Ақпараттық портал

Шу қаласында халыққа арналған цифрлық кеңсе ашылды

Ағымдағы аптада Шу қаласында «Халыққа арналған цифрлық кеңсенің» ашылу салтанаты өтті. Оған ақсақалдар мен қала тұрғындары, халық қалаулылары және мекеме қызметкерлері қатысты. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз сөйлеп, кеңсе қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

–Бүгін Шу қаласының жұртшылығымен бірге көптен бері күткен қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Уақытты үнемдеп, әурешіліктен арылтатын жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы баршамызға құтты да баянды болсын! Өздеріңіз жақсы білетіндей, Шу қаласында 40 мыңнан аса тұрғын бар. Олар бұрын өздеріне керекті анықтамалар мен түрлі қызметті аудан орталығына барып алуға мәжбүр болатын. Қала тұрғындарының сұранысына сай осы нысан пайдалануға берілгелі тұр.
Осы орайда, бізбен тізе қосып жұмыс істеген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы комерциялық емес акционерлік қоғамына қала халқының атынан алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда құжаттардың басым көпшілігі аталған корпорация арқылы беріледі. Жүз мыңнан астам халқы бар Шу ауданында тағы бір орталықтың ашылуы сапалы қызмет алуға сеп болады деп сенеміз. Баршамыздың ортақ міндетіміз – халыққа қызмет ету екені ақиқат. Әрі халық өтінішіне дер кезінде құлақ түріп, сұраныстарын қанағаттандыру керек. Сондықтан ашылғалы тұрған халыққа қызмет көрсету орталығы осы бағытта өз жұмысын жүзе асыратын болады, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Сонымен бірге, шулықтардың қуанышын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жандос Болатұлы да бөлісіп, өзінің жылы лебізін жеткізді. Цифрлық кеңсе қоғамның сұранысына сай соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Мұнда түрлі қызметтер топтастырылған. Олардың қатарында кеңес беру, өз-өзіне қызмет көрсетуден бөлек, ана мен бала және кросстық бөлмелерді де атап өтуге болады. Осылайша, жергілікті халықтың көптен бергі тілегі орындалды деуге болады. Бұл өз кезегінде күрделі жұмыстарды халықтың ыңғайына қарай жеңілдетіп, тұрғындардың алтынға бергісіз уақытын үнемдеп, аудан орталығына сабылмай-ақ қаладағы ортақ жүйеден өтініштері мен талаптарына ұтқыр түрде жауап алып, сұраныстарын қанағаттандыруға зор мүмкіндік тудырып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.