Алғада атқарылған жұмыс ауқымды
Биылдан бастап өңірлік коммуникациялар қызметі ауылдық округ әкімдерін брифингке шақыруды қолға алып отыр. Осыған орай, жуырда журналистер алдында Шу ауданы, Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергенов баяндама жасады.
Округ әкімінің баяндамасына сүйенсек, Алға ауылдық округінің құрамына Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдары, Шайымқұл мен Қаракөл бөлімшесі кіреді. Халық саны – 3173 адам, аула саны – 635. Ауыл бюджеті 2023 жылы 228,0 млн.теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 90,0 млн. теңгеден 228,0 млн.теңгеге өсті. Сонымен қатар, аудандық трансферт – 71,0 млн.теңге, облыстық трансферт – 109 млн.теңге, субвенция – 37,7 млн.теңге, салық түсімдері – 7,7 млн теңге.
Округ әкімі журналистер қауымын тұрғындарды сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамту мәселесінен хабардар етуді де тыс қалдырмады. Нақты айтар болсақ, Алға ауылы бойынша «Ауыз су-Шу» кәсіпорны қызмет көрсететін орталық ауыз суға 355 үйдің 340-ы қосылған, яғни 99,5 пайызын құрап отыр. Қазіргі уақытта Сауытбек ауылындағы орталықтандырылған ауыз су жүйесін толық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «Жаңарту» ЖШС. Бұл бағытта 2022 жылға жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталып, бөлінген қаражат игерілді. Ағымдағы жылы тамыз айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, Жайсан ауылының ауыз су жүйесінің ЖСҚ-ы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қаражат қарастырылған жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу 2024 жылға жоспарлануда.
Округ бойынша орталықтандырылған газ жүйесіне тұрғындардың 74 пайызы қосылған. Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдары толық газдандырылған, Бұл көрсеткіш күннен-күнге артуда. Ал, әлеуметтік нысандардан Алға ауылындағы Амангелді орта мектебі мен Сауытбек ауылындағы «Алға» орта мектебінің қазандығы табиғи газға қосылған.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, округтегі жол жөндеу жұмыстары да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Алға ауылының негізгі көшелерінің 90 пайызы 2020 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында асфальтталған. Жайсан ауылының көшелеріне 2022 жылы 90 пайызға асфальттау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті билік ағымдағы жылы Сауытбек ауылына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында толықтай асфальттау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды қуанышқа бөлемек.
Елді мекенді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін округтегі электр жүйесін модернизациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ескірген ағаш бағаналар, темірбетонды бағанаға ауыстырылып, ӘЖ-10/0,4 кВ сымдары жаңартылған. Мұндай жұмыс Сауытбек ауылында көрініс беруде.
Осы бағдарлама аясында Алға ауылындағы ағаш бағаналар да темір бетонды бағаналарға ауыстырылып, әуе желілерін модернизациялау құрылыс –монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, бағаналар ауыстырылып, трансформаторлар мен электр сымдарын толық іске қосып, халық игілігіне беру жоспарлануда.
Ауыл тұрғындары арасында қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында жер телімін алуға ниет білдіргендер де аз емес көрінеді. Бұл мәселені шешу үшін 2020 жылы Алға ауылының оңтүстік аумағынан 25 гектар жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жүйелері салынды (ауыз су, газ, электр бағаналары) және 225 азаматқа жер телімдері берілді. Алдағы уақытта жер кезегін азайту мақсатында Алға ауылының батыс жағынан 12,8 гектар жер телімі инфрақұрылым жүргізуге қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Брифинг барысында округ әкімі бірқатар түйіткілді мәселелерді де алға тартты. Атап айтар болсақ, Жайсан орта мектебі ыңғайластырылған мектеп болғандықтан, ешбір талапқа сай келмейді.1985 жылы пайдалануға берілген білім ошағында спорт-зал, асхана, мәжіліс залы қарастырылмаған. Сол себепті, қазіргі уақытта 120 орындық мектептің құрылысын жүргізуге ЖСҚ дайындалған. Құжат сараптамадан өткен, алдағы жылы бюджеттен қолдау тапса, құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын болады.
Келешекте Алға ауылынан Мәдениет үйін, спорт кешенін салу және Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдарының көшелерін толықтай жарықпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен бірге, ауыл әкімінің айтуынша, елді мекендегі күн электр стансасы басшылығының демеушілігімен ауылға саябақ пен спорт алаңшалары салынбақ.
Т.Еркінов