Ақпараттық портал

Балапанды күзде санайды

Бүгінде бұқараның жата-жастана оқитын авторы Роберт Киосаки бір сөзінде «Тәуекелдің әр кез алдыңнан шығатыны рас, одан қашқақтаудың орнына, оны басқаруды үйренейік» деген екен. Осы лебіздің астарына үңіле отырып ойымызға ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев оралады.

Жаңалыққа жаны құмар жерлесімізді бүгінде аймақта танымайтын жандар некен-саяқ. Сонау жылдары қарапайым банк күзетшісі болған Жұмахан Төлеуұлы бүгінде беделді журналист, құрметке бөленген қаламгер. Оның жаңа дүниені игеруге құштарлығы мен жұмысқа деген құмарлығы абыройын асқақтата түскен.
Мәселен жыл басында Ж.Чекаевтың жетекшілігімен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі құрылып, табиғатты қорғау, оның ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде кешенді мақсаттар түзгенін көпшілік жақсы біледі. Сонымен қатар, мүдделестерді топтастырып, бірнеше шара өткізіп үлгерді.
Жігітке жеті өнер де аз екенін ұққан ағамыз жуырда ғана жаңа кәсіпке кіріскен болатын. Ол өз ауласындағы бос жерге жабық қора салып, 1200 бас балапан асырауға бел буған. Алдағы қыркүйекте 60 жасқа толатын Жұмахан Төлеуұлы жастарға жол көрсетіп, өз немерелерін еңбекке баулып өнеге көрсетіп жүр десек артық айтпаған боламыз.
Ауданның белсенді азаматына бұл ой былтыр өткен Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімінде туған. Сол жиынға қатысу мәртебесіне ие болған жерлесіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының сөздерінен ерекше әсер алып, ауыл шаруашылық саласымен әр азамат мықтап айналысу қажеттігін қаперіне түйеді.
Ауласында балапан өргізген кәсіпкер келешекте жұмыртқа жинап, оны сатуды көздейді. Тауықтың балапандарын көршілес Қордай ауданынан алдырған ол өз жұмысына аса мұқияттылықпен қарайды. Себебі біз көрген тауық қорада жем,шөп,су, ауа өлшегіш секілді асай-мүсейдің барлығы бар.
-Қазіргі таңда балапандардың жасы үш айға жетті. Жаз мезгілігінде күннің ыстығына байланысты аздаған шығын болды. Бұл істі қолға алудағы басты мақсат – шулық ағайынға үйдің жұмыртқасын ұсыну. Себебі нарықта жұмыртқа сырттан әкелінеді. Әрі бағасы да 60 теңгеге жетті. Әзірше мемлекеттік қолдауға өтініш берген жоқпыз. Десе де, 3 адамды жұмыспен қамтып, шаруашылықты ширату жолында жұмыс істеп жатырмыз,-дейді Жұмахан аға.
Әр іске батыл кірісіп, тәуекелге бел буатын кәсіпкер бұл салада тәжірибелі кәсіпкерлермен кеңесіп отырады. Оның айтуынша, бұл кәсіп алғашқы рет қолға алынып тұрғандықтан, өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Оларды айналып өту үшін мал дәрігерлерімен, білікті мамандармен ұдайы байланыс орнату қажет. Сол себепті Ж.Чекаев білімді жетілдіріп, тәжірибені толыстырудан талмайды.
Қолдың құнарлы жұмыртқасын өндіруді қолға алған кейіпкеріміз балапандарды басып шығаратын арнайы инкубаторға да қол жеткізген. Ол осы жолы да арнайы ақыл-кеңестерге жүгініп отыр.
-Өзіме ермек қылып, немерелеріме үлгі көрсету үшін осы іске кірісіп отырмын. Әрі үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бұрыннан бері ойымда болатын. Одан бөлек, Мемлекет басшысының ұлықтау рәсіміндегі сөздерінен жігерлендім. Бастапқыда қора-жай, балапан және жем алу үшін 1,5 млн-ға жуық қаржы жұмсадым. Одан бөлек, сарыауыз балапандарға арнайы жем алдырып отырдым. Оның 25 келісі жеткізуімен 7 мың теңгеден асты. Қазір жеміс-жидек піскен уақыт. Сондықтан жемістерді турап, көкөністерді майдалап лаждап жатырмыз. Күзден соң қыс келеді дегендей, қазіргі қам қысқа дайындық болып отыр,-дейді «Аяшка» ЖК иесі Ж.Чекаев.
Тың салаға түрең салған журналист, үкіметтік емес ұйым жетекшісі һәм жеке кәсіпкер Жұмахан Төлеуұлының тынымсыз еңбегіне қарап, еріксіз таңдай қағамыз. Бәлкім ғарышқа ұшуға мүмкіндік берілсе әріптесіміз одан бас тартпасына бәс тігеміз.
Елімізде еңбек адамын дәріптеу, қоғамға үлгі ету ісі қолға алынуда. Жер-жерлерде жемісті еңбек ететін жандарға құрмет көрсетіліп жатыр. Сондай сипатқа әбден лайық ағамызды біз де ардақтап, алдағы ісіне береке тілейміз.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.