Саусақ бірікпей, ине ілікпейді
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында «Жерді тиімді игерудің бірден-бір жолы – ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру. Басы бірікпеген жеке шаруа қожалықтары шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте сапалы мол өнім туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздіктен арыла алмауымыздың себебі осында. Біздің ағайын өзін ғана ойлап, өзгенің әрекетін өзіне қарсы санайтын психологиядан әлі арыла алмай келеміз» делінген болатын.
«Өткенді ескермесең, болашағыңды болжай алмайсың» деген тұжырымға сүйенсек, кешегі кеңес заманының біріккен тірлігін қалай ағаттық деп айтарсың. Үлкен қауымдастықтың күші де үлкен болады. Көптің алмайтын қамалы жоқ. Сондықтан, ұсақ шаруа қожалықтары заманауи техникамен жарақтанып, жер үлестерін бір жерге топтастырып, ортақ мәселенің өздеріне тиімді жақтарын ұсынып, жұмыс істейтін уақыт жетті деуге болады. Білім мен озық технологияның заманында қарапайым шаруаларға жол көрсетіп, нұсқау жасайтын іс басындағы азаматтардың теориялық және тәжірибелік көмектері ауадай қажет боп тұр. Меніңше, жергілікті ауыл әкімдері жаңалыққа құмар емес. Заманауи нанотехнологиялық әдіс -тәсілдерді ауыл өміріне енгізуге құлқы жоқ. Баяғы сол сарын. Жерді жекеге берген соң, «жеке шаруа қожалықтардың иелері не істесе де, өздері біледі» деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, заман ағымына ілесе алатын білімді жастармен жарақтанды деген ауыл әкімдерінің шабан жүрісі күнделікті күйбең мен толып жатқан шар байлау мен музыка ойнау секілді мәдени іс-шараларда бой көрсету ме дерсің. «Өзің жалаңаяқсың, шұлғаусыз менің етігімді кием дейсің» дегеннің кері сияқты. Заңнамалық күші бар нұсқаулықтармен жұмыс жүргізіп, ірілендіру, біріктіріп, үлкен күшке ие болуда шаруа жайын ыңғайластырып, қомақты табыс тауып, жұмыссыздықты азайтуға себепкер болатын жұмыс көздерін көбейтуге атсалысса, құба-құп ырзалықтан басқа не айтасың. Іске асыру – заман талабы.
Қазір су мәселесі өткір тақырып болып тұр. Суармалы жерге, су және жер ресурстарының тиімділігін ескеріп, суару технологиясын дұрыс қолданса, шаруалардың толағай табысқа кенелуіне болар еді. Агрономиялық қағидат: «жер бос жатпай, үнемі айналымда болса ғана, құнарын жоғалтпайды». Құнарсызданған жерге тыңайту шараларын жасап, тыңайтқыштардың ауылшаруашылық өнімдерімен үйлесімділігін, минералды топырақты әртүрлі жағдайда пайдалану мен оның табиғи-экономикалық тиімділігін жасап жүрген шаруа қожалықтары бар деуге ауыз бармайды. Бұлай айтуға толық негіз бар. Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ- ның мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда топырақтың табиғи құнары 40 пайызға төмендеп кеткен. 1сантиметр топырақтың қалпына келуіне 100-200 жыл уақыт қажет. Еуропа елдерінде гектарына 200-300 келі минералды тыңайтқыш себілетін болса, Жапонияда 500 келіден кем себілмейді. Минералды тыңайтқыштың Қазақстандағы көрсеткіші гектарына 3-5келі ғана. Елімізде жерді қорғауға байланысты заң қабылданып, жерге жауапсыз қарап, эррозияға ұшыратқан жағдайда оны қайтарып алатын тетіктер қарастырылып жүзеге асырылуы қажет.
«Мұғалімнен қойшы жасауға болады, ал қойшыдан агроном шығара алмайсың» деген тәмсіл сөздің түбірі «әркім өзі білетін іспен айланысу керек» деген қағидатты ескермей, шаруаның жайын білмейтін кез келген азаматтарымызға оңды-солды жер үлестіргеніміздің қортындысын көріп отырмыз. Ауданымыздағы жеке шаруа қожалықтарының біразында, көбісінде десек те болады не техника, не жаңа технологиялық әдіс жоқ. Әрине мұндайда ауыл шаруашылығы ешқашан дамымайды. Бірігіп, іріленіп, техника, керекті жабдықтар алып, «Ауыл болсаң – қауым бол» дегендей, қомақты шаруа жасауға біріксе ғана, іс өнімді болатынын қазіргі заман кәсіпкерлері мен шаруалары өте жақсы біледі десе болады. Құрғақшылық ауыл шаруашылығы мен бірге мал шаруашылығына да әсерін тигізіп жатыр. Дана халқымыздың «елді мал асырамайды, жер асырайды, жердің күтімі жанның күтімінен де зор болуы керек» деуінде үлкен мән бар.
Ауылдағылардың тірлігі не өзі, не көршісі жарымай бір- біріне қарыз. Сөйлесе, сөздің жілігін шағатын «көсем шаруалар» бас-басына би болып, ауылшаруашылығы министрлігінің тиімді шешімдеріне тәуелді болғысы жоқ. Дер кезінде өз иелігіндегі жерді жырта алмай, көктемгі науқаннан кешіккен шаруаның ісі оңа ма? Өз жерін өзі өңдеудің орнына біреуге істететуге немесе сатуға құмар қылығын не деуге болады? Аз жерден мол өнім алатын заманауи технологияның жетістігін көріп жүрсек те, әлі жатырқаудамыз.
Әлемдік атмосфералық климат өзгеріп жатқанын бәріміз білеміз. Соған қарамастан, күн сайын, сағат сайын өзгеріп жатқан заманда бұрынғыны аңсаумен отырамыз. Екі жыл қатарынан болған құрғақшылықтың келесі жылы қайталанбасына кім кепіл? Сондықтан жаңа технологияны жатырқамай, жылдам қабылдап, тез шешім жасап, толағай табысқа жету жолдарын қарастырып, бүгінгі заманның білімді жастарына сенім артып отырған Мемлекет басшысының ілкімді саясатына өнегелі істерімізбен қосылғанымыз жөн болар.
Несіпхан Қоңырбаев