Тіл мерейі – ел шырайы
Ауылда тұрамыз. Қымбатшылық қос өкпемізді қысып тұрса да ағайын-туыспен, көрші-қолаңмен, дос-жараңмен араласып тұратын жайымыз бар. Бір күні Жанұзақ досым телефон шалып: «Тоқымбай қарияға сәлем беріп қайтайық» деген тілегін жеткізді. Көргені мен түйгені көп бұл кісіге анда-санда төбе көрсетіп тұратындықтан қарсылық білдірмедім. Екеуміз алдын ала хабарласпай-ақ қазыналы қарияның үйіне бет түзедік. Әлі де болса ауылдағылар бір-бірінің үйіне шақыртусыз барып жатады. Бізді көргенде ағамыз бен жеңгеміз қабағын ашып, жылы жүзбен қарсы алды. Әсіресе сексенннің сегізіне толған ағамыз өзі бастап, қонақ күтетін бөлмеге жайғастырды. Өзін сергек сезінетін отағасы: «Келгендерің қандай жақсы болды» деп жас балаша мәз болғандай түр танытты. Ол кісіден жеңгеміз де қалысар емес. Төрдегі ұзын үстелге ақ дастархан жайып, шәйдің қамын жасауға кірісіп кетті. Әне-міне дегенше дастарханнан бауырсақ, таба-нан, құрт, ірімшік, қатық, жент, қаймақ, қарында ұсталған сары май және тағы басқа да ұлттық тағам түрлері орын алды. Осы тұста жеңгей бізге қарап: «Кенже ұлымызды қазақша оқытқанымыз қандай жақсы болған. Жастайынан малсақ болып өсті. Ер жеткен соң мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жүз шақты мүйізді ірі қараны сатып алған болатын. Келіншегі екеуі өз алдына шаруа қожалығын ашып, осы малды күтіп бағуда. Сиырлардың тең жартысынан астамы сауылады» деп көтеріңкі көңіл-күйін жеткізді.
Отағасы қонақтарын құрметтей білудің ел ішінде ұмытылып бара жатқан бір дәстүрін еске түсірді. Ол немересінің атын атап, «Қонақтардың қолына су құймайсың ба?!» деп ескерткен еді. Шамасы жеті-сегізге толған бозбала бір қолына құманын, бір қолына кірленін ұстап, қонақтарға жақындап келді. Бір иығына іліп қойған сүлгісі де бар. Бұл жайтты күтпеген жігіт ағалары: «Мұныңыз қалай, өзіміз де тұрып қолымызды жуатын едік» деп ыңғайсызданғандай болды. «Біз қазақпыз ғой. Мұның еш бір оқасы жоқ. Үлкендерден бата алған кішілердің көсегесі көгереді» деп отағасы әр сөзін қадап айтты. Қонақтар да қолдарына жылы су құйған балаға дән ризашылық білдіріп, бірі: «Өркенің өссін қарағым!» десе, екіншісі: «Ел сыйлайтын үлкен азамат болып өс!» деп ақ баталарын берді.
Үй иесі қысқаша бата қайырған соң, зайыбы сүт қатқан шәйды алдымызға тоса берді. Сөз арасында жүзі бал-бұл жанған жеңгеміз: «Шақыртып келтіре алмайтын қайындарым келіп қалған екен, алдағы дәмнен алып отырыңыздар. Мұның бәрі өз қолымыздан шыққан. Біз базардан сатып алмаймыз» деп кең пейілін танытты. Дастархан мәзіріне қарап бұл шаңырақтың береке-бірлігі жарасып тұрғандығына тағы да көз жеткіздік.
Жанұзақ досым сөз арасында үлкен кісінің ұлтжанды азамат екендігін көпіртіп айтып салған еді. Шаңырақ иесі бұл мадаққа қарсылық білдіргісі келді ме, адам жасы үлкейген сайын ақылы асып, берер кеңесі көбейетін іспетті. Әйтпесе біз де жас кезімізде қазақи дәстүр-салт пен әдет-ғұрыптарды жадымыздан шығарып алдық қой. Шіркін, жастық шағымыз қайта оралып келетін болса ана тілімізді ардақтап, ата өсиеттерін салмақтап ғұмыр кешкен болар едім…
-Ағасы-ау, сізде де арман көп сияқты көрінеді. Шын мәнінде солай ма? -деді Жанұзақ
-Таң қалатын түгі жоқ. Армансыз пенде болмайды.
-Әйткенмен, өкінішіңіздің сыры неде?
-Бұрынғылар: «өткен іске өкінбе» деп текке айтпаса керек. Бәлкім содан өкінгім де келмейді. Бірақ, кейінгі жастарға айтар кеңесім де жоқ емес…
-Айтыңыз аға. Ақиқаттың іште қалып қойғандығы жараспайды.
