Ақпараттық портал

Алғашқы форумнан алған әсер мол

Халық сеніміне ие болып, мәслихаттан мандат бұйырған соң жауапкершілік жүгі еселей түсетіні белгілі. Оның үстіне, оған «Amanat» партиясы артқан сенімді қосыңыз. Сондықтан көкейтесті сан-сауалға нақты жауап алу, білімді дамыту, тәжірибе алмасу халық қалаулылары үшін аса маңызды.
Жуырда Астана қаласында «Amanat» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы өткен болатын. Аталған форумға ат терлетіп бірқатар әріптестермен біз де барған едік. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жиыннан ерекше әсер алдық.
Бірінші мәрте өткізілген форумға еліміздің әр түкпірінен келген, құрамында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракция мүшелері бар 2500-ден астам партиялас қатысса, Әулиеата өңірінен 130 әріптес осы шараның қонағы болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқыланған мәжілісте Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы және партия жетекшісі Е.Қошанов, Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың лебіздерін тыңдауға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ салалық министрлермен сұхбат құрып, сұрақ қоюдың да орайы туды.
Көптеген маңызды міндеттер талқыға түсіп, ортақ шешімдер қабылданған форум алдағы жұмысымызға тың серпін беретіні сөзсіз әрі Астананың 25 жылдығына тоқайласқан сапарымыз да ерекше әсерге бөледі. Біз бірінші форумда бірқатар үзеңгілестермен пікірлесіп, байланыс орнатып, көркіне көз тоймайтын әсем астананың сұлулығына тәнті болып, ауылға оралдық.
Астанадағы алқалы жиын аймақтағы депутаттарға да оймақтай ой салған бас қосу болды деп ойлаймын. Бұл жиын дер кезінде ұйымдастырылып, жұмыстағы бағдарға жаңа жоспар қосылды десек, қателеспейміз. Сондықтан ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді.
Жасұлан Әбенов,
Шу аудандық мәслихатының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.