Ақпараттық портал

Тұрғындардың уәжі тыңдалып, шұғыл тапсырма берілді

Бүгінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің өңірімізге әкім болып тағайындалғанына алты айға жуық уақыт болды. Осы аралықта аудан басшысы өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен стансаларды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек.

Ал, ағымдағы аптада Бақытжан Оразалыұлы Дулат ауылдық округіне қарасты Бөлтірік ауылына барып, ауылдықтардың талап-тілегіне құлақ түрді. Қазіргі таңда елді мекен тұрғындарын алаңдатқан негізгі мәселе – ағын су мен ауыл ішіндегі көпірге қатысты болғандықтан аудан басшысы бірден аталған нысанның басына барып, тұрғындардың уәжін тыңдады. Ауыл тұрғыны Бақыт Ибраемжановтың айтуынша, ауыл ішіндегі ағын су өтетін көпірдің сапасы сын көтермейтін көрінеді. Нақтырақ айтқанда, жаңадан салынған көпірдің тым биік болуына байланысты жүргізушілер үшін аса қауіпті болмақ. Аудан әкімі аталған көпірді қайта қалпына келтіру бойынша жауапты тұлғаларға шұғыл тапсырма беріп, ауыл азаматтарының талабын орындау керектігін жеткізді.
Кейінгі жылдары мұндағы тұрғындар үшін мазасыз мүйіске айналған ағын су мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бірнеше жылға жалғасқан құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталмақ. Десе де, Бөлтірік ауылының тұрғындары ауыл ішімен жүргізіліп жатқан арықтардың деңгейі талапқа сай емес деген уәж айтуда. Осыған орай, аудан әкімі каналдардың сапасына жауапты техникалық қадағалаушы «SMEC International Pty.Ltd» компаниясының резидент-инженері Ержан Байсеитовке каналдың деңгейін ауыл тұрғындарымен бірлесе тағы бір мәрте тексеріп, нақты шешім шығаруды жүктеді.
Айта кету керек, соңғы жылдары ауданымызда ағын су мәселесін шешу, тозған каналдарды жөндеу мақсатында «Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» («ПУИД-2») бағдарламасы аясында бірқатар округтерде тоғандар жаңартылып, лотоктар қойылып жатыр. Бұл жұмыстарға жауапты «ЗАО Туннель садд Ариана» компаниясының жоба жетекшісі Эхсан Ходам аудан бойынша аталған жоба шеңберінде 14 шаруашылық каналы және екі коллектор жүйесін жөндеу қолға алынғандығын айтады. Аталған жұмыстардың барлығы ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде.

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.