Аймақтық сынға жолдама алды
Қазіргі таңда билік пен бұқараның бас қатырып отырған мәселесі – отбасы институтын нығайту, неке мен отбасы беріктігін сақтап қалу екені белгілі. Сондықтан түрлі тетіктерді қосып, мұны қоғам санасына жеткізіп бағуда. Сондай қадамдардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы екенін атап өткен жөн.
Осыдан 10 жыл бұрын Үкімет қаулысымен бекітілген ұлттық конкурс биыл 9-мәрте өткізілуде. Оған жыл сайын еліміздің әрбір өңірлерінен үміткерлер қатысып, өздерінің үлгілі әулет екендігін паш етіп келеді. Десе де, байқаудың аты байқау болғандықтан, үлгілі отбасылардың ішінен үздігін анықтау жергілікті атқарушы орган жанынан құрылған комиссияға жүктелген міндет.
Осыған орай, өткен аптада «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсының аудандық іріктеуінен сүрінбей өткен қос шаңырақ аймақтық сынға жолдама алған болатын. Балуан Шолақ және Қонаев ауылдарының абыройға кенелген Мадалиевтер мен Оспановтар әулеті аудандық байқауда үздік деп танылды. Оларды жеңістерімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев Мадалиевтер отбасының кейуанасы Шымшық Уәлиқызына құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыс етіп, өнегелі ұрпақ өсіргені үшін аудан басшысы атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, еңбек адамы деп дәріптеуге тұратын ісі бар, жеке кәсіпкер Жұмахан Зәукетайұлына естелік сыйлықты тарту етті.
Өз кезегінде мерейлі отбасы иелері де ризашылықтарын жеткізіп, облыстық сында аудан абыройын барын салып қорғайтынын айтты. Жүзден жүйрік атанған қос шаңырақты ауылы мен ағайыны жақсы таниды. Себебі олар айналасына ардақты, маңайына мәртебелі. Мәуелі бәйтерегі бар қос әулеттен еңбегін еліне арнап, өңірдің, қала берді тұтас елдің дамуына үлес қосып жүрген ұрпақ өрбіген.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш ұлттық конкурс адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Мерейлері үстем болған жерлестерімізді жеңістерімен біз де басылым атынан құттықтап, алдағы сыннан сүрінбей өтулеріне тілектестік білдіреміз.
Б.Емберді