ауызбіршілікпен ажары артқан ауыл
Ел өмірінде жүзеге асырылып жатқан барлық игілікті істер көп жағдайда үкіметтің қаржылық қолдауымен қолға алынып, қыруар қаражатқа жүзеге асырылып жататыны белгілі. Алайда, соңғы жылдары әр өңірде ісі жүйелі жолға қойылған жеке кәсіпкерлер мен кейбір жаны жомарт жандардың демеушілігімен әлеуметтік маңызға ие мақсаттардың орындалып жатқандығын да аңғарып келеміз. Бұл сол өңірдің тұрғындары үшін көңіл қуантарлық әрі мақтанарлық жәйт. Мұндай жағдай ауданға қарасты Ақсу ауылдық округінде де бой көрсетіп, аталмыш елді мекенде әр жыл сайын жағымды жаңалықтар орын алып келеді. Сол себептен, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл сөзді негізге ала отырып, бұл жолғы мақала желісін де аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің бірі – Ақсу ауылдық округінің тыныс-тіршілігіне арнап отырмыз.
Бүгінгі таңда Айтбай Айдар Ермаханұлы жетекшілік етіп отырған Ақсу және Оразалы батыр ауылдары кіретін Ақсу ауылдық округінде жалпы саны 468 аула бар. Оның ішінде Ақсу ауылында 278, Оразалы батыр ауылында 190 аула. Ал, округтегі жалпы халық саны 2654-ті құрайды. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі ежелден мал шаруашылығы екені белгілі. Сол себептен бұл ауылда да шаруа қожалықтарын құрып, ата кәсіпті өркендетіп отырғандар баршылық. Нақты айтар болсақ, округте жалпы саны 126 шаруа қожалығы тіркелген. Алайда, оның ішінде егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан 26 және мал шаруашылығымен айналысатын 19 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеуде.
Ауылшаруашылығына қажетті техника қатары да әр жыл сайын артып отырғанға ұқсайды. Өйткені, 2021 жылы ұсақ-түйек жабдықтарды қоспағанда 13 ауыл шаруашылық техникасы (трактор) алынса, 2022 жылы 22 трактор, комбайн және кат техникалары алынған. Ал биылғы жылға 12 тракторға сұраныс беріліп, бүгінде 3-іне шаруа қожалықтарының қолдары жетіп, өзіндік жұмыстарын жүргізу үстінде. Сондай-ақ, өткен жылы округ тұрғындары арасында бірнеше азамат субсидияға қол жеткізіп, оның жалпы сомасы 143 млн 585 мың 700 теңгені құраған.
Округтің тыныс-тіршілігінің тұраламауына бірден-бір ұйытқы болатын тағы бір сала, ол – кәсіпкерлік. Бұл тұрғыда Ақсу ауылында 5 азық-түлік дүкені және 1 мейрамхана халыққа қызмет көрсетуде. 2023 жылы ауыл тұрғыны, «Төлеухан» шаруа қожалығының басшысы Т.Молдабаев есімді азаматтың өз қаражаты есебінен аталған шаруашылық маңында құны 15 миллион, ені 8 метр, ұзындығы 20 метрді құрайтын саңырауқұлақ, қияр, қызанақ егуе арналған жылыжай құрылысы басталды. Мұны осы жылдың желтоқсан айында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылдың қараша айында Оразалы батыр ауылынан Б.Өктешбаев аукцион арқылы 1гектар жер алып, ені 24 метр, ұзындығы 55 метрді құрайтын мал сою және бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Есімі аталған азаматтың өз қаражаты есебінен қолға алынған бұл нысанның құны 30млн. теңге. Қазіргі уақытта арнайы трансформатор орнатылып, электр жүйесі тартылған. 8 млн 500 мың теңгеге 17 үстел әкелініп, орнатылған. Бұл да көп ұзамай, алдағы қыркүйек айында қолданысқа берілмек және биылғы жылы мұнда 150 бас малды бордақылау жоспарланып отыр.
2022 жылы Ақсу ауылында қордайлық жеке кәсіпкер Қ.Мамәдов есімді азаматтың өз қаражаты есебінен 30 млн.теңгеге соғылған, сыйымдылығы 50 балаға арналған «Мүбәрәк Ниет» балабақшасында қазіргі таңда 47 бала тәрбиеленуде (суретте). Ал, бұл азаматтың әкесі Ақсу ауылының тумасы. Әке мен бала қазақтың «Туған жерге туыңды тік» деген нақыл сөзін бойға серік етіп келеді. Оған дәлел Қ.Мамедов осы жылдың тамыз айында округке қарасты Оразалы батыр ауылынан тағы бір 50 орындық балабақша салуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта жер беру актісі дайындалды. Алдағы күз айында іргетасын қалауды бастағалы отыр. Жалпы құны шамамен 30-35 млн теңгені құрайтын нысан құрылысының аяқталу мерзімі 2024 жылдың қыркүйек айына белгіленген.
