Ақпараттық портал

Шиеленіскен мәселенің мән-жайы қаралды

Бейсенбі күні «Аманат» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңес төралқасының отырысы өтті. Оған облыстық және аудандық қоғамдық кеңестердің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері шақырылды.
Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы М.Әбдірайымовтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде «Облыстық мәслихат депутаты М.Шалқарбековтың жолданымын қарау (кіріс №080, 24.07.2023 жыл) туралы» мәселе қаралды.
Басқосуды ашқан М.Әбдірайымов ауданымыздағы жергілікті атқарушы билік өкілдері мен депутаттар арасындағы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет барысындағы өзара келіспеушілікке байланысты облыстық қоғамдық кеңеске түскен шағым бойынша жиналып отырғандығын айтып, халық қалаулылары билік өкілдеріне неліктен сенімсіздік танытқандығын анықтау мақсатында қоғам өкілдерінің айтар ойын тыңдау басты міндет екендігін жеткізіп, нақты себеп-салдарын білу үшін сөз кезегін әуелі депутаттар қауымына ұсынды.
Алғаш болып сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов мәселенің мән-жайын қысқаша баяндады. Басты мәселе – ағымдағы жылдың 19 мамырында 2022 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша өткен жиында көтерілгендігін, негізгі себеп – аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТКШ, ЖК және АЖ) бөлімі арқылы тендер ойнатылып, құрылысы аяқталмай қалған 4 ауылдағы стадион және ауыз су құрылысы бойынша сала жұмысына жауапты аудан әкімінің орынбасары С.Ж.Сәрсенбековтың жалған ақпарат беруі болып отырғандығын жеткізді. Есеп бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, біраз кемшіліктерді анықтаған депутаттар қауымы аудан әкіміне хат жолдаған. Алайда, нақты жауап жоқ. Жергілікті тұрғындар да істің ақ-қарасын білмейді. Ал, С.Сәрсенбеков депутаттар ар-ожданыма нұсқан келтірді деген ұстанымды негізге алып, халық қалаулыларына қарсы заң қолданып, бұл өзара дау-дамайға ұласқан.
Жиынның басты мақсаты облыстық қоғамдық кеңеске түскен шағым негізінде жергілікті қауымның пікірін тыңдау болғандықтан, М.Әбдірайымов жергілікті билік өкілдері бола тұра мәселенің мұндай дәрежеге жеткендігі дұрыс еместігін, сондықтан, сотта келісімге келуге қарағанда оған жеткізбей өзара ымыраға келудің маңызды екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, мұндай мәселені қарау қоғамдық кеңестің құзырына жататындығын да баса айтты.
Жиын барысында аудандық мәслихат депутаттары Қ.Қойшыбеков, Ұ.Абуов, М.Сұлтанғазиев сынды азаматтар жоғарыда аталған мәселе және сала жұмысына қатысты өзге де кемшін тұстарды жіпке тізгендей, жан-жақты баяндап, арнайы бейнебаян және слайдттармен толықтырды. Мысалы, халық қалаулысы Е.Қаршығабеков: -Бұл мәселе бойынша жергілікті прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолданғанымен, ешбір жауап жоқ. Арада қандай байланыс бары белгісіз, ешбір нәтиже болмағандықтан, депутаттар қауымы қоғамдық кеңестің араласуын сұрандық,-дейді.
Ал, тағы бір жергілікті депутат А.Айтжанов: -Депутаттық мандатты қолға алар қарсаңындағы үгіт-насихат жұмысы кезінде қалың бұқара осы жолы депутаттар қауымы қандай да бір көтерілген мәселенің оң шешім табуына лайықты ықпал етіп, жұмысты әділ жүргізе алмайтын болса, бұдан кейінгі сайлауға қатысудың да ешбір маңыздылығы жоқтығын алға тартып отыр. Сондықтан, біз қолға алған міндетті лайықты орындап, кез келген мәселенің оң шешімін табуына барынша күш салатын боламыз. Өйткені, бізге халық сенім артуда. Олардың қоғамдық кеңес мүшелеріне де сенімі зор. Сол себептен, мәселені бірге зерделеп, халық пайдасына негізделген нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін,-деп атап өтті.
Сонымен қатар, жиын барысында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, тоқсаныншы жылдары бес жылдан аса уақыт ауданның мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Амангелді Карентаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Батырбек Құлекеев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бейсембаев сынды өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салды. Мысалы, Б.Құлекеев қоғамдық кеңес шешім қабылдай алмайтындығын, бұл мәселені депутаттар сессияда көтеріп, аудан әкімінің орынбасарын қызметінен босату туралы басым дауыспен шешім қабылдау қажеттігін, бүгінгі жағдай осындай түйінге сәйкес келіп тұрғандығын айта келіп, басқосуға аудан әкімінің де, оның орынбасары С.Сәрсенбековтің де қатыспағандығы дұрыс қадам болмағандығын да назарға салды.
Жиын төрағасы аталмыш мәселеге қатысты бірқатар маңызды мағлұматтарды тиісті заң аясында тыңғылықты түсіндіре келе, өздерінің басты мақсаты депутаттар қауымын тыңдау болғандықтан, бұл миссия орындалғандығын, әрі қарай көтерілген мәселе төңірегінде ұсыныстар дайындалып, тиісті органдарға жолдан тынын және өз міндеттерін орындауға барынша күш салатындығын жеткізді.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.