Ақпараттық портал

Жабайы жарнамаға кім жауапты?

Әркім өз ойына қожа, кім не десе, өзі білетін заман. Ал, арнайы өзіндік ережесі бар, әлеуметтік ахуалдың ыңғайына қарай қызмет ететін мемлекеттік мекемелердің талабы бойынша тапсырыс орындайтын жеке меншікті кәсіпкерліктердің жарнама баннерлерін жарыққа шығару дәрежесі осындай деп айтуға азаматтық құқығымыз бар болғандықтан, уәж айтуға бекіндік.

Жақында сөзден сөз шығып, Жетісудан құдалыққа келген құдамыздың бірі: «Сырт көз сыншыл болады. Шу қаласы мен Төле би ауылының іші-сыртының бәрі қаптаған қорқынышты баннерлерге толы екен. Бүкіл әлем «Шу» десе, бұл мекенді қарасорасымен аты шыққан аудан ретінде біледі. Ал, мына жарнамаларды іліп қойғаннан ахуал өзгеріп, тәртіп орнап, бұл сыбайлас жемқорлықтың саябырсуына себеп болып жатса, әңгіме басқа. Тіпті, түрме, терроризмге қарсы, оның зардабы жайлы қаншама жыл бас бостандығыңнан айырылатының туралы ілінген сурет айбыны тасыған көңілге су сепкендей әсер береді екен. Қонаққа келеміз деп өзімізді қылмыскерлер әлемінде жүргендей сезіндік. Бізге біртүрлі көрінді»-деп өз ойын білдірді.
Өзіміз күн де көріп жүрсек те, сол баннерлерге мән бермегенімізге, назар салмағанымызға іштей ыңғайсызданып қалдық. Десек те, «Театр киім ілгіштен басталады» деген нақыл сөздің мәні осындайда айтылса керек.
«Көпшілік көретін нәрсенің кішкентайы болмайды, зер салған кішкентай көздер бәрін көреді» деп ой түйген абыз аға Шерхан Мұртаза талай нәрсенің кей кездері атүсті жасалатынын меңзесе керек.
Осындай жағдайдан кейін, өңіріміздегі түрлі жарнамалар бейнеленген және оған қатысты әр түрлі сөздер жазылған баннерлерді шолып шықтық. Байқағанымыздай, мұқият зер салған адамға кемшілік жетіп артылады екен. Оған өзіміз көз жеткізген соң, сырттан келген қонақтың пікіріне қосылудан басқа амал қалмады. Мысалы, жол бойындағы мына баннерден «Түрме ешкімге жараспайды» деген сөзді оқып, оның нақты мағынасын жете түсіне алмасақ, тағы бір баннерден «6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жағасы» деген сөзді көріп, жарнама жасаумен айналысатын жеке кәсіпкерліктегі қызметкерлер сауатсыз ба әлде тапсырыс берген жандар сауатсыз ба деген ойға қалдық. Өйткені, білуімізше кәсіпкерлік жұмысшысы тапсырыс беруші қалай көрсетіп берсе, ол да солай жасайтыны анық.
Шу қаласының әмбебап базарындағы жарнамалардың ауаға жайылып, бетімен кеткеніне де біраз болды. «Бояушы бояушы десе, сақалын бояптының» кебін кигізіп, бірде әрпі, бірде сөзі жұлмаланып жасалып жатқан жарнамалық баннерлерге жұмсалған қаражатқа обал.
Тіл мәселесіне қатысты олқылықтарды назарға алып, тыңғылықты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, кемшілікке жауапты тұлғаларды іздеп-тауып, оларға шара қолдану бұл бағыттағы істерге жауапты мекемелер тарапынан тыс қалғандай. Қазір нарық заманы, ақшасын төлесең, не істесең де өзің білесің деген түсінік қалыптасқан сияқты.
Тіл сауаттылығы, қазақ тілінің өрісін кеңейту мәселесі қашанда мемлекет басшылығының назарында, әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл тұрғыда халық алдында сөйлеген сөздерінде өзіндік үндеуін жеткізіп отырады. Соған қарамастан, тіліміздің бүгінгі жағдайы осындай. Осы тұста жергілікті биліктің тіл мәселесіне немқұрайдылығы анық байқалады. Өз тілімізді өзіміз құрметтемесек, өзге тілде сайрағанымыздың құны қаншалықты?
Несіпхан Қоңырбаев,
журнал

Leave A Reply

Your email address will not be published.