АЛАЙҒЫР МЕН ҚҰЛАҚШЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Бүгінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің ауданымызға әкім болып тағайындалғанына бес айға жуық уақыт болды. Осы аралықта аудан басшысы өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек.
Ал, өткен аптада Бақытжан Оразалыұлы ауданымыздағы халық аз шоғырланған шағын стансаларды аралап, ондағы тұрғындармен де пікір алмасты. Ең алдымен көршілес Меркі ауданымен шекаралас орналасқан Тасөткел ауылдық округіне қарасты Құмөзек пен Аспара стансаларындағы әлеуметтік нысандармен танысты. Округ тұрғындарымен өткен кездесуде аспаралықтар ауылдық клуб пен жол мәселесін көтерді. Ал Тасөткел ауылындағы ағайын мұндағы жарық бағаналары 1962 жылы салынғанын айтып, жарықтандыруға қатысты түйткілдің күрделі күйінде қалып отқанын жеткізді. Одан бөлек, «Меркі-Шу» бағытындағы күре жолға аялдама орнату, көше жолдарын ретке келтіру, білім ошағының бүгінгі жай-күйіне қатысты сауалдарын қойды. Басқосу барысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы да ауданымыздың даму жоспарына енгізілгенін атап өтті. Сондықтан да оның бәрі кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Сондай-ақ, ауылдағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жиделі стансасындағы тұрғындармен кездесуде тұтас ауылға ортақ бірнеше сауал көтерілді. Оның ең негізгісі жолға қатысты сұрақ болса, екіншісі жайылым мен ондағы құдық мәселесіне байланысты. Жайылымға қатысты мәселе кездесу барысында тұрғындармен ақылдаса келе шешімін тапса, ауылға кіреберіс жолды күтіп ұстау туралы шешім қабылданып, аудан басшысы жылына екі мәрте техника жіберіп отыратынын жеткізді.
Дәл осындай кездесулер ағымдағы аптада Шоқпар ауылдық округіне қарасты Алайғыр мен Құлақшын бекеттерінде жалғасын тапты. Қазіргі кезде алайғырлықтарды алаңдатқан негізгі мәселе – округ орталығына жалғасып жатқан 6 шақырым жол болып отыр. Аудан әкімі аталмыш мәселені тұрғындармен ақылдаса келе жолға қиыршық тас төсеп, оны күтіп ұстау шараларын жасауға келісті. Мұндағы тұрғындар ауыз су мәселесіне қатысты ой-пікірлерін де ортаға салды. Өз кезегінде Бақытжан Оразалыұлы Алайғыр мен Құлақшында ауыз су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында жуық арада модульды блок орнатылатынын жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі Құлақшын бекетінің тұрғындарымен де кездесіп, ауылдықтардың талап-тілегіне құлақ түрді. Бекеттегі ағайын ең алдымен аталған стансаға пойыз тоқтаса деген тілектерін айтты. Бұл жергілікті тұрғындардың аудан орталығы мен өзге қалаларға қатынасына, күнкөріс деңгейіне, сауда-саттыққа едәуір оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ, Шоқпар ауылымен екі ортадағы жолға қиыршық тас төсеу қажеттілігі туындаған. Өңір басшысы жоғарыда аталған мәселелерді жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдайтынын айтты.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Шу өңірі»