Аудан әкімі озат оқушылармен кездесті
Апта ішінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңіріміздегі «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер оқушылармен кездесті. Аталмыш басқосуға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, білім бөлімінің басшысы Қуат Раимбеков және озат оқушылар қатысты.
Кездесу барысында биылғы түлектер болашақ мамандықтары жайында аудан әкімімен ой бөлісіп, пікір алмасты. Шынын айту керек, аудан басшысының оқушылармен еркін дидарласуы келешек мамандардың арманына қанат байлатып, туған жерді түлетіп, тарихы мен қадір-қасиетін қастерлеуге зор міндетті арқалатқандай болды. Кездесуде Бақытжан Оразалыұлы туған жердің тарихын тану, рухани танымын арттыру, мамандық таңдаудағы жауапкершілік, аудандағы жомарт түлектердің туған жеріне жасаған қамқорлығы турасында әңгіме өрбітіп, түлектерге ақыл-кеңесін айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі білім нәрімен сусындатқан мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың сіңірген еңбегі зор екенін атап өтіп, түлектердің алдағы сыннан сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдірді.
– Сіздер осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған кішкентай ғана бүлдіршін едіңіздер. Бүгінде ұлағатты ұстаздардың білім беруімен, ата-аналардың қолдауымен үлкен азамат болып, болашаққа қадам басқалы тұрсыздар. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, «Алтын белгі» төсбелгісін ақтап шығуларыңызға тілекшімін. Қалаған мамандықтың иесі болыңыздар. Сіздерге тек ақ жол тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, басқосу барысында озат оқушылар аудан әкіміне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, түрлі тақырыпта ой бөлісті. Ал, білім бөлімінің басшысы Қуат Раимбеков биылғы оқу жылында 1097 оқушы мектеп бітіргелі отырғанын жеткізді. Оның ішінде 660 оқушы мамыр-шілде айларында ҰБТ тапсыруға өтініш берсе, 100 оқушы шығармашылық пәндер бойынша тапсырмақ. Сондай-ақ, аудан бойынша 32 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 62 оқушы жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Айта кету керек, ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітіруші оқушылардың 51,6 пайызы қатысып, орташа балдары 78,3-ті құраса, наурыз айында өткен ҰБТ-ге 565 оқушы қатысып, орташа балдары 71,7-ні құраған. Осыған байланысты, білім бөлімі тарапынан барлық мектеп директорларына ҰБТ-ге даярлықты күшейту, әр пән бойынша тапсырмаларға тақырыптық талдау жасау, білім сапасындағы олқылықтарды жою, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма жүктелген.