Ақпараттық портал

Өсер ел алдымен тілін қадірлейді

Еліміз өз тәуелсіздігін алып, тарих сахнасында дербес мемлекет болып танылғалы ел өміріндегі өзекті мәселелер қатарынан тіл мәселесі де бой тасалаған емес. Әрине, жаңадан егемендігін алып, өз алдына бөлек отау тіккен шақта басшылық өкілдерінің тіл мәселесін басты назарға алуы заңдылық еді. Өйткені, тіл ұлттан бөліп қарауға болмайтын, елдігіміздің басты белгісі, басты құндылығымыз. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тіл мәселесіне терең мән беру аса маңызды бағыт болды. Алайда, бүгінде Тәуелсіз мемлекет ретінде күн кешіп жатқанымызға 32 жылдан асса да, бұл мәселенің әлі де күн тәртібінен түспей келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Неге? Басты себеп – мемлекеттік тілге шекеден қарайтын шенеуніктер мен қарапайым тұрғындар арасында орыс тіліне әлі де болса басымдық беріліп отырғандығы болса керек. Егер, еліміз егемендігін алған отыз екі жыл ішінде билік өкілдерінен бастап, түрлі ұлт өкілдерінен құралған барша ел тұрғындары мемлекеттік яғни, қазақ тілінде сөйлейтін болса, бұл мәселе әр жыл сайын ел тағдырына қатысты маңызды жиындардың күн тәртібіне қойылып, Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауында, сөйлеген сөздерінде айтылмас еді. Нақты айтқанда, мемлекеттік тілге деген құрмет, қазақ тілін қолданудағы бүгінгі көрініс «Тыңдалмаған сөз жетімнің» кебін киіп тұрғандай. Талап бар, талпыныс жоқ.
Мемлекет басшысы тарапынан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты тың тапсырмалар беріліп, жаңа талаптар қойылғанымен, төменгі сатыдағы басшылық өкілдері оны орындауға құлықсыз. Керек десеңіз, әлі күнге дейін мемлекеттік тілде анық сөйлей алмайтын, ойын еркін жеткізе алмайтын басшылар мен қосшылар қауымы жетерлік. Мұны біз көпшілік басқосқан мемлекеттік қызметке қатысты түрлі жиындарда жиі аңғарамыз. Көкейіндегі ойын өзінің туған тілінде еркін жеткізе алмай, бейшара күйге түскен кейбір ұлты қазақ шенеуніктерді көріп, қынжыламыз. Тіпті, өз қызметтеріне қатысты есептік баяндаманы орыс тілінде жазып келіп, енді бірі қағазға жазылған қазақша баяндаманы ежелеп оқып, қара тер болатын басшылар әлі күнге дейін арамызда әр салаға жетекшілік етуде. Қалалық өңірді былай қойғанда, ана тілін меңгермегендігін арсынбайтын азаматтар аудандық жерлерде де басымдыққа ие. Бұл қазақ тілінің орыс тілінің көлеңкесінде күн кешіп жатқандығын аңғартады. Өзіміздің қаракөздеріміз осындай күйде тұрғанда, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл туралы сөз айтып, кінә тағу әрбір саналы азаматқа артықтық болатыны ащы шындық. Ойымызда мұндай жандардан тіл болашағы жайлы не сұрауға болады?-деген күмәнді сұрақ та туындайды.
Халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен. Өкінішке орай, сол тіл болашағы мәселесі отыз жылдан бері әлі де орнын таппай келеді. Оған жоғарыда айтылған мысалдар дәлел. Егер, еліміздің әр тұрғыны өзі өмір сүріп жатқан Отанға деген сүйіспеншілікпен мемлекеттік тілді қастерлеп, оның аясын кеңейтуге тым болмаса өзінің қазақ тілінде сөйлеуі арқылы үлес қоспаса, елдігіміздің қандай қасиеті қалмақ? Бұл жоғарыда айтқандай, сөзбен қоса, ұлттың өзінің жоғалуына жол ашпай ма?!
Ал, соңғы жылдарда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» – деген сөзі мемлекеттік тіл мәселесінің әлі де өткір күйде қалып отырғандығын айғақтайды. Тіл мәселесінің күн тәртібінен түспеуі қашанға дейін жалғасады? Осы уақытқа дейін қазақ тілі аясының қанат жаюына кеңестік кезең өз ықпалын тигізді деп кеңес үкіметін кәналап келдік. Алайда, тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыт ішінде де әлі де тіл мәселесінің шырмауынан шыға алмай келеміз. Себеп не? Кінәлі кім?
Егемен еліміздің жаңа ұрпағы өсіп келеді. Бүгінде олардың алды аға буынмен аралас-құралас түрлі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде. Сол аға буын мен жас буын арасындағы байланыс қазақ тілі арқылы қанат жайып жатса, бұл да елдікке қосқан бір үлес болар еді. Сондықтан, кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеп, әр азамат қазақ тілін жетік меңгеруге шынайы ниетпен қарасақ, мемлекеттік тілдің мерейі асып, мәртебесі биіктейтін уақыт жетті емес пе?
Қазіргі таңда тарихымыздың жаңа парағы ашылып, жаңа әрі әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында еңбек етіп келеміз. Оның қозғаушы күші ең әуелі билік өкілдері болуы хақ. Осыған орай, мемлекеттік қызмет саласында білімді, білікті, белсенді жас буын өкілдері басшылыққа тағайындалды. Олардың алдында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру міндеті де негізгі талаптардың бірі болып отыр. Сол себептен болса керек, соңғы уақыттарда жергілікті әкімдікке қатысты өткізілетін жиындарда басшылардың қазақ тілінде сөйлеуі, баяндамаларын қазақ тілінде дайындап келуі талап етілуде. Дәл осылай жалғасын тауып жатса, бұл көңіл қуантарлық жәйт. Мұны әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесі мен жастар алдындағы азаматтық парыз емес, азаматтық міндет деп білсек, ұтарымыз көп. Талап бар жерде тәртіп бар. Ал, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даналық сөз тегін айтылмаса керек.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана, ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал, мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ, қаншалықты патриот екенін көрсетеді.
Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды. Бұл мәселеде кез келген жөнсіз әрекеттің салдары ауыр, тіпті қайғылы болуы мүмкін»-деген еді. Бұл орайда, ел Президенті мемлекеттік тілдің аясын кеңейту өте күрделі әрі саналы қадамды қажет ететін, жауапты іс екенін меңзейді. Мұны әр азамат терең түсінуі қажет. Өз басым көп жағдайда қандай ұлт өкілі болса да оған қазақша сөйлеймін. Қай тілде жауап беретіні мен үшін айтарлықтай маңызды болмаса да, өз сауалымды қазақ тілінде жолдаймын . Өйткені, қазақ тілі менің намысым. Өз тілімді құрметтеу менің азаматтық ұстанымым.
Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың» деген сөзінің мен үшін де мән-маңызы ерекше. «Өсер ел алдымен тілін қадірлейді» деген сөз әр отандасымыздың жадында жүрсе, мемлекеттік тіліміздің мерейі өспейме. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.