Көппен көтерген жүк жеңіл
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Сол өсиетті ескеріп, Ақсу ауылдық ақсақалдар алқасы ауыл тұрғындарына ізгі ниетпен қайырымдылық жасай отырып, ауыл іргесіндегі қорымды қоршауды қолға алдық. «Көп түкірсе – көл» демекші, бұл ұсынысты ауыл тұрғындары құп алып, қор жинай бастадық. Жиналған қор 2,500 млн. теңгені құрады. Бұл тұста ауыл ақсақалы Сәкен Хусайынов көппен ақылдаса келіп, дереу іске кірісті. Бұл игі бастаманы ауыл жастары да қолдады. Бар мүмкіншілікті пайдалана отырып, басталған істі аз уақыт ішінде аяқтады. Сондай-ақ, екінші қорымды ауыл ақсақалдары алқасының мүшесі О.Қалиев бастаған азаматтар қолға алып, мәресіне жеткізді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, игі істің басталуына ұйытқы болған Ақсу ауылының алқа би төрағасы Н.Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы А.Инкарбеков, ауыл белсенділері Ж.Дигарбаев, С.Хусайынов, М.Караулов, Н.Жұмабеков, Ш.Бірімқұлов, Б.Қасымов сынды ауылдың жаны жайсаң азаматтарына және сол қорым жұмысына қол ұшын берген өзге де ауыл тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз. Қолға алған жұмыс сәтті аяқталған соң, дастархан жайылып, ауыл имамы Б.Жаманкеев өмірден өткен жерлестеріміздің рухына құран бағыштады. Барша жұрт ризашылығын білдіріп, баталарын берді.
Төреқұл Әлханұлы,
Ақсу ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.