Ақпараттық портал

Инсульт жайлы біле жүріңіз

Инсульт – (латын тілінен аударғанда «қыспаққа алу, соққы» деген мағынаны білдіреді), ескірген атауы (аполексия«паралич, салдану» деген мағынаны білдіреді),- цереброваскулярлы патологияның салдарынан кенеттен (бірнеше минут, сағат) пайда болатын ошақты және жалпы милық неврологиялық симптоматикамен көрінетін, 24 сағаттан артық сақталатын немесе қысқа уақыт аралығында науқастың өліміне әкелетін жедел ми қанайналым бұзылысы. Инсульт – ми қанайналымының бұзылуымен байланысты ауру, нәтижесінде мидың белгілі бір бөлігіндегі қанайналымы төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Бүгінгі күні инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің арсында екінші орында тұр. Сондай-ақ инсульт мүгедектікке әкеп соғатын аурулардың ішінде бірінші орынға ие. Инсульт алған адамдардың 80% жуығы мүгедектікке ұшыраса, соның ішінде 25% жуығы қалған өмірінің барлығында тұрақты түрде күтімді қажет етеді.
Инсультке алып келетін қауіп–қатер факторлары:
-артериальды гипертония (140/90 мм с.б.б. жоғары болса);
-шылым шегу;
-жыпылық аритмиясы және басқа да жүрек аурулары;
-анамнезінде миокард инфаркты;
-гиперхолестеринемия (>6,5ммоль/л)
-қантты диабет (>7,0 ммоль/л);
-бұрын басынан өткізген инсульт;
-фибриноген мөлшерінің жоғарылауы;
-алкогольды шектен тыс қолдану;
-өмір сүрудің ерекшеліктері (артық салмақ, физикалық белсенділіктің болмауы, тамақтану бұзылыстары, жедел күйзеліс немесе ұзаққа созылған психоэмоционалды жүктеме: депрессия немесе алаңдаушылық);
-асқынған тұқымқуалаушылық (ата-анасында, аға-әпкесінде инсульт, миокард инфаркты, аг).
Инсульттың негізі 3 түрі бар:
1. Ишемиялық инсульт немесе ми инфаркты (75-80%) – жиі 50 жастан жоғары , анамнезінде миокард инфаркты, жүректің ревматикалық ақауы, жүрек ырғағы бұзылысы және қант диабеті бар науқастарда кездеседі.
Ишемиялық инсульттың дамуында қанның реологиялық қасиетінің бұзылуы, магистральды артериялардың патологиясы үлкен роль атқарады.
Ишемиялық инсульт: – атеротромбоздық;
-кардиоэмболиялық;
– гемодинамикалық;
– лакунарлы;
– гемореологиялық микрооклюзия типі бойынша болып бөлінеді.
Ишемиялық инсульттың критерийлері:
1. Қауіп- факторлары – артериалды гипертония, атеросклероз, кардиогенді эмболия;
2. Жасы 50-ден жоғары, жиі қарттық шақ;
3. Басталуы – жедел, 30% жағдайда біртіндеп немесе сатылы түрде ;
4. Инсульт ұйқы кезінде дамуы мүмкін;
5. Бас ауруы – әлсіз немесе орташа;
6. Құсу – тән емес;
7. Пульс – әлсіреген;
8. Менингиальды белгілер – байқалмайды;
9. Ошақты симптомдар (қозғалу, сезімтал, сөйлеу бұзылысы және т.б.) жалпымилық симптомдардан басымырақ;
10. Бас ми кт – төмен тығыздықты аймақ анықталады.
Геморрагиялық инсульт – 45-60 жас аралығындағы, анамнезінде гипертониялық ауруы, церебральды атеросклерозы және симптоматикалық артериальды гипертензиясы бар науқастарда болатын инсульт. Бұл түрі кенеттен, күндізгі уақытта , эмоциональды немесе физикалық жүктеме болғанда дамиды.
Геморрагиялық инсульт критерийлері:
1. Этиологиясы – артериальды гипертония (60%), аневризма, церебральды ангиопатия.
2. Жасы 45-65 жас аралығы;
3. Басталуы – күндіз, психомоторлы қозу кезінде;
4. Кенеттен пайда болатын қарқынды бас ауруы;
5. Құсу;
6. Сананың бұзылуы- сопор немесе кома;
7. Өрескел ошақты симптомдар дамуы (гемиплегия);
8. Пульс – толымды;
9. Менингиальды симптомдар байқалады;
10. Дене температурасы – 37,7с және одан жоғары болуы мүмкін.
11. Бас ми кт – жоғары тығыздықты аймақ байқалады.
