Ынтымағы жарасқан ақ халаттылар
Қорағаты ауылдық округіне қарасты Мойынқұм ауылдық дәрігерлік амбулаториясындағы медицина қызметкерлерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасына байланысты ауыл тұрғындарының тек жылы лебіздерін естіп келе жатқандықтан, мекеме басшысы Мамедова Ханзуда Сәмедқызымен сұхбаттасып, пікір алмасқанды жөн көрдік.
Тарихи іргетасы 1929 жылы қаланған Қорағаты округінің орталығы – Мойынқұм ауылының бертін келе Дружба аталуының да өз мәні бар.1937 жылдары түрік, талыш азаматтары, 1938 жылдары неміс, украин, татар, әзірбайжан, қарашай, поляк, армян, латыш, ұйғыр, кәріс, жалпы саны 17 ұлттың өкілдері тағдыр талқысымен осы мекенге жер аударылып келеді. 1953 жылы Мойынқұм ауылында алғаш медициналық мекеме пайдалануға берілді. Бас дәрігері болып неміс ұлтының жоғары білімді маманы Альвина Апельганс тағайындалды. Енді, міне 70 жыл өткен уақытта тарихи деректерге үңілген едік. Сол уақыттан бері Валерий Цой, Аманәлі Ахметов, Фарадж Талышханов, Гулшат Карбозова, Мұрат Жасаров, Эллада Ибрагимова, Сәден Естаев сынды өз мамандығының нағыз кәсіби шеберлері еңбек еткен мекеме 2013 жылы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңа ғимаратқа көшірілді.
Бүгінгі таңда дәрігерлік амбулаторияда 13 медицина қызметкері еңбек етеді. Төрт түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжым мүшелері мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Округке қарасты Жиенбет, Еңбек ауылдарындағы соңғы үлгідегі дәрігерлік пункттерде өз істерінің шебер қызметкерлері еңбек етіп келеді. Зертхана меңгерушісі С.Тоқтыбаева мен аға медбике Т.Қалықова 38 жыл осы салада тер төксе, Еңбек ауылының аға медбикесі Р.Бекботаеваның табан аудармай бір мекемеде қызмет етіп келе жатқанына 40 жылға таяп қалған. Жиенбет ауылының учаскелік медбикесі Р.Жұматаева 40 жыл қызмет етіп, жақында зейнеткерлік демалысқа шықты. Еңбек, Жиенбет ауылдарында медицина қызметкері болып жүріп марқұм болған С.Тұтқабаева да ширек ғасыр осы салаға өмірін арнады. Бұл азаматшалардың кейінгі буын – жастарға үлгі боларлық істері де айтарлықтай. Өз істерінің майталман шеберлеріне тұрғындар тарапынан тек жылы лебіз ғана айтылады. Адам баласының жаны ауырған жерінде тұрады. Әлемді жайлаған Коронавирус індеті кезінде науқастардың санын азайтуға, ахуалды тұрақтандыруға бұл ұжым да барынша күш салды. Әрине, ең бірінші денсаулық саласы қызметкерлері алдыңғы лекте болуы заңды. Бұл тұста мейірбикелер – К.Сержанова, А.Гасанова, А.Құлбай, А.Қалабаева, А.Қожагелдиева секілді тәжірибелі мамандардың ерен еңбектерін атап өткен жөн. «Жас келсе, іске» демекші, Фархат Қадіржанұлы, Р.Ханкишиева, Балаоғлан Насиб Азадоғлы секілді жас мамандар да ұқыпты істерімен ерекшеленуде.
Тиісті мамандардың жетіспеушілігіне байланысты біздегі 3 медицина қызметкері 1300-ден астам тұрғыны бар көршілес Ақтөбе ауылының фельдшерлік амбулаториялық пунктінде қызмет етеді.
-Бір айта кетерлік жәйт, 4165 тұрғын мекен еткен төрт ауылдың халқының денсаулық жағдайларын жоғарғы санатты дәрігердің бақылауында ұстауына мүмкіншілік бола бермейді. Аудан орталығына, округке қарасты ауылдарға шақыртулармен кеткен кездері бас дәрігердің орнында білікті фельдшер дәрігердің болғаны дұрыс болар еді. Себебі, шақыртулар мен түрлі екпе жұмыстары кезінде жұмыс орнында күнұзаққа дейін болмайтын кездер болады. Бұл туралы аудандық бас дәрігерге де ескерткен болатынбыз. Жуық арада бұл мәселе шешімін табады деген үміттеміз,-деп жұмыс жайынан хабардар етті Х.Мамедова.
-Халық денсаулығына жан-тәнімен беріліп, еңбек еткен медицина қызметкерлерінің еңбектеріне қандай марапат айтса да жарасады. Күн сайын өзгеріске толы заманда кінәмшіл, өз қателігін біреуден көруге дайын адамдар қатары да көбейді. Медицина саласындағы дау-дамайларды күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жатырмыз. Тәуіп көбейді, көріпкел әр ауылда бар. Интернет жүйесінде қисынды-қисынсыз түрлі хабарлар таратылып жатыр. Осы жерде бір айтқым келетін нәрсе, ауру айтып келмейді. Ғылым мен білім дамыған заманда ескі түсінікпен ем-дом қабылдап, тәуір болатын шығармын деп жүріп, асқындырып аламыз да, дәрігерге барған кезде тез арада ем қонбаса, кінәліні іздейтін әдетіміз бар. Кез келген аурудың алдын алу шаралары туралы жергілікті медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асып, дер кезінде орындасақ, салауатты өмір салты өзінен-өзі қалыптасар еді. Тегінде дәрігерлердің еңбегі ешқандай өлшемге сыймайтыны рас,-деп Жиенбет ауылының қариясы Қ.Қамзаев ақжарылған ниетін білдірді.
Иә, халқымызда «Жақсы деген – сөз жақсы» делінген қанатты сөз бар. Жамандау әр адамның қолынан келеді, ел болған соң әртүрлі сөз айтылатыны рас. Күні бүгін өз қызметін жолға қойғанына 70 жыл толып отырған Мойынқұм фельдшерлік-дәрігерлік амбулаториясының бірлігі бекем, татулығы жарасқан ұжымының халқына көрсеткен қызметі үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алдағы уақытта да толағай табыстарға жете беруіне тілектестік білдіреміз.
Н.Қоңырбаев