Барлық бала сау болсын
Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Бұл өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған жандардың ақадал еңбегіне алғыс айтып, оларды құрметке бөлейтін мезет. Себебі, басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ақ желеңді жандардың көмегіне жүгінеміз. Әрине, бұл салаға келгенде біраз адамның базына айтары сөзсіз. Десе де, мамандығына жауапкершілікпен қарайтын шипагерлердің аз еместігін айтқымыз келеді.
Адамның бауыр етіне баланатын бала болса, оның денсаулығы мемлекетті және ата-аналарды алаңдатады. Сондықтан басылымның бүгінгі санын Шу аудандық орталық ауруханасының балалар бөлімшесіне арнауды жөн көріп отырмыз. Ақпарат алу үшін аталмыш бөлімшеге бас сұққанымызда бізді меңгерушінің уақытша міндетін атқарып жүрген Гауһар Телбаева қарсы алды. Себебі бөлімшені басқаратын дәрігер Айжан Барибаева еңбек демалысына шыққан екен.
Жүзінен жылу төгілген Гауһар Дулатқызынан негізгі жұмысы туралы сұрағанымызда «ауданның бас балалар дәрігерімін» деген жауап алдық. Бұдан соң біз бөлімшенің тыныс-тіршілігі туралы сұрай бастадық.
-Аудандық орталық аурухананың балалар бөлімшесінде науқастарға арналған 9 бөлме, 20 төсек орны бар. Сондай-ақ басқа да қажетті бөлмелер қызмет жасайды. Кейде балалар арасында ауру өршігенде төсек орындар саны 30-ға дейін ұлғайтылады. Оларға бөлімше меңгерушісі бастаған дәрігерлер, мейірбикелер мен санитар мамандар қызмет көрсетеді,-дейді Гауһар Дулатқызы.
Расымен, бөлімше іші мұнтаздай таза, әрдайым ілтипат көрсетіп тұратын мейірбикелердің көмек көрсетуге асығып тұратынын аңғардық. Мұнда Т.Малмакова аға мейірбикелік етсе, 42 жыл еңбек өтілі бар Галина Ермекбаева мен 40 жылға жуық жұмыс істеген Сурая Мамедовалар балдырғандарға өзінің немересіндей қарап, қамқорлық танытады. Ал ұжымдағы ең жас мейірбике Гүлфаризат Дәулетбаева да өмірінің 20 жылын осы салаға арнаған екен. Сол секілді Д.Газиева, Г.Аманқұлова, Н.Қойтанова сынды мейірбикелер балаларға мейіріммен қарап, тиісті ем-шараларды жүргізіп келеді.
Бөлімшені уақытша басқарып жүрген Гауһар Телбаева да ғұмырының ширек ғасырын денсаулық сақтау саласына арнап, оның 15 жылында педиатр ретінде еңбек еткен. 1998 жылы Семейдегі медицина академиясын осы мамандық бойынша тәмамдаған ол алғашқы жұмыс жолын анестезиолог-реанемотолог болып бастаған. Төрт жылға таяу осы қызметті атқарған дәрігер кейін өз мамандығына оралады. Көп жылдар бойы аудандық ауруханада, кейінірек бір жылдан аса Алматы қаласындағы №11 емханада педиатр болып еңбек еткен. Туған жеріне қайта оралған Гауһар Дулатқызы бас педиатр ретінде жалпы тәжірибелік дәрігерлерге бала денсаулығы бойынша кеңестер беріп, жаңа туған нәрестелердің жағдайымен танысады. Сонымен қатар, бөлімшедегі балалардың да денсаулығынан хабар алып тұрады.
-Педиатр болу оңай жұмыс емес. Себебі кішкентай балалар қай жері ауырып жатқанын айта алмайды. Осындай кезде дүниеге бір ұл, бір қыз әкелген ана ретінде, дәрігер ретінде науқасты мазалаған себепті анықтап, қажетті шаралар қабылдаймыз. Қазіргі таңда аналар өз денсаулығын дұрыс күтпейді. Құрсағына сәби біткен ана ең алдымен дұрыс тамақтанып, таза ауамен тыныстап, бала денсаулығына зиян беретін ішімдік, темекі, уайым-қайғыдан аулақ болғаны жөн. Ал балалары өмірге келгеннен кейін ең әуелі балаларды дұрыс тамақтандыруға дағдыландыру керек. Себебі, соның салдарынан балалардың арасында қант диабетіне ұшырау деректері тіркеледі. Сонымен қатар, көру қабілеті нашарлаған балалардың саны да көбейіп келеді. Оған басты себеп – балалардың ұялы телефонды пайдалануы. Оның орнына балалар көп қимылды қажет ететін ойындарды ойнап, далада көп жүрсе, өте пайдалы болар еді. Сол секілді ет пен сүт өнімдерімен бірге пайдалы шөп тағамдары мен жемістер жеген дұрыс. Өйткені, қазіргі кезде балаларға «К» дәрумені жетіспейді. Соның салдарынан тамырлар өте әлсіз болады,-дейді ауданның бас балалар дәрігері.
Дәрігердің айтуынша, Шу қаласын есептемегенде ауданымызда 18 жасқа дейінгі балалар саны 19,5 мың шамасында. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 1044 бөбек бар. Сонымен бірге, 5 жасқа дейінгі 5186 бала дәрігерлерге жиі жүгінеді екен. Қазіргі таңда аналардың көпшілігі екпелерден бас тартып жатады немесе мерзімінен кешігіп қабылдайтын көрінеді. Сол себепті балалар арасында ауру-сырқау көбейе түскен. Мұны дәрігерлер дабыл қағып айтып, ата-аналарды уақытылы екпе алуға, интернеттегі негативті дүниелерге мән бермеуге шақыруда.
«Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деген нақылды айтқан халқымыз бала денсаулығына терең мән берген. Түрлі ауруға ұшырап, тағдыры сыналып жатқан балапандарды көргенде жүрегіміз сыздай түседі. Сонда ішімізден де, сыртымыздан да барлық бала сау болсыншы деп дұға етеміз. Сондықтан, балалар ауырмасын, болашағымыз жарқын болсын демекпіз.
Б.Емберді