Ақпараттық портал

«Ағын судың әлегінен қайтсем арыламын?»

Газет билік пен бұқара арасын байланыстырушы құрал болғандықтан, тілшілер қауымы қоғамдық мәселелерді де назардан тыс қалдырмай, жергілікті басылым бетінде жиі жариялап отырады. Көп жағдайда, редакциямызға жекелеген тұрғындардың өздері келіп, мұң-мұқтажын айтып, қордаланған мәселенің түйінін тарқатуға қол ұшын беруімізді сұранады. Сол себептен, біздің мақсатымыз алдымызға келген адамның өтінішін жауапсыз қалдырмай, көкейіндегі бұйымтайын билік өкілдеріне газет арқылы жеткізу. Ал, оң нәтиже көрініс беріп жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны.
Жуырда редакциямызға кезекті рет Төле би ауылы, Шәкіров көшесі №48 үй тұрғыны Тамара есімді азаматша келіп, көшедегі арық суы ауласын басып, салдарынан үйдің едені мен қабырғалары дымданып жатқандығын мәлімдеді. Айтуынша, бұл мәселе алғаш рет орын алып отырған жоқ. Жеті жыл бұрын басталған келеңсіз іс әлі күнге дейін ретін таппай келеді. Бұл мәселемен осы уақытқа дейін Төле би ауылдық округі әкімінің міндетін атқарған бірнеше азаматтың алдынан өткен. Алайда, жемісті нәтиже жоқ. Сол себептен, тауы шағылған жерлесіміз редакцияға тым болмаса газеттің бір көмегі тиіп қалар деген үміт арқалап келген екен.
-Бұл мәселемен тікелей аудан әкіміне осыдан үш жыл бұрын жолыққанмын. Ол кісі округ әкіміне нұсқау берді. Төле би ауылдық округінің осы уақытқа дейінгі бірнеше әкіміне мән-жайды түсіндірдім. Осы мәселемен бас ауыртып келе жатқанымызға жеті жыл өтті. Әкімдер ауысуда. Ал, мен әлі бір шешімін таппай келемін. Бір рет комиссия келіп, жағдайды көзбен көріп, арықтың іргесіне бітеу жұмыстарын жүргізген (суретте). Дегенмен, ол қауқарсыз күйде. Ағын су орнатылған бетон тіректен де өтіп кетуде. Салдарынан үйімнің іші дымданып, қабырғадағы түсқұғаздар ашылуда. Біз мұны бау-бақша суғаруға да қолданбаймыз. Бұрындары үйдің қауіпсіздігі үшін өзіміз бекіту, жөндеу жұмыстарын жүргізетінбіз. Қазір өзім жалғызбасты анамын. Жолдасым қайтыс болған. Оған қоса мүгедек жан бағып отырмын. Аз ғана зейнетақыға жұмысшы жалдауға шамам келмейді. Толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Жергілікті билік өкілдерінен сұранарым – қандай жолмен болса да, судың ішке енуіне тосқауыл қойып берсе,-дейді Тамара Галоян.
Бұл кісінің сұранысымен үйіне барып, жағдайды біз де шолып шықтық. Байқағанымыздай, шын мәнінде ішкі жағы бетондалған арық үйге тым жақын орналасқан. Ал, үйдің сол тұстағы бөлмесінің едені суланған. Оны судың жайылмауы үшін едендегі негізгі тақтайға (плинтус ) жақын қойылған дым шүберектен де байқауға болады. Сол тұстағы бірнеше үйдің ауласының ішімен өтіп, бірнеше метр ұзындыққа созылып жатқан арықты көріп, бұл кісінің көршілеріне де бас сұғып, арық суының оларға қандай да бір зияны бар-жоқтығын білмек болдық.
-Біз бұл үйді 2011 жылы бір кісілерден сатып алдық. Ескі үй болғандықтан, бөлме жалғап, біраз жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алғашында бұл тұста арықтың барына мән бермедік. Апатты жағдайдың белгісін кейін байқадық. Сол себептен әр жыл сайын су тоқтаған уақытта арықтың ішін айнадай қылып тазалап, сыпырып-сиіріп, ішіндегі ой-шұңқырлар мен көзге көрінген саңылауды цементпен бітеп, қауіптіліктің алдын алу жұмыстарын өзіміз үшін өзіміз жүзеге асырамыз. Ал, су күз айында тоқтап, көктемге дейін арық бос тұрады,-дейді Жаңыл есімді көршілес азаматша.
Мән-жайды анықтаған соң, біз Төле би ауылдық округінің әкімі А.Ошановқа жолығып, жергілікті әкімдік тарапынан қандай шара қабылданғандығы жөнінде сұраған болатынбыз. Оның айтуынша, бұл үйге жергілікті әкімдік тарапынан жұмысшылар жіберіліп, тиісті көмек көрсетілген.
– Бұл күрделі жөндеуге жатпайды. Үйдің иесі маған: «Мен судың қай жерден өтіп жатқанын білемін. Сіз маған жұмысшылар жіберсеңіз болды. Сол тұсты ғана бекітіп беріңіздер» деген соң көрсетілген орынға бекіту жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан, әлі күнге дейін үйдің ішіне су кету тыйылмаған. Судың қай тұстан өтіп жатқанын үйдің иесі де нақты білмейтін болып шықты. Сол себептен, алдағы уақытта ағын су тоқтатылған соң, қайтадан тиянақты түрде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады,-деді А.Ошанов.
Өз қызметтік бағытымыз бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарынан кейін, бұл жәйттің шын мәнінде күрделі мәселеге айналып отырғандығына көз жеткіздік. Сондықтан, біз де жергілікті әкімдік өкілі айтылған уәдені уақытылы орындап, аталған мәселенің түйінін тарқатуға негіз болады және жоғарыда есімі аталған жерлесіміз бұл мәселемен билік өкілдері мен редакция қызметкерлерінің есігін қайтадан қақпайды деп сенеміз.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.