Ақпараттық портал

Тіршілігі тігіншілікпен өрілген жан

Елімізде маусым айының екінші жексенбісі жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні ретінде белгіленген. Жеңіл өнеркәсіптің басты салаларына тоқыма, тігін, былғары, тері және аяқ киім өнеркәсібі жатады. Халқымыздың салтына енген бұл кәсіптер туралы сөз қозғалғанда еріксіз еске кеңес үкіметі түседі. Себебі сол дәуірде жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып, тұрғындарды сапалы киім-кешекпен толық қамтыған.

Бүгінде бөзін бақуаттылар түркиялық, басқа да дамыған шет мемлекеттерден алып жатса, қарабайыр тұрғындар қырғыз бен қытайдың арзан дүниесін қанағат тұтып жүр. Әу баста қанымызда болған іс жадымызда да жатталып қалғаны сөзсіз. Өйткені алысқа бармай-ақ ине мен жіпке икемі бар, тігін мәшинесінің тілін ұғатын ісмерлер ауданымызда да бар. Олардың қай қайсысымен тілдесе қалсаңыз мемлекеттік қолдауға иек артады.
Ғұмырын осы салаға арнап, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің бірі – Маржан Байманасова. 1972 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген Маржан Есенгелдіқызы 1986 жылы Гродиково ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті аяқтаған. Алтын ұясынан алыстаған ол бұрынғы Жамбыл қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге құжат тапсырған. Тігіншілікті тағдырым деп таңдаған ісмер 1990 жылдан бастап мамандығы бойынша тер төгіп келеді.
1992 жылы тұрмыс құруына байланысты Шу ауданына қоныс аударған кейіпкеріміз бастапқы кезеңдерде жеке кәсіпкерлер қарамағында тігінші болып, ара-тұра бөлек тапсырыс қабылдап жүрді. Тәжірибесі толысып, өз шеберлігіне кәміл сенген тігінші 2008 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
-Алғаш рет кәсіпкер ретінде жұмыс бастаған кезде үйге, мейрамханаларға, мектептерге перделер тігетінмін. Онымен қоса киім тігу ісінен қол үзген жоқпын. Уақыт өте мәдениет үйлерімен келісім жасап әнші-бишілердің костюмдерін, оркестр киімдерін тігуді қолға ала бастадым. Бұл қателеспесем 2012 жылы болатын. Негізгі жұмыс бағытым қазақтың ұлттық киім мен тойға арналған киімдерін тігу. Себебі соңғы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жақсы,-дейді жеке кәсіпкер.
Қазіргі таңда Шу қаласында шаруасын дөңгелетіп отырған іскер әйел 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, тапсырыс көбейген кезде тағы 2-3 тігінші қосымша тартылады. Киімдерді тігіп, сатып, жалға берумен айналысатын кейіпкеріміздің иелігінде 2 тігін цехы бар. Кәсіпкер қажетті қолдаулар болса кәсіпті кеңейтіп, тіпті фабрика ашуға болатынын айтады.
-Кәсіптің заңдылығына байланысты табысты арттыру үшін мүмкіндікті еселеу керек. Осы мақсатта кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшымен де тілдесіп, көлемді қаржыға қол жеткізуге болатынын білдім. Алайда, жеңілдетілген несие алу үшін айтарлықтай құны бар мүлікті кепілге қою қажет. Маусымның кезінде ғана қызатын жұмысы бар біздерге сол жағы қолбайлау болып отыр. Өзімнің есептеуімше 15 миллион теңгенің маңайында қаржы болса цехты үлкейтуге болар еді. Себебі бір ғана қарапайым тігін машинасының құны – 150 мың теңге. Ал, одан бөлек кесте тоқитын және ою оятын машина, лазерь секілді арнайы машиналар 5 – 10 млн теңгенің арасында,-дейді Маржан Есенгелдіқызы.
Кейіпкеріміз кәсіпкер ретінде Шу ауданында тігін–тоқыма фабрикасының жоқтығына алаңдаулы. Оның айтуынша қаладағы бұрынғы фабриканың бір бұрышын пайдалануға беріп, қомақты қаржымен қолдау көрсетсе бұл мәселе шешімін табар еді. Себебі мата мен өзге керекті дүниелерді тігіншілер қымбат бағаға алып, еңбегі үшін аз ғана пайда көреді. Сондықтан да киімдер, әсіресе күнделікті кигенге ыңғайлы ұлттық киімдер бағасы бәріне бірдей қолжетімді емес. Есесіне айыр қалпақты ағайындар елінде бұл салаға үлкен қолдау бар. Олар ең алдымен мата мен жіпті Қытайдан айтарлықтай арзанға алып, өз үйлерінен тігеді. Әрі Қырғыз үкіметі мұндай іспен шұғылданған кәсіпкерлерді алым-салықтан толықтай босатқан. Сол себепті көршілес елде киім тігу ісі бұқаралық сипат алған. Ал бізде кәсіпкерлерді бағалы аңды көргендей анталай түсетіндер көп. Біз бұл пікірді тағы бір тігіншіден естіп қалдық.
Еткен еңбек, төгілген тер түбі ақталатыны сөзсіз. Бастысы халықтың берген бағасы, жерлестердің қолдауы. Еңбектің көзін тапқан жеке кәсіпкер Шу ауданы атынан аймақтық көрмелерге, форумдарға қатысып, сол үшін бірқатар Алғыс хаттарға ие болған. Оның ішінде 2016 және 2017 жылдары Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директорларынан шараларға қатысқаны үшін Алғыс хат, 2017 жылы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметовтен, 2023 жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына белсенді қатысқаны үшін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Атымтаевтың Алғыс хатына ие болған. Сол секілді аудан әкімінің Құрмет грамотасына да қол жеткізген. Одан басқа да марапаттары бір төбе.
Әңгіме арасында Маржан Есенгелдіқызы «Нағыз патриоттар» ҚБ басшысы, әрі сол кездегі іскер әйелдердің аудандық жетекшісі Ғалия Әділқызына алғысын арнады. Себебі сол кісінің түрткі болуымен ісмердің жұмысы жандана түскен екен.
Бүгінде сүйікті жарымен бірге 2 ұл тәрбиелеп, олардан қос немере сүйіп отырған Маржан Есенгелдіқызының болашаққа құрған жоспары көп. Оны біз жоғарыда жеткізген болатынбыз.
Ғұмырының 33 жылын тігін саласына арнаған жерлесіміз өзінің өнегелі ісімен Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай үлес қосып келеді. Отбасында аяулы ана, жұмыста білікті басшы бола білген жеке кәсіпкер өзінің өкшесін басқан сіңлілеріне ерен еңбектін үлгісін көрсетіп жүр десек артық айтпаймыз.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.