Газ мәселесі қашан реттеледі?
«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса » дегендей, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Шудағы газ таратушы бөлімшесі – Шу газ шаруашылық мекемесі (бұдан әрі Шу газ шаруашылық мекемесі) Тараздағы «Тараз контроль прибор» ЖШС-мен бірлесе отырып, араларында ешқандай келісімшарт болмаса да, халыққа дұрыс та, тиімді қызмет көрсетудің орнына халықтың қалтасын қағып отыр. Қысқасы, газ тұтынушыға «әлімжеттік» көрсетуде. Осы айтқаныма өз басымнан өткен жағдай дәлел деп есептеймін.
Газ құрылғыларының (газ есептегіш, газ пеш, газ плита) зауыттан шыққан құжаттарында қанша жыл пайдалануға болатыны көрсетілген. Мысалы, мен қолданып отырған, Ресейден шыққан газ есептегіш (газовый счетчик), егер жыл сайын техникалық байқау жасалып тұрса, 5 жылда бір рет мемлекеттік тексерістен өтіп тұрса, 21 жыл толық пайдалануға жарайды екен.
Шу газ шаруашылық мекемесі бұл іспен айналыспайды, оған адам да, ақша да бөлінбеген. Бар міндеті – газ есептегішіңізге дейін табиғи газ беру. Ал, сіздің яғни, газ тұтынушының газ құрылғылары техникалық байқаудан, мемлекеттік тексерістен дұрыс та, толық көлемде өтіп жатыр ма, жоқ па, 21 жыл пайдалануыңыздың орнына, 5-7 жыл аралығында пайдалануға жарап жатыр ма, бұл іспен Шу газ шаруашылық мекемесінің шаруасы жоқ. Бұл қазіргі халыққа жасап отырған зорлығы болса керек. Мысалы, өз басым Шу газ шаруашылық мекемесінің газ есептегіш құралын пайдаланып отырғаныма ағымдағы жылдың ақпан айында 5 жыл толады. Мекеме қызметкерлері «Біздің абоненттік бөлімге келіп, журналға тіркеліңіз. Себебі, өтініш берушінің саны жиырмаға толмаса, Тараз қаласынан «Тараз контроль прибор» ЖШС-нің мамандарын шақырта алмаймыз » – деген соң осы жылдың 31қаңтар күні журналдағы тізімге 5-ші болып тіркелдім. 10-сәуір күні « Тараз контроль прибор» ЖШС-нің Н.Ш.Оразбеков есімді маманы келіп, 1-2 минут газ есептегішімнің істеп тұрғанын көріп, бізден 7 мың теңгені сұрап алды да, газ есептегіштің 5 жылға дейін іске жарамды екендігін айтып, сертификат жазып берді де кете барды. Төленген 7000 теңге үшін түбіртек те (квитанция) жазып берген жоқ. Менің, «Газ есептегішім 1-2 жылда тоқтап қалса, не істейміз?»- деген сұрағыма «Лақтырып жібер де, жаңасын қойғызыңыз» деп жауап берді. Бұл алаяқтықты Шуға халықпен кездесуге келген облыс әкіміне тікелей жеткіздім. Сонымен қатар, 17 мамыр күні Шу ауданының прокуроры Қ.Қуатбековке осы мәселе бойынша қылмыстық іс қозғау жөнінде арыз жаздым. Облыс әкімінің халықпен кездесуінен кейін, Шу газ шаруашылық мекемесінің бастығы Э.Т.Кененбаевқа барып, болған жайтты түсіндірдім.
«Кел дедіңдер келдік, абоненттік бөлімде кітапқа 5-ші болып тіркелдік, газға ақшамызды квитанциямен де, электронды түрде де уақытылы аударып отырмыз. Менің не кінәм бар, неге маған газ есептегішіңіз мемлекеттік тексерістен уақытылы өтпеді деп 23.02.2023 жыл мен 10.04.2023 аралығында үстеме бағамен 45 күнге ақша төлетесіздер. Бұларыңыз аздай тағы сәуірдің төлем кұжатына осы 45 күнді қосып, қайталап тағы төлетесіздер»-деген уәжіме басшыдан мардымды жауап ала алмадым. Шу Газ шаруашылығы мекемесі бастығының бар айтқаны, «Мұндай жағдайда біздің де кінәміз жоқ». Бүкіл Қазақстан жеріндегі барлық газ (табиғи) тұтынушылардың жағдайы осы болса, бұл дегеніңіз барып тұрған сорақылық емес пе?!
Біреудің қалтасын қағу, алаяқтықпен алдау өңіріміздегі шағын мекемелерде ашықтан-ашық көрініс беріп жатса, толып жатқан министрлік, агенство, комитет, компания мен корпорациялардың жағдайы қалай болғаны? Бұл қазағымның теңгесі былай тұрсын, мемлекеттілік пен тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретіні анық. Сонда елдігіміздің жағдайы қалай болмақ?
Мысалы, Шу газ шаруашылық мекемесі неге газ құрылғылары жеткізілген Ресейдің зауыттарынан арнайы мамандарды алдырмайды? Алаяқтық сынды келеңсіз жәйттерді болдырмау үшін «Тараз контроль прибор» ЖШС сияқты мекемемен келісім-шартқа неліктен екі жақты тұрмайды? Неге газ шаруашылығы жөніндегі мекемелер халыққа қолайлы да дұрыс әрі тиімді қызмет көрсетуге тырыспайды? Неге жергілікті газ шаруашылығы мекемесінде газ құрылғыларын жөндейтін, лицензиясы бар мамандар болмайды? Неге халық екі өкпесін қолына ұстап, «анау алаяқтық жасады, мынау мына адамдарға екі рет ақша төлеткізді»,-деп әр мекеменің табалдырығын тоздыруы керек? Сұрағым көп, бірақ оған алар мардымды жауап әзірше жоқ. Сол себептен, билік өкілдерінен осы сұрақтарыма нақты әрі қанағаттанарлық жауап күтемін.
Б.Ержұманов,
зейнеткер.
Шу қаласының тұрғыны