақтармен таныстырды.
Ал, оқырман қауымның Сәуле Мешітбайқызы жайлы толығырақ білуі үшін мына жәйтті де назарға ұсынып отырмыз: Халықаралық «Қазақстан дәуірі» газеті ақпарат айдынында 30 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бауырлас Түркия елінің бастамасымен отанның бас саласына енген басылым алғашында «Заман Қазақстан» атымен жарық көрді. Былтыр газет өзінің отыз жылдық мерейтойын абыроймен атап өтті. Газеттің мерейлі белеске жеткен қуанышымен газет ұжымын Мемлекет басшысының кеңесшісі Ерлан Қарин арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бүгінгі күнде газеттің еліміздің барлық облысында және Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде де арнайы тілшілері бар. Он мың дана таралыммен жарық көретін басылым отыз жыл ішінде қазақ халқының көзайымына, халықтың тыныс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын тынбай жазып, қалың оқырманның сырласына айналды. Газеттің негізгі оқырманы ауылда. Өйткені, басылым соңғы он бес жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» экспедициясын қолға алып, жылына екі рет еліміздің барлық облысын аралап шығады. Газет ұжымы әлі де шығармашылық айдынында замана желіне қарсы ақиқат желкенін керіп, алға қарай жүзіп келеді. Басты ұран – «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз». Сондай-ақ, газет шекпенінен шыққан балалар журналы – «Мөлдір бұлақ» та былтыр жігіттің жасы – жиырмаға толды. Мектеп оқушыларының сүйікті басылымына айналған журналдың да ұрпақ тәрбиесіне қосып келе жатқан үлесі аз емес. Бүгінде «Қазақстан дәуірі» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Ел ана» ақпараттық агенттігіне ұлт және тіл жанашыры Сәуле Мешітбайқызы басшылық етіп келеді.
Жүздесудің шымылдығын ашқан Сәуле Мешітбайқызы әуелі өзінің өмір жолы туралы баяндап, қасиетті Шу өңірінде он жылдық мектепті бітіргенін, осы өңірде балалық шағын өткізгенін, осы елге келін болып түсіп, ана болып, осы ортадан есейіп, ұрпақ өрбіткенін айтып, сол себептен бұл өңірдің жұрты бөтен емес, өз жұрты екенін, қандай қырда жүрсе де туған топырағына еш уақытта кір келтірмегенін жеткізді.
-Аллаға тәуба, қазір мен алмаған атақ жоқ. Бірақ, мен үшін ең үлкен атақ Батыс, Солтүстік өңірлеріндегі халқым берген «Ел ана» атағы. Аман-есендіктеріңізді көріп тұрмын. Бүгін мені қарсы алғандарыңыз, аналардың шашу шашқаны, өнерпаздардың өз өнерлерін көрсетуі, барлығына разымын. Арқалап келген жүгімнің дәні сіздердің жүректеріңізге жетіп жатса, бұл менің мақсатымның орындалғаны. Бұл жолы да мен газеттің мұңын мұңдап келгенім жоқ, ұлттық құндылығымды жоқтап, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін ел болып, бірге тапсақ деген үмітпен келдім. Өйткені, мен сексеннің сеңгіріне келіп қалған елдің анасымын, мақтана алатын ұрпағым бар. Алайда, мені елімнің ертеңі алаңдатады,-деді Сәуле Мешітбайқызы сөз басында.
Оның айтуынша, Жаратқан Иеміз халықаралық деңгейдегі үлкен ақпарат айдынын 63 жасында қолына ұстатқан. Өзгелер секілді бұл кісі де ұстаз болып, бала оқытады. Сол себептен 63 жасында журналистика мамандығын әрі қарай алып кетуін ұстаздықтың үлесі деп біледі және бұған дейін түрік ағайындар басшылық жасап келген халықаралық деңгейдегі «Қазақстан дәуірі» газетінің тізгінін 70 жасында алғашқы қазақ болып қолға алған екен.
-Егер, газетті оқып жүрсеңіздер халқымның әр тірлігі, ұстаздардың қиналысы, ұрпағым қайда кетіп барады деген секілді көптеген ойлар мені толғандырады. Оның барлығын мен газет бетіне түсіремін. Бес уақыт намазымда балаларыммен қоса елімнің бірлігі мен тірлігін түзу қылып, ертеңінің жарқын болуын Алладан тілеймін,-деген ел анасы қоғамда көрініс беріп жүрген келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, жуырда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белгілі болған көркімен, инабатымен әлемге әйгіленген қазақ қыздарының мектеп қабырғасында бір-бірін аяусыз ұрып-соққаны, өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеріп жатқаны, мектеп қабырғасында жүріп жүктілікке бой алдырғаны, бұрынғы дәстүрде болмаған және өліммен тең болып саналған ажырасу жәйттерінің көбеюі, жалпы, ұлт болашағын