керекті кеңес берілді
Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп кейбір ақпаратты қажетсінбейтініміз рас. Оның үстіне смартфон тұрғанда мерзімді баспасөзге көңілді сирек аударамыз. Ал мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жаңалықтар басылым бетіне жарияланып жатады. Сондықтан көпшілік жиі жүретін орындарда кеңес беру алаңдарын ұйымдастыру өте тиімді болмақ.
Осы аптаның ортасында Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен осындай шара өткізілген болатын. Нақты айтқанда, орталық базарда кеңес беру алаңы жұмыс жасады.
Шу қаласы мен аудан орталығында өткен шарада мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық, психологиялық, теологиялық, ақпараттық бағытта кеңестер беріліп, жеке сұрақтарымен қайырылған жастарға қажетті мағлұматтар ұсынылды.
Жалпы алғанда, Жастар ресурстық орталығы мұндай шараны өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұндағы мақсат – мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жеңілдіктерді жастарға таныстырып, толғандырған сауалдарына жауап беру. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатындығын айтады ұйымдастырушылар.
Әйгерім Тұрарбек