Ақпараттық портал

Дәулет Ахметбеков: «Халық денсаулығы бәрінен маңызды»

Қоғамдағы сан түрлі салалардың ішінде денсаулық саласы алғашқы орынға ие және аса маңызды салаға жатады. Өйткені, бұл сала адам өмірімен тікелей байланысты. Ал, адам мемлекетіміздің басты байлығы болса, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екені мемлекет басшылығы тарапынан сан мәрте айтылып келеді. Сондықтан бұл саланың қызметкерлеріне артылған жүк те ауыр әрі аса жауапты.

Мол жауапкершілікке толы осы қызметті жүзеге асырып отырған «Шу қалалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бүгінде қала тұрғындарына жан-жақты медициналық көмек көрсетіп келеді. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты бұл кәсіпорын 2009 жылдан шаруашылық жүргізу құқығында. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында аталмыш кәсіпорынға жаңа басшы ретінде Ахметбеков Дәулет Хамитұлы бас дәрігер болып тағайындалды. Осыған орай, жуырда біз жаңа басшымен жолығып, қалалық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен қолға алынған жаңа бастамалар жөнінде әңгіме өрбіткен едік. Мұны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
-Дәулет Хамитұлы, жыл басынан бері айтарлықтай уақыт өткендіктен, бүгінгі таңда аурухана тынысымен толықтай таныс болдыңыз деген ойдамыз. Сондықтан, өзіңіз басшылық етіп отырған мекеменің бүгінгі жай-күйі жөнінде баяндап берсеңіз. Қазіргі уақытта мұнда көрсетілетін көмек түрлері қандай, қанша бөлім немесе бөлімше жұмыс жасайды?
– Шу қалалық ауруханасы қолданыстағы мемлекеттік лицензиялар мен өтінімдерге сәйкес амбулаториялық-емханалық медициналық көмекті, стационарлық медициналық көмекті, соның ішінде стационарды алмастыратын көмекті көрсетеді.
Қалалық аурухана құрамында 8 клиникалық, 2 қосымша яғни, зертхана мен диагностикалық бөлім халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, клиникалық бөлімшелер: триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі; терапевтикалық бөлім; ауданаралық нейроинсульт бөлімі (ІІ деңгей); ауданаралық жарақат бөлімі (II деңгей); перзентхана бөлімі (I деңгей); ота бөлімі (II деңгей); балалар бөлімі; реанимация және қарқынды терапия бөлімі. Сондай-ақ, көмекші қызмет бағытында трансфузиология кабинеті; қосымша қызмет бағытында клиникалық диагностикалық зертхана; ИФА, бактериологиялық, цитологиялық, гистологиялық, қышқыл-негіз балансының зертханалары; консультативтік-диагностикалық бөлім: физиотерапия кабинеті, жаттығу терапиясы, массаж; эндоскопиялық диагностика–фиброгастроскопия, ультрадыбыстық, бронхоскопия, колоноскопия; рентгендік диагностика, ультрадыбыстық, КТ (компьютерлік томография) қызметтері жолға қойылған.
Шу қалалық ауруханасының құрамына кіретін ауданаралық травматология бөлімі мен нейроинсульт бөлімі ұзындығы 123 шақырымға дейінгі Шу, Мойынқұм аудандары мен Шу қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, Мойынқұм, Шу аудандары, Төле би ауылы және Шу қаласының тұрғындарына қызмет көрсете отырып, дәрігердің нұсқауы бойынша науқастарға КТ (компьютерлік томография) жүргізіледі.
-Ауруханада жалпы қанша қызметкер бар, олардың біліктілік деңгейі қандай?
– Ауруханада барлығы 236 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 33 дәрігер, 104 орта буын медицина қызметкері, 68 кіші буынды медицина қызметкері және басқа 31 қызметкер бар. Санатты дәрігерлердің үлесі-26 яғни, 81,3%. Санатты орта буын медицина қызметкерлерінің үлесі-91 яғни, 87,7 %. Ұйымның барлық медициналық персоналында тиісті мамандық бойынша мамандардың жарамды сертификаттары бар.
-Аурухананың материалдық-техникалық базасы жөнінде айтып берсеңіз.
