Кішкентай Әмірдің үлкен ерлігі
Ғылыми негіздерге сүйеніп айтар болсақ, батылдық адам бойындағы қайсарлық, турашылдық, еркіндікті білдіретін жинақтаушы ұғым. Сын сағатта шешім қабылдай алу, қауіп-қатерге қарсы тұра білу, қиындықтан қорықпау, тағы сол сияқтылар батылдықтың көріністері болып табылады және ол белсенділік, күрескерлік сынды қасиеттермен тығыз байланысты. Осындай қасиетке ие азаматтар өз жерлестеріміздің арасында да жоқ емес. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың сын сағатта оң шешім қабылдап, батылдық көрсетуі мақтанарлықтай іс деуге болады.
Бала боп көрінгенімен, кейбір ересек жандардың қолы бармайтын істі тындырып, осылайша біртіндеп батылдыққа бой үйретіп кететін балалар мен жасөспірімдердің бары да көңіл қуантады. Сондай жанның бірі – кішкентай жерлесіміз, М.Мақатаев атындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Көктал Әмір (суретте). Жуырда есімі аталған кішкентай батырымыз үлкен батылдық іс жасап, ерге тән қасиеттің нағыз үлгісін көрсетті. Нақты айтар болсақ, сабақтан кейін Әмір сыныптастарымен Төле би ауылы, М.Мақатаев атындағы мектеп маңындағы каналды жағалап, үйлеріне қайтып келе жатқанда оқыс оқиға орын алып, осы сын сағатта ол ерлікке тән қадамдар жасайды.
-Екі қыз біздің алдымызда, тағы 3-4 бала соңымызда келе жатты. Осы сәтте екі қыз абайсызда сайға түсіп кеткен болу керек, оның бірі өту мүмкіндігін байқап көру мақсатында каналдың ортасындағы жіңішке темір арқылы арғы бетке өтіп және қайтадан келіп жанындағы қызды бірге алып шығу үшін жол нұсқаған екен. Осы кезде олардың бірі суға құлайды, яғни, толығымен суға батады. Оларға көмек қажет екендігін байқадым да, каналға түсіп, қолыммен жағадағы талдардан мықтап ұстап, су ортасындағы қыздың жағаға шығуына көмектестім. Ол қыз Ұлдана есімді менің сыныптасым болады. Жанындағы қыз мүмкін қорыққан шығар, сол сәтте кетіп қалды. Мен Ұлдананы үйіне дейін жеткізіп салдым,-дейді Көктал Әмір.
Ал, Әмірдің анасы баласының бұл оқиғаны үйге келген сәтте бірден айтпағанын, сол сәтте баласының өңі қуарып, жүзінде үрейдің белгісі болғанын және үн-түнсіз отырғанын айтады.
-Баламның киімі жартылай су, шалбарының балақтары балшық болып келді. Келбетін көріп, не жағдай болғанын енді сұрайын деп жатқанымда телефон шырылдады. Тұтқаны алсам, Ұлдананың анасы екен. Амандасып, «Әмірдің анасы сіз боласыз ба?»-деп сұрады. Мен анасы екенімді айтқан соң, «Ұлыңыз менің қызымды судан құтқарып қалыпты. Қызым Әмірдің судан шығарып алғанын ғана айтты. Басқа еш нәрсе айтпай отыр. Сіз не болғанын сұраңызшы»-деген кезде ғана болған оқиға жайлы білдім. Мұнан кейін баламнан мән-жайды сұрадым. Ал, кейін мектептегі қыздардан сұрастырғанымызда олардың әрқайсысы бірін-бірі итеріп жіберді деген сынды әр түрлі ой айтты,-дейді Әмірдің анасы Асель Нұрбосынқызы.
Әмірдің мұндай ерлік ісіне қарап, біз оған «Жас батыр, Һас батыр» деген баға бердік. Сын сағатта тосылмай, сыныптасын судан құтқарып, бір адамды бір апаттан аман алып қалған кішкентай Әмірдің ерлігіне біз де тәнті болдық. Келешекте дені сау, болашағы жарқын болсын демекпіз. Елін қорғайтын ерлердің қатарын толықтыратын кішкентай батырлар аман болсын.
Динара БАТЫРХАИРОВА,
«Шу өңірі»