Ақпараттық портал

Қоғамдық қабылдау – түйткілді шешудің төте жолы

Өңірімізде жергілікті атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтитын жүйелі жұмыстар қалыптасқан. Аудан әкімдері жергілікті жерлерде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ортақ шешім қабылдап келеді. Соған сәйкес, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдағы және жеке мәселелері өз шешімін табуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастамалар біздің ауданымызда да жалғасын тауып, бүгінде азаматтарды жеке-жеке қабылдау қалыпты жағдайға айналған. Дәл осындай қоғамдық қабылдау жуырда ғана аудандық әкімдікте өтті. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков 20-ға жуық аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жалпы, дәстүрге айналған қоғамдық қабылдаулардың ең негізгі міндеті – тұрғындардың өтініштерін қарап, олардың оңтайлы шешілуіне қолдау көрсету болса, бүгінде бұл үде орындалып келеді.
Қоғамдық қабылдауға жеке мәселелерімен қайырылған тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй мен әлеуметтік жағдайға қатысты сауалдарын жолдады. Одан бөлек, ауыларалық қоғамдық көлік, жол, жұмыспен қамту және жайылымға қатысты түйткілдер де көтерілді. Қабылдау барысында бүтін бір ауыл мен тұтас қаланың мұң-мұқтажын сөз қылып, аудан әкімінің назарына ұсынған тұрғындар да болды. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының сөзінше, көмек сұрай келген әрбір тұрғынның өтініші жеке дара зерделеніп, нақты шешімдер қабылданатын болады.

T.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.