Ақпараттық портал

Өрісі кең, өнегелі Азамат

Жерлесіміз Жақсылықов Тимур Данибайұлы 1974 жылы ауданымыздың Белбасар ауылында дүниеге келген. О.Жандосов атындағы мектептен орта білім алып, кейін 1992-1996 жылдары Тараз қаласында жоғары кәсіпкерлік мектебін сырттай бітіреді. Ал, 2008-2010 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетінде «Көлік, көліктік техника және технологиялар» мамандығы бойынша сырттай оқып жүріп, Алматы жол дистанциясында №161 жол өлшеуіш арбаның механигі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Кейіннен түрлі қызмет жолында еңбек етеді. Атап айтар болсақ, 1994-1996 жылдары Белбасар ауылы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі, 1996-1998 жылдары облыстық сауда өнеркәсіптік орталық компаниясында экспедитор-товаровед, 2000-2001 жылдары Тараз қаласындағы «Наурыз» банкінде тұтынушылардың есеп шотын қамтамасыз ету қызметтерін атқарған. 2006 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ филиалы Шу машиналандырылған жол дистанциясында инженер-технолог қызметіне орналасып, қазіргі уақытта осы мекемеде жол техникасында машина бастығы қызметін атқаруда.
Отбасында жұбайымен бірге үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған бұл азамат көп балалы әке. Әр баланың бойындағы қабілетін байқап, оны жан-жақты дамыту қажет деп есептейді.
-Бала жас шыбық тәрізді. Шыбықты қалай исең, солай өседі. Сондықтан, баланың бойына рухани құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, жақсы тәлім-тәрбие беру керек. Балалардың көп болғаны жақсы, себебі келешекте бір-біріне көмек қолын созып, бауырмал болып өседі. Қызметім қанша қиын болса да, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлемін,- дейді Тимур Данибайұлы.
Әр ұлының бойында кішкентайынан байқалған өзіндік дара қасиеттері бар екен. Мысалы, кіші ұлы Айсұлтан көбіне өзінің жанында жүріп, техника жөндеуге қызығушылық танытып, техникаға жақын екендігін байқатады. Қазірдің өзінде әкесі іссапарға кеткен кезде көптеген ерлер атқаратын істерді, үй тірлігінің барлығын осы ұлы еш қиындықсыз атқаратын көрінеді. Ал, ортаншы ұлы Нұрлыжан әке жолын қуып, темір жол саласында еңбек етуге қызығушылық танытуда. Әкесі баланың бойындағы бұл қабілетін үйде жүргенде баласының ойыншық көліктердің түрлеріне баса мән беріп, олардың қандай бөлшектерден тұратынын зерттегенді жақсы көретіндігінен байқаған. Осының өзінен әкенің бала тәрбиесіне, олардың болашағына немқұрайлы қарамайтындығын аңғаруға болады.
Ұл-қыздарының барлығы дерлік оқуда үздік, білімге құштар, достарының арасында сыйлы. Білімге құштарлық қасиет ата-апаларынан дарыған деп жорамалдайды ерлі-зайыптылар. Өйткені, Тимурдың анасы Күлзия апа 50 жылдан астам уақыт білім саласында еңбек еткен, ауданымызға еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз.
Сонымен қатар, Т.Жақсылықов өнерімен де өзгелерді тәнті етіп жүрген азамат. Мерекелік жиындарда домбырамен күй шертіп, сурет салғанды және отбасымен көбірек уақыт өткізгенді ұнатады екен. Осы ұстанымды балаларына да үйретуге тырысады. Өнерге жақындығы мен белсенділігінің бір дәлелі бір кездері отбасымен аудандық деңгейде өтетін «Парасатты отбасы» байқауында өнер көрсеткен. Ал, балалары мектеп қабырғасында өтетін сурет байқауларының, спорттық жарыстардың жүлдегерлері.
«Біз әдетте әкелер жанұяға тек материалдық жағынан көмек көрсету үшін және бала тіл алмағанда тәртіпке келтіру үшін қажет деп ойлаймыз. Әке болу дегеніміз – балаға жақсы дос, серіктес болу және отбасылық міндеттерді бөлісе атқару екен. Қызым сурет салуды ұнатады. Әр түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. Қыз бала анасына жақын келеді ғой, сондықтан қызымның тәрбиесімен көбіне анасы айналысады. Балаларыма ұлттық салт-дәстүрді үйретуден жалыққан емеспін. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамда өз орнын дұрыс табуында ата-ананың рөлі ерекше»,-дейді Тимур Жақсылықов.
Тимур Данибайұлының жұбайы Жанармен отау құрғандарына 25 жылдан астам уақыт өтті. Отанасы қалалық емханада медбике болып қызмет етеді. Жұбайының айтуынша, қызметте талапшыл әрі қайсар мінезді Тимур отбасында мейірімді, қамқор әке. «Әке балаға сыншы» деген қағиданы ұстанып, ұл-қыздарына өнегелі ақыл-кеңес беріп, қоғамда өз орнын қалдыратын ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсаты санайды.
Сөз соңында өзінің әңгімесін «Бақыттың кілті отбасында екенін ұмытпауымыз қажет», – деп түйіндеді көпбалалы әке Тимур Жақсылықов.
Мөлдір ДАНЕБАЙ,
Тұран университеті
журналистика мамандығының
2 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.