Ақпараттық портал

Балаларға базарлық

Өңірімізде «Шу қайырымды аналар» деп аталатын қайырымдылық қорының жұмыс жасайтынын аудан тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. 2019 жылы құрылған бұл қорға Балхожаева Шолпан Фрунзебекқызы жетекшілік етіп келеді. Қордың басшының бір көмекшісі және үш адамнан тұратын мүшелері бар.

Қордың мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға қол ұшын беру. Демеушілер тарта отырып, сол арқылы шын мәнінде көмек қажет ететін тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету. Материалдық тұрғыдан, азық-түлікпен немесе жөндеу жұмыстары бойынша да түрлі көмектер ұсыну. Бір сөзбен айтқанда, қайырымдылықпен айналысу.
Айта кететін жәйт, қорға мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Олар жан-жақтан демеушілерді өздері іздеп, тауып, қайырымдылықты жүзеге асырады және тек Шу ауданымен шектелмей, Алматы облысы аумағындағы демеуші азаматтармен де бірлесіп жұмыс жасап келеді.
Жуырда қор басшылығы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін де назардан тыс қалдырмады. Мерекеге орай түрлі шаралар ұйымдастырып, балаларға базарлықты күні бұрын бастап кетті. Нақты айтар болсақ, 27-мамыр күні аз қамтылған отбасылардан шыққан 27 баланы «Fаmіlу time» ойын-сауық орталығына 3 сағат тегін ойнатып, балмұздақ, сусындар таратып, орталықтың дәмханасынан дәм ұсынды. Ал, 31-мамыр күні 25 баланы «Синема парк» кинотеатрына тегін киноға апарып, мұнда да балаларға тегін балмұздақ пен сусындар таратылды. Сондай-ақ, 1-маусым күні Төле би ауылындағы «Даңқ» аллеясында мерекеге орай 180 дана балмұздақ, тәтті құлпынай таратылды. Көңілді аю кейіпкеріндегі аниматор шақырылып, балаларға өз өнерін көрсетті. Осы күні «Kөкірек» ойын-сауық орталығында 20 бала 2 сағат тегін ойнап, әдеттегідей оларға да тегін балмұздақ пен сусындар таратылды. 2-маусым күні Төле би ауылы, «Даңқ» аллеясында орналасқан ойын-сауық алаңына Төле би ауылдық округі әкімінің қолдауымен 18 бала тегін ойнатылып, балмұздақ пен өзге де тәттілер үлестірілді.
Осылайша, Балаларды қорғау күні мерекесіне «Шу қайырымды аналар» қоры да айтарлықтай үлес қосып, көптің алғысына бөленді.
Динара Бақытжанқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.