Ақпараттық портал

Бармақ ақынның аты берілсе…

Күнделікті күйбең тірлікте ұлт руханияты жолында еңбек еткен қаншама тұлғалар назарға алынбай келеді. Мәселен, сондай тұлғалардың бірі – арада 150 жылдан асса да өміршең жырлары ауыздан-ауызға таралып жүрген Шу өңірі саңлақтарының бірегейі ақын, әнші Бармақ Мықанбайұлы. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Балуан Шолақ аулындағы ақынның жерлестері өзі туып-өскен жерлеріндегі Мәдениет үйіне осы сөз өнерінің дүлдүлі Бармақ ақынның атын бергісі келеді.

Шу өңірі дегенде – ежелгі дәуір әдебиетіндегі рөлі орасан Шу қаған туралы дастаннан басталған ұлы түркінің рухы, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқаримен әсерлі өрнектелген руханияты, жазирасы мен аңқыған шалғыны, сарқырап аққан өзені бар киелі мекен көз алдыңа елестейді. Қазақ хандығы құрылған қасиетті аймақтан арғы-бергі ұлтымыздың тарихында елеулі орны бар Төле би, Бөлтірік шешеннің даналық ойлары, ұтқыр шешімдері, ақындық өнердің асылдары – Балуан Шолақ, Сауытбек, Бармақ, Жидебай, Жақсыбайдың есімдері аталады. Аты аталмай, зерттелмей жатқан тұлғаларымен қатар, батырлары мен бай-бағландары да жеткілікті. Осындай асыл перзенттерінің ішінде Бармақ Мықанбайұлының есімі ерекше. Сөзі мірдің оғындай нық болған ақын өзі туралы былай жырлайды:
Баласы Мықанбайдың атым – Бармақ,
Ақындық жолдас болды жасымнан-ақ.
От басы, үй арасы өлең айтып,
Ауылда тамашалап жүрдім сарнап.
Қыл қобызды Бармақ – 1872 жылы Дулаттың Сәмбет елі жайлаған, қазақ хан-дығы туын тіккен киелі Хантауының бауырындағы Далақайнар деген жерде (Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылына қарасты) дүниеге келген. Әйгілі сал-сері, жауырыны жерге тимеген балуан, дала циркінің негізін қалаған, қазақтың даңқты біртуар өнер иесі Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлымен аталас.
Көрген соң зордан қысым, елден кеттім,
Хантауы – қоңыр биік жерден кеттім.
Ел үшін шөл даладан көл боп шыққан,
Жайнаған тоғыз бұлақ жерден кеттім.
Жер едің, сәнге лайық Далақайнар
Болды ма жастық дәурен, неге кеттім?
Сары изен, қоңыр жусан, көк күйреуік,
Бәрі бар төрт түлікке не керектің.
Бойыма атамда жоқ «байлық» бітіп,
Қаңбақтай ойға-қырға дөңгелеттің, – деп жырлаған Бармақ қаршадайынан жетім қалып, кедейшіліктің тақсіретін көп көрсе де өз-өзін қамшылап, жасымай жігерін жани түскен. Бармақ ақындық өнердің арқасында Жетісу, төменгі Сыр бойын көп аралаған. Жасынан-ақ Сүйінбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, Бақтыбай жырларын, халық дастандарын жанына серік етіп, жатқа айтқан. Өзі ән шығарып, қоғамдағы түрлі жағдаяттарды тілге тиек еткен.
Бармақ Мықанбайұлы – жыр алыбы Жамбылмен, Алатаудың ақиығы Кененмен сырлас болған ақын. Алатау бөктеріндегі тұстас ақындарының барлығымен сөз қағыстырып, сөз өнері саласында иық тірестіріп бірге жасаған айтулы ақын. Ақындық қабілетін өте жоғары бағалаған Жамбыл оған «От жалын ақындардың төресі бұл…» деп өз бағасын берген. Жамбыл атындағы әдеби-мемориалды музейде Бармақ ақынның қобыз ұстап отырған суреті де сақталған.
Өлеңдері мен айтыстарына өз өмірін, кедей-кепшіктің тұрмысын, сол кездегі әділетсіздікті, тәлім-тәрбиелік жайларды өзек еткен. Сондықтан болар, көп жағдайда тілі ащы, орамдары уытты. Бармақ ақын өлеңді көбіне қобызға, кейде домбыраға қосып айтатын болған. Республикамызға танымал дәстүрлі әншілердің репертуарындағы Бармақ ақынның термелері мен жыр-толғауларының ең танымалы – «Мәті дәурен».
Әндіжан барған Бармағың,
Ақмешіт барған Бармағың.
Түркістан барған Бармағың,