-Айтсам, айтайын. Біреулерге сабақ болсын деген ниетпен жеке пікірімді жеткізгім келеді. Бұрын біздерді үлкендер жағы «Біреудің ала жібін аттама, біреуге дөрекі сөйлеме, жасы үлкендердің алдынан көлденең жүрме. Ұятқа қаласың!» деп ескертудей-ақ ескертетін. Бүгінгі ата-аналар да өз балаларына тура жолмен жүруді, ортасымен дұрыс сөйлесуді және тағы басқа да жағымсыз қылықтардан аулақ болуын айтпайды деп ойламаймын. Дегенмен көңілімді күпті етіп жүрген мәселелерде жоқ емес. Бармағымды қанша тістегенмен, бәрі орнына келе қоймайды,-деп ішіндегісін сыртқа шығара бастады. Осыдан кейін отағасы біраз үнсіз қалып тереңінен дем алды.
-Ағасы-ау, бір шындықтың шымылдығын түсіргелі отыр екенсіз,-деді Жанұзақ үлкен кісіге жақынырақ құлақ тосқандай.
-Екеуің де жас емессіңдер. Менен бір мүшел ғана кішісіңдер. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында қазақ тілінің қадірі кетіп, қажеттілігі аз болғандығы жасырын емес. Енді егеменді ел атандық. Осы олқылықтарымыздың орнын қайтсек толтырамыз деп те алаңдаймын…
Аға сөздері ақиқаттың астарын аша түскендіктен, біз бар ынтамызбен қызығушылық таныттық.
-Үлкен мәселеге көңіл бөлдіңіз. Ауылда тұратын қазақтар болмаса, қалада өмір сүріп жүрген қандастарымыздың қазақ тіліне деген көңіл-күйлері бей жай екендігі белгілі. Сіздің ойыңызша қазақ тілін аса қажеттілікке қалай айналдыруға болады?
-Мұның жауабы Ата Заңымыздың жетінші бабында айрықша атап көрсетілген. Бұл құжатта: «Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналады»-деп тайға таңба басқандай жазылған. Қазақ тілін құрметтеу мен қолдауға бұдан артық қандай заңдылық керек. Сондықтан аталмыш заңды жүзеге асыруды әрқайсысымыз өзімізден бастағанымыз дұрыс болар. Өйткені анау кінәлі, мынау кінәлі деп жүре берсек себеп те, сылтау да таусылмайды. Ең бастысы, барша қазақ бір-бірімен әңгімелескенде ана тілінде сөйлескен сайын оның аясы кеңейе түседі. Бұған келтіретін мысал көп, соның бірін айтайын. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының басында болған сұрапыл соғыс кезінде қазақ ауылдарына түрік, шешен, күрт, қарашай, кәріс және тағы басқа да ұлт өкілдері жер аударылып келген еді. Ұлтымыздың қонақжай құрметіне бөленіп, олардың көбісі қазақ тілінде еркін сөйлеп кетті. Бүтінді бөліп, жартыны жарып жеген, осы жандар қазақ тілі арқылы бірін-бірі шынайы түсінгендерін зор мәртебе санаймыз.
-Ойыңыз озық, парасатыңыз пайымды екен. Әсерлі әңгімеңізді әрі қарай жалғастыра беріңізші.
– Тіл мәселесі – өте маңызды мәселе. Біз бұрындары ұл-қыздарымыздың болашағын болжап, орыс тілінде білім алса екен деп ойладық. Әрине таяқтың екі ұшы болады дегендей, оның жақсы жағы да, жаман жағы да көрініс берді. Атап айтқанда, орысша оқыған жастарымыз жоғары білім алып, лауазымды қызметтерді атқара білді. Шетелдерге де қызметтік іссапармен барып қайтқандар да сондайлардың қатарынан табылды. Бұл жағын үлгі тұтуға болады. Өкініштісі сол орыс тілінде оқыған жастарымыздың көпшілігі кітәби өмірге еліктеп, қазақ ұлтының шынайы өмірінен хабарсыз қалып жатқаны тағы бар. Сондай-ақ қазақ халқының сан ғасырлар бойы ел жадында келе жатқан мақал-мәтелдерінен мақұрым болып қалғандығы қабырғаны қайыстырады, жанымды жабырқатады. Менің ойымша ұлтымыздың әрбір мақал-мәтелінде өмірлік тәлім-тәрбиенің өзегі өрілген . Мәселен «Дос жылатып айтар, дұштап күлдіртіп айтар» деген мақалдың айтар ойы да, мән-мағынасы да аса маңызды. Немесе «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтелді алып көрейік. Бұл мәтелде өмір сүруге байланысты мән-мағына көп. Осы мәтелден саяси, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа да сипаттарды аңғартатын ойлы тұжырымдарды жазбай танисың. Ал қазақтың әрбір мақал-мәтелдерін білу мен түсіну, оны сәтімен пайдалану саналы азаматқа қанат бітіргендей, ұлттық рухын асқақтатқандай әсер береді.
-Ағай, әңгімеміз енді қызып келеді. Атақты Жұбан ақын жырлағандай мың өліп, мың тірілген қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Осы жайында қандай ойларыңыз бар?
