Ақпараттық портал

Судың тамыршысы – мұрап

Десе де, ағын су мөлшеріне қатысты мәселе көп

Бүгінгі таңда ағын су мәселесі өңірдегі өткір мәселеге айналды. Мұның қазіргі уақыттағы мән-жайы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазылған болатын. Судың уақытылы жеткізілмеуі және тиісті мекеме басшылығы мен шаруалар арасындағы өзара келіспеушілік салдарынан орын алған мәселенің түйінін тарқатуға газеттің бір септігі тиіп қалар деген үмітпен кейбір шаруалар редакциямызға келіп, басқа барар жерлері қалмағандығын айтып, мәселенің оңды шешіміне газет арқылы ықпал етуді сұрануда.
Тұрғындар өтінішіне бей-жай қарай алмағандықтан, бұл жолы тағы да осы тақырыпты қозғауға тура келді. Өйткені, жаз ортасы болса да, әлі күнге дейін суға жарымай отырған шаруалар көп көрінеді. Тиісті сала басшылары бола тұра күн өткен сайын күрделеніп бара жатқан мәселенің түйіні тарқар түрі жоқ болғандықтан, бұл жолы біз қырық жылға жуық ғұмырын су шаруашылығы саласына арнап, оның ішінде осыдан бірнеше жыл бұрын «Тасөткел» КМК-ның басшысы міндетін де абыройлы атқарып, бүгінде зейнет демалысында жүрген Ибраимов Нұрахан Нүпбайұлымен жолығып, тығырықтан шығудың қандай жолы барын сұрап-білген едік. Мән-жайды түсінген ағамыз аудандағы ағын судың бүгінгі ахуалы жайында хабардар екендігін мәлімдеп, әңгімені әріден бастады. Мұны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Су мәселесі, оның ішінде ағын су мәселесі де қоғамдағы ең өзекті мәселе болып табылады. Өйткені, су – тіршілік көзі. Өз өңірімізге қатысты айтар болсақ, бірнеше елді мекенді ағын сумен қамтамасыз етіп отырған «Тасөткел» су қоймасының пайдалануға берілгеніне келесі жылы 50 жыл толады. Тарихқа зер салсақ, аталмыш су қоймасының құрылысы 1968 жылы басталып, 1974 жылы аяқталған және құрылыс жұмысы да өте сапалы орындалған. Мұны сол тұста «ПМК-49» деп аталып, бұған дейін Шымкент өңіріндегі Бөген бөгетін салған, тәжірибелі құрылыс жасағы жүргізген. Ал, ең алғашқы арнайы жобада су қоймасының қызмет көрсету мерзімі 55 жыл деп көрсетілген. Елу бес жылдан кейін аталмыш су қоймасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуі қажет. Алайда, бұл осы уақытқа дейін су қоймасына жөндеу жұмысы жүргізілмеді деген сөз емес, жылдар легінде бірнеше рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Пайдалану мерзімі қысқарған сайын су жинау көлемі де азая береді. Алғашқы жобада көрсетілгендей, 620 млн текше метр суды жинау мүмкіндігі болмайды. Сол себептен, қазіргі таңда жаңа жоба бойынша жұмыс жүргізілуде және мұнда су жинау көлемін арттырып, оны 650 млн текше метрге жеткізу көзделуде. Әрине, мен бұл жоспарға қарсылығым жоқ. Бірақ, мұндай көлемдегі судың өңір тұрғындары үшін аса қажеттілігі де шамалы. Өйткені, өңірдегі суармалы жер көлемі аз. Яғни, суармалы жер көлемі су көлеміне сәйкес келмейді. Мысалы, осыдан ондаған жылдар бұрын ауданда сауармалы жер көлемі 41 мың гектарға жететін, ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 34 мың гектарды құрайды. Екіншіден, өңірде осыдан бірнеше жыл бұрын іске қосылған екі гидроэлектр стансасы (ГЭС) жұмыс жасайды. Енді, Жаңа жол ауылдық округі маңындағы бөгеннен қажетті су мөлшерін оң жағалау, сол жағалау каналға тиісінше жіберуге болады. Алайда, бұл жұмыстардың барлығымен тиісті мамандар айналысуы қажет. Бөлімшедегі маман тапшылығы мәселесін қолға алу маңызды. Әр каналға, әр учаскеге жауап беретін кем дегенде 20-30 гидротехник болуы қажет. Өкінішке қарай, ауданымызда су шаруашылығы бойынша арнайы маман жоқтың қасы. Қажетті су мөлшерін босату, оны тосып алу және бөлу яғни, реттеу жұмысы жүйелі болу қажет. Мұндай жұмысты кезінде жүзеге асырған мамандардың басым бөлігі қазіргі уақытта зейнеткерлікте. Бірлі–жарым болғанымен, ол жеткіліксіз. Қазіргі таңда естуімше, ауыл тұрғындары арасынан бір азаматты гидротехник ретінде сайлап, қоғамдық жұмысшы есебінен оған жалақы төленеді. Ал, оның арнайы мамандығы бар-жоғы ескерілмейді. Сол себептен, бүгінгідей күрделі мәселе туындайды. Суды өлшеу де оңай шаруа емес. Қазіргі уақытта бұл көзмөлшерге салынып кеткенге ұқсайды. Бұрын өзім «Тасөткел» КМК-ны басқарып тұрған шақта осындай мәселенің алдын алу үшін бірнеше азаматтың су шаруашылығы мамандығы бойынша оқып, білім алуына ықпал еттім. Олардың көбі бүгінгі таңда зейнетте.
