Жолаушыларға жәрдем көрсетілді
Дүйсенбі күні түнгі сағат 01.29-да Тараз қаласынан Шу ауданына бағыт алған жүк пойызының құрамы Аспара бекетінде рельстен шығып кетіп, екі басты электровоз, бір маневр тепловозы және төрт вагонға зиян келді. Ал жалпы құрамдағы 65 вагонның біріне ғана қарбыз тиелсе, қалғаны бос болған. Сондай-ақ, сол тұстағы теміржол желілері мен екі электр бағанасына зақым келген.
Қарбыз тиелген вагонда 1992 жылы туған азамат Шу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Аталған азамат осы вагонда күзетші болған. Дәрігерлердің айтуынша, денсаулығы аса қауіпті емес.
Орын алған жағдаймен танысу үшін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті теміржол мекемелерінің қызметкерлері дереу оқиға орнына барды.
Апат салдарынан 12 жолаушылар пойызы мәжбүрлі түрде тоқтаған. Соған байланысты жергілікті билік пойыз жолаушыларына азық-түлік пен сусындармен қамтамасыз етті. Одан бөлек, олардың бір парасы автобустармен Тараз қаласына жөнелтілген.
Қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп, тиісті техникалар жұмылдырылған. Түске дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сағат 11:30–де қалпына келген екі жолдың бірімен алғашқы пойыз жіберілді.
Төтенше жағдай департаментімен жедел штаб құрылып, сенім телефондары іске қосылған. Қазіргі таңда Аспара бекетіндегі жұмыстарға 100-ге тарта қызметкерлер жұмылдырылып, жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Болған жағдайды білу үшін Шу ауданына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов келіп, жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жасыратыны жоқ, таң алакеуімнен орын алған апаттың видеолары әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Сондықтан аудан әкімдігі тұрғындардан аталған жағдайға байланысты түсіністік танытып, жаңсақ мәліметтерге ермеуге шақырады.
Б.Емберді