тәрбиелейтін қазақ қыздарының қайда бара жатқаны, ер азаматтардың төменшіктегені, намыссыздығы, араққа бейімделіп, отбасын ұстай алмай, әдепсіз әрекетке бой алдырғаны сынды күнделікті қоғамда көрініс беріп отырған жәйттер Сәуле Мешітбайқызының жіті назарында. Ол өз сөзінде қолына қалам ұстаған журналист болғандықтан, ел аралап жүріп, көптеген келеңсіз жәйттерге кезігетінін де жеткізді. Сондай-ақ, бұрын-соңды болмаған қазақ қыздарының тікелей эфирге шығып, жар іздеуін санамызға жат қылық деп таныды. Бұл ұлт намысына, сүйекке таңба деп санайды. Өйткені, қандай ақша берсе де, сол бағдарлама арқылы өз қызының осындай халде жүргенін көрген қыздың ата-анасы, ауылы қандай күйде деген ой мазалайды. «Ұят болады, сауап болады, обал болады» деген сөздердің бұл күндері ешбір рөлі ойнамайтындығын да, ұлттық құндылығымыздың жоғалып бара жатқандығын, ең сорақысы мектеп қабырғасындағы қыздардың үйде отырып жүкті болып, «Өзім үшін туып аламын» деген ұстанымы пайда болғанын, бұл тексіз ұрпақтың дүниеге келуіне себепкер болып отырғандығын қынжыла жеткізді.
-Мұндай ұрпақ билік басына келер болса, одан қандай тілді, қандай дінді сұраймыз. Осының барлығына себепкер кім? Адам өзгердіме, заман өзгердіме? Заман өзгерген жоқ, адам өзгерді. 70 жыл Кеңес өкіметінің қарамағында болсақ та, тілден, діннен ажыраған жоқпыз. Тәуелсіздік алдық, енді міне жуырдан билік өкілдері жаңа, әділетті Қазақстан орнату жолына күш салуда. Бүгінде халықаралық жағдай өте қиын жағдайда. Алмағайып заманда тұрмыз. Бұған дейін жер бетінен талай мемлекет пен ұлт жойылды. Ата-бабамыз қалдырған ұлан-байтақ жеріміздегі өз ұрпағымызға қандай құндылық қалдырамыз? Бұл туралы бірге ойланайық,-деген Сәуле Мешітбайқызы көпшілікті ең әуелі осының барлығына себепкер болып отырған еліктеушіліктен арылуға, қыз бала тәрбиесіне баса көңіл бөлуге шақырды.
Сондай-ақ, дипломды сатып алатын кейбір ұстаздардың сауатсыздығы, аға буын өкілдерінің дастархан басында өсиет емес, өсек айтатыны, ал оның ата-ананың айнасы болып саналатын балаға әсері, бүгінде қоғам өкілдерін қатігездік пен өнегесіз әрекетке толы әлеуметтік желі, ұялы телефон тәрбиелеп жатқандығы, адамдардың уақытты үнемді пайдалана алмайтындығы, баланың ақшасымен күнелтіп отырған ер азаматтың қандай қасиеті бары жайлы да әсерлі әңгіме өрбітті.
Қанға сіңген жалқаулықтан, жемқорлықтан арылып, бала тәрбиесін басты назарда ұстап, сөз қасиетін білгенде оң өзгерістер орын алатынын, ұлттық құндылықты бізге біреу келіп жасап бермейтінін, Отан отбасынан басталатынын, әлеуметтік желіні қолданатын әр азамат мұнда да ел болуға, бірлікке үндейтін сөздерді жиі жазу керектігін айтты.
Сөз соңында мұның барлығы өзінің ақылдылығынан айтылып отырған дүние емес, жан айқайы екендігін тілге тиек етіп, келеңсіз жәйттерді бірлесіп оң арнаға бұрудың жолдарын көпшіліктен сұрап, халық пікіріне құлақ асты.
Жиын барысында модератор Р.Нұрақбаев та «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» тақырыбында әңгіме өрбітті. Одан бөлек, Гүлзат Келдібаева «Отбасы құндылықтары: өзектілігі мен шешілу жолдары» турасында баяндама жасады. Сондай-ақ, аталмыш келелі кеңесте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, аналар кеңесінің төрайымы Айжан Иманова, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебі директорының орынбасары Баян Жексенбаева мен ардагер ұстаз Шәмшәт Смағұловалар тақырып бойынша ойларын ортаға салды.
Жиын соңында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Ғани Қойбағаров үндеу жарияласа, ауданымызға белгілі батагөй қария Жайлаубек Қалиев елге ақ батасын арнады.
Жалпы, ел тағдыры сөз болған басқосуда білім, жастар тәрбиесі, қоғамдағы кертартпа әдеттер секілді көптеген мәселелер талқыланып, көкейтесті сұрақтарға жауаптар ізделді.
Бүгінгідей мезетте мұндай мәжілістерді өткізудің мәні зор. Себебі болашаққа алаңдайтын адамдар аз емес. Ал, бірқатар дүниелер ағайынның бірігуімен жүзеге асатыны ақиқат. Жиыннан ерекше әсер алған жерлестеріміз меймандарға алғысын білдіріп, сапарларына сәттілік тіледі.

 

Динара БАТЫРХАИРОВА,
«Шу өңірі»

Leave A Reply

Your email address will not be published.