Тағы бір айта кететін жәйт, 2016 жылға дейін мекеме коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болып саналғандықтан, оған республикадан қомақты қаражат бөлінбеді. Бөлінген күннің өзінде де ол каналдарды тазалау сынды жеңіл-желпі жұмыстарға аз көлемде беріліп отырды. Көп жағдайда судың бағасынан түскен қаражатқа шағын каналдар мен тоғандарды тазалап, әктеп-сырлау жұмыстарын жүзеге асыратынбыз. Ал, су қоймасын жөндеу сынды үлкен шаруаларды жүзеге асыру үшін мекемені республикалық мемлекеттік кәсіпорынға өткізу қажеттілігі туындады. Сол себептен, «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны 2016 жылы облыс орталығынан келген бұйрық аясында ликвидацияға жіберілді яғни, таратылды да оның қызметі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына топтастырылды. Сол уақытта менің де зейнетке шығатын шағым осы оқиғамен тұспа-тұс келіп, өзім де зейнеткерлікке шықтым. Ал, қазіргі уақытта «Тасөткел» су қоймасы өндірістік бөлімшесінде қажетті арнайы техникалар да жоқ. Мұның қажеттілігі шаруалар үшін ауадай керек болса да, бұл мәселені ешбір адам қолға алып жатқан жоқ. Сондықтан, бөлімше басшылығы үкіметке сұраныс беруі қажет.
Өңірімізде Белбасар елді мекенінен басталып, Далақайнар ауылына дейінгі аралықты қамтитын 52 шақырымдық «Тасөткел» каналы, екінші – Тасөткел су бөгетінен басталып, Балуан Шолақ ауылына дейінгі аралықты қамтитын 38 шақырымдық оң жағалау, үшінші – Алға ауылынан басталып, Ақтөбе ауылдық округіне дейінгі аралықты қамтитын 39 шақырымдық сол жағалау каналдары бары жалпақ жұртқа белгілі. Сондықтан әр учаскеге, әр каналға жауапты маман – гидротехник, болуы керек. Сондай-ақ, суды өлшеп беретін гидрометр болуы маңызды. Қазір су мөлшеріне есеп жүргізу жоқтың қасы. Өйткені, арнайы маман жоқ. Ал, гидротехниктің (мұрап) міндетін атқарып жүрген қоғамдық жұмысшы жоғарыда аталған міндеттерді ешқашан өз деңгейінде атқара алмайды. Бұл тұста жергілікті билік өкілдері де кадр тапшылығын болдырмауға зор мән беріп, қарапайым адамның мұрап қызметін атқаруына жол бермеуі керек. Бұрын Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында арнайы училище болған. Ол қазір де бар болуы керек. Маман тапшылығын болдырмау үшін біз өз жұмысшыларымыздың аталмыш оқу орнынан білім алуына ықпал еттік. Қазіргі таңда да осы секілді қандай да бір ұтымды амалдарды қарастырған жөн.
Сонымен қатар, ағын су мәселесіне қатысты тағы бір өзекті бағыт – пайдаланылған суға ақы төлеу. Оны қалай және кім жүзеге асырады? Көпшілік сөз етіп жүрген ауылдардағы мұраптың тұрғындардан ақша жинауға құқығы жоқ. Есепті су берген адам жүргізеді. Ол гидрометр деп аталады. Мұрап жалпы суды ашып береді. Ал, гидрометр оны өлшеп қабылдап, әр каналға таратуды жүзеге асырып, әр суғарған сайын ақшасын есептеп, оны жинап, кассаға өткізеді. Осы әрекет қана заңды болып табылады. Суды өлшеу оңай тірлік емес. Судың көлемін секундына, минутына, сағатына, тәулігіне, аптасына, айына көбейтіп барып, су мөлшерін шығарады.
Жалпы, мәселенің күрделенуіне жол бермеу үшін шаруалар да егін егердің алдында әуелі су жеткізу мәселесін түбегейлі шешіп алуы қажет. Қажетті су мөлшеріне қол жеткізе ала ма, оны берумен кім, қалай айналысады? Осы жәйттерді зерделеп алғаны маңызды. Ал, шаруалардың суға төлейтін төлемақы мөлшері су беруші мекеме мен шаруа арасындағы екі жақты шартта жазылады. Қазіргі уақытта пайдаланылған судан түсетін қаражаттың барлығы «Казсушар» РМК-ның бюджетіне құйылатын болғандықтан, жұмысты жүйелеуді, маман тапшылығы мәселесін сол мекеме басшылығы шешуі қажет. Өйткені, су маманы жұмысының да жоғарыда атап өткендей өзіндік қыр-сыры бар.