Субарахноидалды қан құйылу. Ми қабығы тамырларының жарылуы, нәтижесінде пайда болатын бас миы мен оның қабығы арасында пайда болатын инсульттардың ішіндегі ең жасы болып саналады. Ауру себептері негізінен зиянды әдеттер (темекі тарту, ішімдікті ұзақ пайдалану немесе ішімдікті үлкен мөлшерде бір-ақ рет қолдану.) Инсультқа себепкер артық салмақ, артериалды гипертензия болуы мүмкін. Ол аяқ астынан немесе бассүйек-ми жарақаты нәтижесінде пайда болады. Инсульттың осы түрінің себепшісі – шамадан тыс физикалық жүктеме болуы мүмкін, мысалы, ауыр затты көтеру, қан қысымының көтерілуімен байланысты жүйкеге күш түсу. Субарахноидалды қан құйылудың аневризма және оның қасындағы құрылымдардың (көз қарашығының ұлғаюы – көзді қозғап тұратын нервті аневризманың басып тұруы) қысымымен шақырылатын симптомдары болады. Симптомдар инсультқа дейін 2-3 аптада білінеді.
Диагностика:
– компьютерлік томография (кт);
– магнитті – резонансты томография (мрт);
– люмбальді пункция;
– эхоэнцефалография;
Инсультке күмәнданған кезде КСК ережесін сақтау керек!
К – күлу. Инсульт кезінде күлу барысында науқас беті қисық болуы мүмкін, бір жағындағы ерін бұрышы жоғары емес төмен болуы мүмкін.
С – сөйлеу. Кез келген қарапайым сөз немесе сөйлем айтқызу. Мысалы: «артикуляция». Инсульт кезінде жиі (бірақ әрдайым емес) сөйлеу бұзылады.
К – көтеру. Егер екіқол бірдей көтерілмесе, бұл инсульттың белгісі болуы мүмкін.
Инсульттың белгілері:
– сезінудің бұзылуы;
– сөйлеу мен түсінудің бұзылуы;
– бастың айналуы мен қозғалыс үйлесімінің бұзылуы;
– көру қабілетінің бұзылуы мен көзге қос көріну;
– қолдың, аяқтың немесе бір жақ дененің жансыздануы мен әлсізденуі, жымиюдың біркелкі болмауы.
– бастың кенеттен қатты ауыруы.
Осы аталған белгілердің біреуін болсын байқасаңыз, тез арада жедел жәрдемге жүгініңіз!
Инсульт кезіндегі алғашқы көмек.
Зардап шеккен адамды таза ауа кіретіндей бөлмедегі төсекке жатқызыңыз, дем алу үшін тынысын тарылтатын киімдерін шешіңіз. Егер науқас құсқан болса, аузындағы құсықты тазалаңыз. Алғашқы көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды, себебі инсульттың жүруімен салдары дәл соған байланысты болады. Науқасты тасымалдау тек жатқызған күйінде жасалады.
Инсульт профилактикасы.
Инсульттың алғашқы және екінші реттік профилактикасы бар. Алғашқы профилактика- мидағы қанайналымына жауап беретін тамырлар патологиясын , гипертония ауруын , артық дене салмағын жоюға бағытталған. Екінші реттік профилактика – инсульттың қайталануына жол бермеуге бағытталған, оған түйіндерді жоюға және алдын алуға бағытталған дәрмектің немесе хирургиялық араласудың көмегімен қол жеткізуге болады. Инсультты емдегенге қарағанда оның алдын алған тиімді болатынын еске сақтаңыз. Жүрек-қантамыры жүйесінің жұмысына тұрақты түрде диагностика жасап тұрыңыз, сонда осы бір қауіпті ауру сізге ешқашан жоламайды.
Шу қалалық ауруханасының нейроинсульт бөлімшесі 2020 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жамбыл облысына қарасты үш ауданға қызмет етеді, яғни, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары. Ми қанайналым жедел бұзылысымен, яғни инсульт алған науқастарға алғашқы жәрдем, диагностикалау, толықтай емшара жасаумен айналысады.
ШҚА нейроинсульт бөлімшесінде 27 төсек орны, оның ішінде 13 төсек-орын инсульт алған науқастарға, 2 төсек-орын нейрохирургиялық яғни, операция жасалған науқастарға, 4 күндізгі стационар бар, қалғаны жоспар бойынша жатқызылған науқастарға арналған.
Жоғарыда аталып шыққан клиникалық белгілерді байқасаңыз, уақыт жоғалтпай дереу 103 хабарласып, алғашқы көмекке жүгінулеріңізді және стационарлы емді уақытылы бастауға себепші болуларыңызға шақырамыз.
Жарқынай Молдабаева,
Шу қалалық ауруханасының
невролог дәрігері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.