Ащы су (алкоголь) адам өмірін қысқартады
Алкоголь – ішімдік, бұл – әртүрлі ашыған ерітінділерден алынған наркотиктік әсері бар, этил спирті. Ол шараптың, сыраның негізгі масайтатын элементін құрайды.Алкогольді сусындардың (арақ, коньяк, шарап, виски, сыра және т.б.) құрамында этил спирті немесе этанол бар. Алкоголь дегеніміз – өте күшті у болып табылады, неге десеңіз, 70 пайыздық спирт, медицинада микробтарды өлтіру үшін (залалсыздандыру үшін) қолданылады. Арақтың 95 пайызы адамның ағзасында тотығып, көмір қышқыл газы мен суға айналады, тек 5 пайызы тотықпаған күйінде сыртқа шығарылады. 1 сағатта алкогольдің 7-9 грамы ғана тотығады, ал 50 грамм арақ ағзада 2-3 сағат бойы тотығады, яғни осы уақыт бойы адамның ми, бауыр, бүйрек, жыныс бездеріне әсер етіп, зиян шектіреді. Арақ алдымен адамның көңіл-күйін көтереді, мидың жұмыс істеу қабілетін төмендетеді, агрессия тудырады. Алкоголь қан арқылы адамның барлық дене мүшелеріне тарайды. Адам ішімдік ішсе, спирттің әсерін бірден сезеді. 10-15 минуттан кейін-ақ алкоголь асқазаннан қан айналымы жүйесіне түседі және бүкіл ағзада айнала бастайды. Егер, алкогольді ішімдіктерді көп мөлшерде және жиі тұтынса, адам өзінің денсаулығына залал келтіріп және жақындары мен достарына көптеген келеңсіздіктер туғызады. Жұмыстан, үйден, жанұясынан, достарынан, өмірінен тіпті өмірдегі бар қымбат дүниеден айырылуы мүмкін. Алкогольді шектен тыс қолдану артериялық қысымды көтереді және жүрек бұлшық еттерінің әлсіреуіне алып келеді. Әйел ағзасына күшті әрі ұзақ әсер етіп, бауыр қызметін бұзады. Бала туу қызметіне де қиын өзгерістер әкелуі мүмкін, дені сау ұрпақты дүниеге әкелу мүмкіндігінен айырып, балалардың кемістікпен тууына әкеледі. Жыныстық жолмен берілетін ауруларды адамдардың көбі мас күйінде жұқтырады. Ішетін адам тез қартаяды, өз жасынан үлкен көрінеді және өмірі 15-20 жасқа қысқарады.
Сондықтан алкогольді сусындардың орнына қымыз, шұбат ішсе адам ағзасына келер пайдасы мол. Қымыз ауруға ем, бойға қуат, дертке шипа, денеге күш береді. Жалпы, қымыздың емдемейтін дерті жоқ, қан қысымынан бастап, жүрек-талма ауруларын емдеуге таптырмайтын шипа.
Бие сүті құрт ауруына, жүйке ауруларына бірден-бір ем, өйткені оның құрамында В дәруменімен бірге В2, В12 дәрумендері бар. Шұбат – қазақ халқының ежелден келе жатқан қоректік, емдік қасиеттері бар дәстүрлі сусындарының бірі. Адам ағзасында жеңіл қорытылады. Асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиеті бар. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп қана қоймай, ішектің қызметін де жақсартады. Ғылыми негізде алсақ, шұбат – авитоминоз, қант диабеті (шұбатта көп мөлшерде инсулин болады), өкпе туберкулезі, қан аздық, гастрит, колит, ағзаны әлсірететін өзге де көптеген аурулардың алдын алады. Оның үстіне шұбатта ағзадағы зат алмасуға қажет фосфор, қальций, магний тұздары А, В1, В2, С, және Д витаминдері үш есе көп. Қазіргі кезде қымыз бен шұбатпен өкпе ауруларын емдейтіні, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететініні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған.
А.Кожанова,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі
қоғамдық денсаулық сақтау
басқармасының бас маманы