-Материалдық-техникалық база сұранысқа сәйкес қажетті медициналық аппараттармен қамтылып келеді. Атап айтқанда, өкпенің жасанды вентиляциясы аппараты, көп функциялы төсек, науқастарды Тараз қаласына тасымалдау үшін реанимобиль бүгінгі таңда қолданыста. Қазіргі уақытта қосымша өкпенің жасанды вентиляциясы аппараты, нарқоз-тыныс алу аппараты, ультрадыбысты аппарат, рентген аппараты, лапароскоп, ұрықтың кардиотопографиялық аппараты сынды қажеттіліктерді сатып алу үшін құжаттар дайындалуда. 2024 жылға қалалық аурухананы жаңғырту, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа ангиограф жабдығын сатып алу көзделуде. Аурухана жалпы саны 170 төсек орынмен қамтылған. Оның 15-і күндізгі стационарлық төсек болып табылады.
-Медициналық сақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
-2020 жылғы 1 қаңтардан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске асыру басталған болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты қағидаттарының бірі – халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту. Медициналық сақтандыру жүйесі аясында ауруханада тегін емделудің екі жолы бар. Жоспарлы түрде ауруханада емделу яғни, дәрігердің бағыттауы бойынша созылмалы аурулар мен өмірге қауіп төндіріп тұрмаған ауруларды емдеу. Сонымен қатар, шұғыл ауруханаға жатқызу. Бұл науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған, кейінге ысыруға келмейтін ауру бойынша ауруханадағы ем. Шұғыл емдеу әрдайым тегін жүргізіледі. Шұғыл медициналық көмекті қажет еткен адамға тіркеуі жоқ болса да, көмек көрсетіледі.
-Мемлекеттің басты байлығы оның халқы болғандықтан, халық денсаулығына қырағылық әрқашан бірінші кезектегі мәселе болып қала беретіні анық. Соңғы жылдары жүкті әйел, өмірге дені сау ұрпақ әкелудің жай-күйі қалай өрбуде?
-Жүкті әйел мен дүниеге келген сәбидің денсаулығы әрқашан білікті дәрігерлер бақылауында болады. 2021 жылы аурухананың перзентхана бөлімінде үш егіздер дүниеге келген болатын. Мұнан кейін егіз, үшемнің дүниеге келуі тіркелген жоқ. Ал, ағымдағы жылдың бес айы ішінде 219 әйел босанса, оның 23-і өкінішке орай медициналық көрсеткіштер бойынша кесір тілігі арқылы жеңілденді.
-Қазіргі таңда ауруханада маман тапшылығы мәселесі бар ма? Нақты қандай мамандар жетіспейді? Оның шешімін табудың қандай жолдары қарастырылуда?
-Қалалық деңгейдегі аурухана болғандықтан және ауданаралық деңгейде қызмет көрсететін бөлімдер жұмыс жасайтындықтан, маман тапшылығы жоқ деп айта алмаймыз. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда неонатолог, реаниматолог, реабилитолог мамандары жетіспейді. Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында жас мамандарға арналған әлеуметтік пакет және жас мамандарға үй сатып алу үшін мемлекет мамандарды пайызсыз несиемен қамту қажет деп санаймын. Әсіресе, жас мамандарға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған мамандарға жалға берілетін тұрғын үй мәселесі өзекті мәселелер қатарында тұр. Бұған жоғарыдағы билік өкілдері баса назар аударған жөн.
-Қандай қызмет болса да оның өзіндік қыр-сыры, зор жауапкершілікті қажет ететін күрделі тұстары болатыны анық. Сын сағатта қырағылық танытып, өз жұмыстарына әркез тиянақтылықпен қарайтын, белсенді қызметкерлер бар ма? Олардың есімдерін атап өтсеңіз.
-Жалпы, ұжымдағы барлық қызметкерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға тырысады. Өйткені, халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Дегенмен, олардың арасынан белсенді қызметкерлер ретінде терапиялық бөлімше меңгерушісі А.А.Билалова, нейроинсульттік бөлімше меңгерушісі Г.С.Байсымаков, перзентхана меңгерушісі А.Ю.Штоль, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Т.М.Тұрғынбаев, жарақат бөлімшесінің меңгерушісі К.Г.Сафаровтарды атап айтуға болады.
Төл мерекеміздің қарсаңында барша әріптестерімді Медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, зор денсаулық, қызметте табыс тілеймін!
-Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.