Қу ағашты қолтықтап,
Талай жерді шарладым.
Таразыға түскенде
Басым еді салмағым,
Кедейліктің кесірі –
Малын бағып әркімнің,
Тікен кіріп аяққа,
Еңіреп жылап, зарладым,
Ақындарға жайылды,
Зығыр майдай зардабым, – деген Бармақ ақын ұлт өнерін насихаттауда кейінгі ұрпаққа термелеп жол көрсетуде соңына мол мұра қалдырған сұлу сөздің тарланы. 1936 жылы «Қамбар батыр» жырын хатқа түсіріп, ғылыми кітапхана қорына тапсырғанын да айта кетуіміз керек.
Жетісудың талай ақындарымен айтысқа түскен жүйрік Бармақ ақын 1937 жылы жазықсыз жаламен ұсталып, 1942 жылы айдауда қайтыс болған. Қай жерде қайтыс болғаны да, жерленгені де белгісіз. Шамамен 65 жасында сталиндік зұлматтың құрбанына айналып, жаламен ұсталуына – бір жағы ащы да уытты тілі де себеп болуы мүмкін дегенді айтады шежірелі қарттар.
Жамбыл ерекше баға берген «әңгімешіл ақын» Бармақ Мықанбайұлының қазақ ұлттық өнеріне өзіндік бояу мен мәнер ала келгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен әлі де ақын туралы зерттеулер мен ізденістер қажет-ақ. Тіпті Бармақ ақынның тұстастары мен соңынан ерген, көзін көрген ізбасар інілері де көп. Демек, ақынның замандастары ретінде қолжазбалары қорда сақталған Қазақбай Ергөбекұлы, Сәдуақас ақын, Қалымбет Досекеұлы, Айтқазы Рахманұлы, Сәрсен Жылысбаев, Жақсыбай Жантөбетов, Смайыл Қалипанов, Баулыбек Жақыпбекұлы, Кенжеқожа Құлмырзаев, Теміш Егінбаев, Сауран Асылбекұлы т.б. Шу өңірінен шыққан халық ақындары жөнінде көлемді де толғақты ғылыми зерттеу жұмыстары әдеби-мәдени ортаға сұранып тұрғаны даусыз.
Бармақ ақынның айтыстары, өлеңдері, термелері Уәш Асатовтың құрастыруымен «Қыл қобызды Бармақ» деген атпен 1993 жылы Шу аудандық «Қазақ тілі» қоғамының көмегінің арқасында Төле би ауылындағы баспаханадан жарық көрді. Сондай-ақ шығармалары «Айтыс», «Ел аузынан» атты жинақтарға енген. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы екінші томының 153-ші бетінде «Бармақ ақын» атты мақала да бар. Бармақ Мықанбайұлы «Өмір соқпақтары», «Төрт түлік мал», «Кәрілік туралы», «Дәулетияр мырзаға», «Қасым датқаға», т.б. өлеңдері мен термелері, «Бармақ пен Жанат қыз», «Бармақ пен Кенжеқожа» секілді айтыстары ұлттық әдебиетіміздің қайнар көзі болып қала бермек.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қолжазбалары сақталған. Сол қолжазбалар негізінде Бармақ ақынның шығармалары «Тараз мұралары» көптомдығына, 2021 жылы «Шу өңірі ақындарының антологиясы» жинағына енгізілген.
Жуырда есімін ел ұлықтаған осындай тұлғаға байланысты Шу ауданы Балуан Шолақ ауылында алқалы жиын өтті. Онда жергілікті ауыл азаматтары «аузы-мұрны жоқ отау сияқты» боп тұрған мәдениет үйі ғимаратына «Бармақ Мықанбайұлының атын берсек» деген келісімге келіп, жоғарғы жаққа ұсыныс беруді барлығы бірауыздан қызу қолдады. Алайда «жер атауларына өзгеріс енгізуге» жарияланған мораторий бұл ойларына тосқауыл бола ма деп қауіптенеді. Бірақ «Біз Бармақ ақынның атын жер-судың атауына емес, аты мен заты түсініксіз боп тұрған ғимаратқа сұрап отырмыз ғой» деген ауыл тұрғындары Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтен үлкен үміт күтетіндіктерін айтады. Бұған жаңадан тағайындалған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен «су жаңа» мәслихат депутаттары да үлес қосады деген сенімде. Қаржылық жағына атсалысамыз деген меценаттар да жоқ емес. Мұндай маңызды қадамның кешегі өткен 31-мамыр – Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жасалуы өте сауапты да өнегелі ғибрат екені даусыз.
Дәрмен СМАЙЫЛ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.