Ауылда жаңа саябақ ашылды
Әр өңірдегі әр жылғы мектеп түлектері өздерінің мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл сынды мерейлі белестер толып жатқан кезде барша сыныптастарымен, ұстаздарымен бас қосып, игі шаралар өткізіп жатады. Мұндай шаралар аясында әсіресе соңғы жылдары мектеп түлектерінің өздері білім алған алтын ұяларына немесе туып-өскен ауылдарына көрнекті тартулар жасауы да дәстүрге айналған. Мысалы, кейбір түлектер бірлесе отырып, мектепке материалдық тұрғыда көмек көрсетсе, енді бірі құрылыс жұмыстарына атсалысады. Ал, кейбір түлектер жергілікті әкімдікпен ақылдаса отырып, ауылға саябақ ашу, балалар алаңын жабдықтау сынды үлкен істерді жүзеге асырып жатады.
Соның жарқын дәлелдерінің бірі – жуырда Балуан Шолақ ауылында 1986 жылы туып-өсіп, осы мекендегі М.Ғабдуллин атындағы орта мектепті 2003 жылы яғни, жиырма жыл бұрын тәмамдаған түлектер қазіргі таңда әр тарапта жүрсе де, мерейлі сәтте туған жерде бас қосып, ауылға өзіндік тарту жасады. Нақты айтар болсақ, мектептің ер азаматтардан құралған түлектері ауылда шағын саябақтың ашылуына ұйытқы болып, ауылдастарының алғысына бөленді. Жұмысы көктемде басталып, «Туған жер» атауын иеленген саябақ ішіне Меркі ауданынан арнайы тапсырыспен жеткізілген, ауыл топырағын жерсінетін 46 сәндік тал егілді. Саябақтың кіреберіс қақпасының ішкі бетіне «Ауылым – алтын бесігім» нақыл сөзі жазылды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) төселіп, алты орындық, әр орындық маңына урна, моторлы су шығару жабдығы және түлектердің тартуына негізделген сөздер жазылған тақта тас орнатылды. Жалпы сомасы 1 млн. 200 мың теңгені құраған аталмыш саябақ 1 маусым күні ашылып, осы күнмен қатар келген қос мерекеге тұрғындар үшін тамаша тарту болды.
Салтанатты сәтте ауыл әкімі Д.Сандыбаев, ақсақалдар алқасының төрағасы Е.Текебаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізіп, саябақтың лентасын қиды. Ал, ардагер ұстаз, зейнеткер Ф.Майлыбаева саябақтың ашылуына орай арнау жырын оқыса, ауылдың батагөй ақсақалы Ә.Садырбаев ақ батасын берді.
Мұнан кейін игі шараға жиылған ұстаздар, оқушылар, түлектер, жалпы ауыл тұрғындары саябақтың ішін аралап, естелік суретке түсті.
Динара Бақытжанқызы.