Ақсу ауылдық округінде ауыз су және газ жүйесі жүргізілген (әр аулаға кіргізілген таза ауыз суға қосылған 468 үй және газ жүйесіне қосылған үйлер саны 278) және 2022 жылы газ құбырын жүргізген мердігер ұйымның және ауылдың жомарт жүрек азаматтарының демеушілігімен Баласағұн мешіті және Оразалы батыр мешіті жалпы, 2 нысан толықтай газға тегін қосылды. Сондай-ақ, округке қарасты екі ауылдағы орта мектепті де көгілдір отынға қосу жұмыстары жаңадан қолға алынып отыр. Алдағы қысқы маусымда мектептер көгілдір отынмен жылытылады деген үміт бар.
Сондай-ақ, 2021 жылы жеке кәсіпкер Б.Тілеужановтың демеушілігімен құны 47 млн теңгені құрайтын, есімі аталған азаматтың әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әшімқұл Тілеужанов атындағы саябақ ашылған болатын. 2022 жылы дәл осы азаматтың демеушілігі есебінен үлкен футбол алаңы да салынып, халықтың игілігіне берілді. Тағы бір жағымды жаңалық – өткен жылы 2021 жылдың соңында салық жоспарынан артылған 2 млн 300мың теңге көлеміндегі қаражатқа Ақсу ауылынан балалар ойын алаңы салынды және 2023 жылы Ақсу ауылына кіші футбол алаңын орнатуға 22 млн 500 мың бөлініп, мердігер ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары басталды (суретте). Мұны да алдағы тамыз айында қолданысқа беру көзделген. Осы тұста Оразалы батыр ауылынан аталмыш ауылдың тумасы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы М.Нұрғожаевтың атынан 1 гектар жерге саябақ ашу жоспарланып отырғанын да айта кеткен жөн (құны 20 млн). Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың мамыр айына белгіленген.
Округте аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жайы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Оған 2021 жылы «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында баспанасы жоқ, әлеуметтік осал топтағы көп балалы әкеге тұрғын үй кілтінің табысталғаны жарқын дәлел. Сонымен қатар, Ақсу ауылдық округі бойынша ауыл көшелері түнгі жарықпен де қамтылып, 12 көшеге жарықтандыру шамдары орнатылған.
Әр өңірдегі аса маңызды мәселенің бірі – тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, аумақтың күл-қоқыс алаңына айналып кетпеуіне жол бермеу. Бұл мәселе де округте оңды шешімін тауып, екі күл-қоқыс төгу орны қарастырылған. Арнайы екі ауылға да жер телімі белгіленіп, эксковатормен қазылып, шұңқыр етіп қоршалған.
Халық даналығында «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Бұл тұста «Бірлескен істе береке бар» демекші, округ әкімі А.Айтбай мен осы ауылда туып-өсіп, бүгін де туған жеріне демеушілік көрсетіп жүрген азаматтардың да, оған қолдау көрсетіп жатқан ауыл тұрғындарының да еңбегі орасан екендігін айта кеткіміз келеді. Алайда, жоғарыда атап өткен барлық игілікті істерге қарап, мұның барлығы ең әуелі округ әкімінің, реттеу, басқару, жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде мүмкін болып, шынайы көрініс беріп жатқандығын ұғынамыз. Елі үшін еселі еңбек етіп, бар күш-жігерін туған жерін түлетіп, ауылды ажарландыруға, халықтың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға бағыттап жүрген мұндай азаматтардың өмір жолы соңынан ізін басып келе жатқан окрутегі жас мамандарға үлгі болып, аға буын өкілдерінің өнегелі істерін кейінгі буын – інілер жалғастырып жатса, мұндай елді мекеннің ажары әр жыл сайын арта беретіні анық. Ол үшін жергілікті халықтың да қоршаған ортаға, қоғамға деген саналы жауапкершілігі болуы хақ. Қолда бардың қадірін біліп, бар дүниеге ұқыппен қарау да үлкен тәрбие, өркениетті ортаның белгісі. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді…». Ал, бұл округтегі билік пен бұқара арасындағы өзара үндестік өз деңгейінде екендігі байқалады. Бұл үрдіс алдағы уақытта дәл осылай жалғасын тауып жатса, Ақсудың алар асуы әлі де мол деп білеміз.
Д.Батырхаирова