Ақпараттық портал

Конго қырым қызбасының алдын алу

Көктем-жаз айларында күн жылынған кезден бастап аса қатерлі індет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыру қаупі өте жоғары, әсіресе осы індеттің табиғи ошақтары орналасқан Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында да болу қаупі бар екенін айтып өткен жөн. Қазақстан Республикасы халқының жекелеген инфекциялық және паразиттік аурулар туралы салыстырмалы есебі бойынша Жамбыл облысында 2022 және 2023 жылдары бұл аурумен ауырған адамдар тіркелмеген.
Конго-Қырым қанды безгегі – жедел, қызбамен, жалпы уланумен, өлім-жітімнің болуымен сипатталатын вирусты инфекция. Індет қоздырғыштары ауру адам немесе ауру тасымалдаушы, мал қанын сорған кене арқылы (яғни, трансмиссивті жолмен) және тұрмыста қарым-қатынас жағдайында жанасу (контакт) арқылы немесе ауру малды сойып, оны мүшелегенде, малды кенеден тазалағанда, мал қырқымы кезінде техника қауіпсіздігін сақтамау салдарынан жұқтырылуы мүмкін. Сондай-ақ, адам бұл ауруды сырқаттарды күту және оларға медициналық көмек көрсету немесе аталған вируспен зертханалық жағдайда жұмыс істеу барысында да жұқтырады. Ауру көзі болып ауру адамдар және вирус жұқтырған жануарлар жатады.
Кеселге негізінен ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатын адамдар, көктем, жаз айларында табиғатта, тоғай арасында, көк шөптер арасында демалатын адамдар шалдығады. КҚҚБ ауру адамнан сау адамға жұғады. Негізгі тасымалдаушылары болып кенелер жатады. Адамдар арасындағы індет жағдайлары көбіне көктем-жазғы уақыттарда (сәуір-тамыз) тіркеледі. Көбіне ауыл-шаруашылық салада жұмыс жасайтын адамдар ауырады. Аурудың алғашқы сатысында қысқа уақыт ішінде жоғарғы температура 39-40, қатты бас ауруы, тоңып- қалтырап, ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, жүрегі айнып құсуы мүмкін, жүрек соғысы баяулап, артериялық қан қысымы төмендейді. Қан кету белгілерінің бастапқы кезеңі науқастың денесінде бөртпенің пайда болуымен, түрлі егулер жасаған жерде қатты ісік, көгеру пайда болуымен, мұрнынан қан кетумен сипатталады.
Аурудың өршу кезеңі 4-7 күнге созылады және бұл кезең ағзаның жалпы улануымен, ішкі ағзалардан қан кетуімен (асқазан, әйелдерде жатырдан қан кетуі) сипатталады. Халық арасында КҚҚБ жұқтыру қауіпін болдырмау және төмендету үшін негізгі күшті ауруды тасымалдаушы кенелерді жоюға бағыттау керек. Ауру үй жағдайында тіркелген болса, індеттің әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында, үйден қандайда бір заттарды шығаруға болмайды.
Науқас міндетті түрде арнаулы автокөлікпен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, ауру ошағында тиісті мекемелермен қорытынды залалсыздандыру шаралары жүргізілуі тиіс. Науқастың диагнозын анықтауда оның кәсібіне, соңғы уақытта табиғатқа шыққан-шықпағандығына және кене шағу, жабысуы жайлары болды ма деген жағдайларға баса назар аудару қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып алмау үшін сақтық қағидаларын есте ұстаған жөн, яғни кенелердің шағуынан және кене қанының денеге шашырап тиіп, ластануынан сақтану қажет. Кенелерді ешқашан езіп өлтірмеу керек (өртеу керек). Сырқаттарды күту және оларға медициналық көмек көрсету кезінде қорғаныш киім кию (халат, маска, резеңке қолғап, көзілдірік), табиғатқа шыққанда абай болу, кене ошағы бар жерден аулақ жүру қажет, дененiң киiмнен жалаңаш жерлерiн қымтау, малды күтуде сақтық шараларын ұстану. Кененi жалаңаш қолмен жұлуға болмайды, кене шаққанда дереу дәрiгерге көрiнген жөн. Егер денеге жабысқан кене анықталса, оны бірден жұлып алмай, кененің үстіне кез-келген сұйық май немесе керосин тамшысын тамызып, содан кейін ғана жайлап пинцетпен тартып алу қажет. Егер теріде кененің тұмсығы қалып қойса, оны алып тастап орнына йод тұнбасын жаққан жөн. Алынған кенені тастай салмай, отқа жағып жіберу қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен ауырып, қайғылы жағдайға ұшырамау үшін кене шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек екендігін естен шығармаған жөн.
А.Кожанова,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі снитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.