Тракторшылар 8 айда 5 миллион теңге табады
Мемлекет басшысы ауылды дамыту, шаруа қожалықтарды қолдау туралы үнемі айтып, аграрлық салаға ерекше назар аударып келеді. Мемлекет тарапынан ауылға көрсетілген қолдаудың арқасында аяғынан тік тұрып, шаруасын жолға қойып алған ірі шаруа қожалықтар бар. Солардың бірі – Ақсу ауылындағы «Асхат» шаруа қожалығы.
«Асхат» шаруа қожалығының төрағасы – Асхат Айтқожаев. Шаруа қожалық ашу идеясы оның басына осыдан он жылдай бұрын келген. Сол кезде жоғары білімімен ауылда еңбек етуге бел буған 24 жастағы жігіт көп кедергілерге ұшырай беріпті. Малы болғанымен, жемі де, шөбі де сатулы. Біреудің қолынан удай бағаға мал азығын сатып ала берген соң Асхатқа «Неге өзім шаруа қожалық ашпаймын? Ашып жатқандардан кеммін бе?» деген ой келеді. Осы ойын асқар тау әкесіне айтқанда, соңғы жылдары дүкен ашып, кәсіпкерлікке бет бұрып жүрген әкесі Бауырхан: «Балам, талабың дұрыс. Заман қазір нарықтық бағытқа бұрылды. Қожалық ашып, ісімді дамытамын дегеніңді қолдаймын» деп батасын берген. Әкенің баласына сенім білдіруінің өзі – мықтылық. Бұл шаруа қожалық осылай ашылады. 2018 жылы Асекең мөрін алып, «Асхат» шаруа қожалығы құрылады. Сол уақыттан бері 5 жылдан асып барады. Шаруашылықтың ісі алға жылжып келеді.
Бұл күнде аталған шаруа қожалық 1 мың гектарға бидай, 1 мың гектар алқапқа арпа егіп отыр. 50 гектар пияз, 50 гектар жүгері, 30 гектар картоп та – молшылық кепілі. Аталған диқаншылық салада оншақты адам еңбек етеді. Осынша көлемдегі егістікті суару, шөбін шабу, күтіп баптау да оңай емес. Жер – ана да еңбек еткенге, терін төккенге береді. Оны отыздан енді асқан жас төраға Асекең жақсы түсінеді. Сондықтан, диқандардан, механизатор, сушылардан жалақыны аямайды. Шаруа қожалықта 5 трактор, 4 комбайн бар. Ауыл шаруашылық техникалары мен тіркемелері жеткілікті. Техниканың көпшілігі жаңа. Соңғы жылдары лизингке жаңа трактор алып, Асхат шаруашылық ісіне қарқын беріп отыр. Механизаторларды қолдауы да көңілге қонады. Мәселен, мұндағы тракторшылар жылына 8-9 ай ғана еңбек етеді. Сол 8 айдың ішінде озат тракторшылар орта есеппен 5 миллион теңге табыс табады. Тіпті, кейде еңбегіне қарай одан да артық пайда табуына мүмкіндік бар. Озат механизаторлар Ернар Арғынбай, Берік Смағұлов, Талғат Сұлтанбековтер – істің адамы. Нұртілеу Бауырхан трактор да айдайды, ұйымдастыру жағында да жүр. Озат еңбеккерлердің қатарында Болатбек Момышов, Азамат Батырбеков те бар. Жұмысшы, сушылардың да жалақысы жаман емес.
Мұнан бөлек, аталған шаруа қожалықта мал шаруашылығы да жақсы дамып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 700 бас қой, 150 мүйізді ірі қара, 30 жылқы бағылып, күтімге алынған. Екі малшы отбасымен осы малдарға қарайды. Олардың да жалақылары жақсы және тұрақты. Одан бөлек, әр 100 қозының 10 қозысы малшылардың еңбегіне сыйақы ретінде беріледі. Мұндай жағдай жасалып тұрған жерде береке де болады. Әділдік те болады. Мұны төраға Асхаттың түсінгені қандай жақсы. Малшыларға, жұмысшыларға дұрыс қарамаудан, еңбегіне қиянат жасаудан қанша қожалықтардың жұмысы ақсап жатыр десеңізші!
Бірер жыл бұрын Асхаттың әкесі Бауырхан ақсақал бақилық болған екен. Мектепте шаруашылық жағын басқарған, кейіннен дүкен ашқан ауылға ардақты кісі болған. Ал анасы Қатира Жантаева қырық жыл мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған білікті ұстаз. Бір сөзбен айтқанда, Асхаттың мұндай іскерлігіне ата-анасынан алған тәрбие –өнегесі де оң әсер етіп отыр. Асыл жары Ақтоты екеуі бес ұл-қызды бағып-қағуда. Жолдасының жұмысы қарбалас екенін түсінетін Ақтоты бала тәрбиесімен айналысып, отбасының шырайын кіргізіп отыр.
Асхаттың ауылға жасап жатқан қайырымдылық істері де мол. Ауылға арка салып беріп жатыр. Осы кезге дейін заманауи алтыбақан орнатып берді. Басқа да қайырымыдылығы аз емес. Туған жерін гүлдендіріп, көңілін бөліп отырған азамат. Жалпы, 25 азаматты тұрақты жұмыспен, науқан кезінде тағы 50 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауыл тұрғындарына деген үлкен көмек.
Бұл шаруа қожалықты аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те назарында ұстап отыр. Ал Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай: «Ауылдық округ жұмысын алға жүргізуде шаруасы ілгері басқан ірі шаруа қожалықтарға арқа сүйейміз. Сондай ірі қожалықтың басшысы – Асхат Бауырханұлы. Оның жұмысына, істерлігіне көңіліміз толады» деді. «Енді мал шаруашылығын дамытып, асылдандыру, малды бордақылау ісін қолға алсам деген ниетім бар. Тұрақты малшы табу қиын болып барады. Біздің қожалықта еңбек етем деген кісіге жұмыс бар» дейді А.Айтқожаев.
Жас жігіт Асхаттың алда шығатын асулары биік екеніне біз де сендік.
Есет ДОСАЛЫ.