-Ең алдымен айтарым, ақын ағамыз қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдері мен тар жол тайғақ кешу дәуірлерін көп көргендігін үлкенге де, кішіге де тиісті тағлым алсын деген ескертуі іспетті. Құдайға шүкір, егеменді ел болғалы көңілге қонымды, айтуға толымды көптеген игі істер жүзеге асты. Әйтеуір тәуелсіздік жылдарындағы ел мүддесіне сай келетін толымды табыстарды қайталап айта берудің қажеті барма?! Өскеніміз жанды деген қуанышымыз қанат жая түсуде. Бұрынғы одақ кезінде діни мейрам деп саналған Наурыз мейрамы бүгінгі таңда туған халқымызбен қайта қауышып, ел жұртымыздың ұлттық дәстүрлері мен салттарын жаңа мазмұнда, жаңа сипатта жаңғырта түсуде. Мұндай мысалдар өте көп. Бәріне тоба дей отырып, қазақ тілінің, яғни, мемлекеттік тілдің әлі де болса тиісті дәрежеде емес екендігі қатты алаңда¬тады. Алысқа бармай-ақ қояйық. Иегіміздің астында тұрған Ташкент пен Бішкекке барып көріңізші. Ала тақия киген немесе айыр қалпақ киген өзбектер мен қырғыздар өздерінің ана тілінде ғана бір-бірімен әңгімелесіп, бір-бірін рухани түсінісу арқылы бауырларына басып жатады. Біз сол ағайындардай неге болмаймыз?! Айтар ойымызды жеткізу үшін міндетті түрде орыс тілін пайдаланбасақ, айдарымыздан жел еспейтіндей немесе тұғырымыздан тайып қалатындай күйбең тіршіліктің күрмеуінен шығалмай келеміз. Біз ресми тілді қажетіне қарай пайдалансақ та жетіп жатыр. Қазақ пен қазақ өз тілінде шүйіркелесіп, сыр алысса рухани ұтарымыз да көп болар еді…
Ағайдың отбасында отырып, қазақи дәстүрмен екі рет шәй ішіп, бір рет еттен ауыз тидік. Үш-төрт сағатқа созылған бұл кездесуде мемлекеттік тілдің болашағы жарқын, айтары айқын болуы үшін біршама ұтымды ұсыныстар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Біздің түсінігіміз бойынша алдағы аға ұрпақ өкілдері де жастарының ұлғайғанына қарамастан қазақ тілінің қадірін арттырып, қазанын қайнатуды шын мәнінде жөн көреді екен. Біздің қазақ: «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» деп баяғыда-ақ баршаға жар салған жоқ па? Сондықтан өскелең ұрпақ осы үрдісті қолдай отырып, ақ үмітті жалғай береді деген сенім бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: тіл мерейі ел шырайы емес пе?!
Шын мәнінде қазақ тілінің қадір-қасиеті өте жоғары болуға тиіс. Қазақи ауылда өскендіктен, нағашы мен жиеннің, жездесі мен балдыздың, қайнысы мен жеңгесінің, қатар құрбылардың қағытпа қалжыңдарын, әдемі әзілдерін естіп өстік. Тіпті, кейбіреулерінің қызыл кеңірдекке салынып, сөз қағысқандарының аяғы жұдырық тасуға жол бере ме деп күдіктенген кездеріміз де болды. Бір қызығы ауыл адамдары ұлттық рухты биік санағандықтан, адамгершілік шеңберінен шыға қоймайтын. Бірін-бірі кешіре білетін, бірін-бірі қадірлей алатын. Осындай ұлттық мәдениетіміздің күнгей жағы көп болып, ізгіліктің, мейірімділіктің, қайырымдылықтың шуағын шаша берсе екен деп тілеймін!
Осы мақаламды мынадай өлең шумақтарымен қорытындылаймын:
Қазақ тілі – баба тілі байсалды,
Тыңдаған жұрт тағлымына тамсанды.
Баба сөзі өсиетпен өріліп,
Батасымен жас ұрпаққа ой салды.
Қазақ тілі – ата тілі ардақты,
Қуатымен қорғасыннан салмақты.
Ата сөзін үлгі тұтқан әрбір жас,
Қыран құстай биіктерге самғапты.
Қазақ тілі – тілі екен анамның,
Төрт бұрышын түгел кезген даламның.
Тілге құрмет, елге құрмет дегенді,
Құйып жүрмін құлағына баламның.
Тіл тағдыры – ауыр тағдыр ойласаң,
Кім қолдайды, сен жанашыр болмасаң?!
Тіл деген де қасиетті құдірет,
Жөн болады тарихына бойласаң.
Қазақ тілі- мемлекеттік тіл болды,
Қуаныштан құшақтарға гүл толды.
Тіл мерейі ел шырайы емес пе?
Есте сақтап жүрейікші бұл жолды.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист.
ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер.