Ақпараттық портал

Маман тапшылығы тиімді шешіліп келеді

Егемендігіміздің 32 жылында, еліміздің денсаулық сақтау саласы аяғына нық тұрып қана қоймай, қарқынды даму кезеңін де бастан өткерді. Мемлекет медицина саласын қолдаудың түрлі тетіктерін іске қосып, нәтижесінде біз халықтың денсаулығын сақтау ісінде айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Соның ішінде біздің аудан да осы қолдаудың шарапатын көрді. Атап айтқанда, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған аудандық орталық аурухананың қазіргі жағдайы жақсы. Сонымен қатар, бірқатар жетістіктерге де қол жеткізілді.
Барлығымызға белгілі болғандай, соңғы жылдары медицина саласына ерекше назар аударыла бастады. Мысалы, жаңа жабдықтар сатып алынып, дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы едәуір өсті. Көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында ауылдық елді мекендерде амбулаториялар салынды. Шу қалалық ауруханасында компьютерлік томография (КТ) орнатылды, бұл әртүрлі аурулардың диагностикалық сапасын едәуір арттырды. Тағы бір айта кетерлігі – лапароскопиялық хирургияны қолдану жолға қойылды. Лапароскопиялық әдіспен операция жасау кезінде науқаста кішкене тесік жасалады, ол арқылы құралдар енгізіледі және операцияның өзі қашықтан жасалуы мүмкін. Бүгінгі күні бұл әдіс соқыр ішекке ота жасау кезінде сәтті қолданылды. Сондай-ақ, эндоскопиялық жабдықтың көмегімен асқазан-ішек жолдарының, өт жолдарының ауруларының алдын алу бойынша тиімді жұмыс жүргізілуде.
Біздің аудандық перзентхана бөлімінде де елеулі жетістіктер жоқ емес. Мәселен, шала туылған балалар үшін барлық жағдай жасалған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін, компьютерлік томография және магнитті-резопиялық томография (МРТ) қызметтерін көрсету қаржыландырылмаған болатын. Өз ауданындағы ауруханаға немесе емханаға кезекте тұрған азаматтар кейде КТ немесе МРТ-ны бірнеше айлап күтетін еді. МӘМС мүмкіндігімен бұл қызметтер бүгінде тегін ұсынылады. Сондай-ақ аудан тұрғындары «Даумед» медициналық орталығында МРТ жасап, бір тәулік ішінде нәтижелерін ала алады. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, ауданның медицина саласындағы серпінін байқауға болады .
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды және экстракорпоралдық ұрықтандыруға (ЭКҰ) квотаны 7 есеге арттыруды тапсырған болатын. Бұл бағдарламаға ерлі-зайыптылар да, жеке адамдар да тіркеле алады. Ол үшін үміткер ерікті түрде жазбаша келісім беруі керек. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге, репродуктивті жас 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резервке сәйкес болу қажет.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Осыдан кейін біз үміткерлерді бедеулікті емдеу бойынша диспансер пациенттерінің электрондық тізіміне қосып, кезекке қоямыз. 12 ай ішінде клиника маманының қорытындысы негізінде біз пациенттің құжаттарын Тараз қаласындағы жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереміз. Егер комиссия оң шешім қабылдаса, әйел «емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркеліп, емдеу шараларына дайындықты бастайды. Науқас жасанды ұрықтандыру клиникасын өз бетінше таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ жылына бір рет тегін өткізіледі. Егер сіз сәтсіздікке ұшырасаңыз, сіз қайтадан кезекке тұра аласыз. Біздің ауданда ЭКҰ рәсімі жылына 20-25 әйелден өтеді. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша ЭКҰ-дан сәтті өткен екі пациент бақытты ана атанып отыр. Айта кететін жайт, ауыр жағдайдағы жүкті әйелдер облыстық перинаталдық орталыққа жіберіледі. Балаларға мұқтаж отбасылардың саны жыл сайын артуда. Сәйкесінше репродуктивті медицинаның да мүмкіндіктері молая түсуде. Елде ЭКҰ өткізуге барлық мүмкіндіктер бар.
Біз үшін маңызды мәселелердің бірі – мамандардың жетіспеушілігі екені құпия емес. Осыған байланысты «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бізге үлкен көмегін тигізеді деп айтуға толық негіз бар. Өткен жылы ғана осы бағдарлама бойынша 5 жас маман жұмысқа қабылданды. Олардың барлығы жеңілдетілген несиелер мен көтерме қаражат алды. Медицина саласында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы біз тек жас мамандарды ғана емес, сонымен қатар қалаларда жұмыс істейтін көп жылдық тәжірибесі бар мамандарды да тартатынымыз қуантады. Осындай мүмкіндікті сыйлаған, мемлекетке алғысымызды білдіреміз. Сөзсіз, бұл мамандардың жетіспеушілігін болдырмаудың ең жақсы әдісі деп санаймын. Дегенмен, Шу аудандық ауруханасында әлі де 6 маман жетіспейді. Бұл фтизиатр, реаниматолог, инфекционист, травматолог, трансфузиолог, ультрадыбыстық дәрігер. Осы себеппен, бізде көптеген зейнет жасындағы ардагер дәрігерлер әлі күнге дейін қызмет етуде.
Соңғы жылдары орталық ауруханада кейбір дәрігерлердің жетіспеушілігінен аудан тұрғындары ірі қалаларға қаралуға мәжбүр болуда. Бақытымызға орай, орталық аудандық ауруханаға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша инфекционист, эндокринолог, уролог, реаниматолог келді. Қазір біз басқа да сұранысқа ие мамандарды тарту үшін қалада жұмыс істейтін дәрігерлермен келісімшарт жасасып жатырмыз. Жоғарыда аталған мәселелер болашақта өз шешімін табады деп үміттенеміз.
Қазіргі таңда, мемлекетімізде цифрландыру саясаты жүзеге асырылуда. Біз қағазбастылықтан арылуға бағытталған осы маңызды процестен көп пайда көреміз. Бұл уақытты үнемдеудің тиімді әдістерінің бірі. Қазіргі уақытта барлық пациенттер туралы ақпарат арнайы мәліметтер базасына енгізілген және пациенттерге медициналық мекемелерге жүгінген кезде тек төлқұжат немесе жеке куәлік қажет. Денсаулық туралы барлық ақпарат дерекқорда сақталады. Тіпті, шалғай ауылдардың тұрғындары e-Gov порталы арқылы кезекке тұрып, белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауына келе алады. Алайда, облыс бойынша біздің аудан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деңгейі бойынша артта қалып отыр. Мысалы, ауданда міндетті медициналық сақтандырудың федералды қорына жарна салмайтын азаматтардың саны шамамен 13 мыңды құрайды. Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарналарды төлемейтін азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде үлкен қаржылық шығындарға ұшырайды және МРТ-дан өту үшін де, сынама тапсыру үшін де ақы төлейтін болады. Сол үшін, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеу әлдеқайда тиімді деп санаймын. Сондықтан да өз денсаулығыңыздан қаржы үнемдеудің қажеті жоқ!
Көріп отырғанымыздай, ауданның денсаулық сақтау саласы бір орында тұрып қалған жоқ. Осы жексенбіде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін өңірдің медицина қызметкерлері ұлт денсаулығын сақтау жолына бар күш-жігерін салатынына сенімдіміз. Әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын!

Жайдар Айтишев,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.