Сондай-ақ, әр елді мекен тұрғындары өз учаскесіндегі каналды жылда тазалап тұрулары керек. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын коммуналдық каналдарды қарайды. Қазір оның барлығы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға (РМК) өтті. Сол себептен, РМК қала ішімен өтетін үлкен каналдардың жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат алады. Ал, кішкентай коммуналды каналдарға қаражат бөлінбейді. Сондықтан, мұндай жұмыс бұрын ауыл тұрғындарының бірлесуімен жүзеге асырылатын. Қазір мұндай үрдіс жоқ. Сондықтан, шаруамен шарт жасасқан кезде мекеме басшылығы шаруаларға су көздерін тазалайтын техникасы, оған жауапты жұмысшылары жоқтығын ескертіп, шағын каналдар мен арықтарды тұрғындардың өздері тазалауы қажеттігін назарға салу керек. Шын мәнінде үлкен каналды тазалайтын арнайы техника болады. Ал, тазаланбаған жағдайда су айдау қуаттылығын күшейтіп, суды молынан жіберген жөн. Ауданда арнайы техниканың жоқтығы үлкен мәселе. Кездейсоқ мезетте магистралды үлкен канал жырылатын болса, ауданда оны жөндейтін арнайы техника жоқ. Сондықтан, аталмыш каналдың апатты жағдайға ұшырамауын билік өкілдері бақылауда ұстағаны жөн.
Жалпы, бұл мәселе, айналып келгенде кадр мәселесінің жолға қойылмағандығынан, ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігінен көрініс беруде. Халық арасында келеңсіз жәйттерді болдырмау үшін бөлімше жұмысына қатысты техника, маман тапшылығы сынды барлық қажеттіліктер жоғарғы басшылыққа анық жеткізіліп, мәселенің ақ-қарасы анықталса, басшылық өкілдерінің де құлағы тыншып, шаруа да шырылдамас еді,-дейді Нұрахан Ибраимов.
Шу ауданының Құрметті азаматы, ұзақ жыл инженер-гидротехник, білікті басшы ретінде қызмет еткен Н.Н.Ибраимовтың аудандағы ағын су мәселесіне қатысты жоғарыдағы пікірін негізге ала отырып, өңірдегі «Тасөткел» су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Омаров Арсен Әділханұлымен жолығып, бөлімшенің бүгінгі тыныс-тіршілігін және тұрғындар тарапынан айтылып жатқан түрлі сыни пікірлердің негізгі себептерін сұрастырдық.
А.Омаровтың айтуынша, бұл азамат ағымдағы жылдың 23-мамырынан басшылық қызметті қолға алған. Ал, су тапшылығы мәселесі бұған дейін көтерілген. Шаруалар мен мекеме арасындағы келісімшарт та наурыз айында басталып, 15-сәуірде аяқталатын көрінеді.
-Жалпы, ауданда инженер-гидротехник болып жұмыс жасап келе жатқаныма биыл он алты жыл толды. Уақытылы жүргізілмеген жұмыстың салдарынан шаруалар мен мекеме арасындағы келісімшарт жасасу жұмысы әлі күнге дейін жалғасуда. Дау-дамай әр учаскедегі мұраптың өз білгенін жасауынан туындап отыр және шын мәнінде оның су ақшасын жинауға да құқығы жоқ. Мұрапты біз сайламаймыз. Оны қоғамдық жұмысшы есебінен жергілікті әкімдік бекітеді және жалақыны да біздің мекемеден емес, жергілікті әкімдіктен алады.
Соңғы уақытта бізге АТК-мен (ауыл шаруашылығын тұтыну кооперативі) келісімшарт жасамау жөнінде жоғарыдан нұсқау келді. Әр ауылда АТК бары белгілі. Олар біздің бөлімшеге тіркеледі. Қанша су керектігіне өтініш береді. Біз сол өтініш бойынша жұмыс жасап, ішкі каналға яғни, ауылға тарайтын желіге дейінгі суды өлшеп береміз. Әрі қарай ауыл бойынша мұрап жауап береді. Бізде су есептейтін бір ғана маман бар. Өтініш бойынша су үлкен каналдан бір өлшенеді, желіден тағы бір өлшенеді. Мұрап суды өлшемейді, ашып-жауып, суды жіберіп отырады. Алайда, барлық дау-дамай мұраптың суды шаруаларға кезексіз, кейбіреулерге шектен тыс көп мөлшерде беруі салдарынан шығып отыр. Дау туындаған орындарға өзіміз барып жүрміз. Бұл жерде түнделетіп келіп, шлюзді ашып кететін, жауып кететін жәйттер бар. Біздің жұмысымызды бұзып, кедергі келтіріп жатқан да сол жағдай. Мұны біз әр ауылдық округтегі әкімдерге айттық. Шу ауданы бойынша 37 канал бар. Оның әрқайсысының желісі бар. Оның барлығына біз бақылау жасай алмаймыз,- дейді Арсен Омаров.
Мұрап міндетін атқаруға
90 штаттық бірлікке сұраныс берілді
Тағы бір айта кететін жәйт, бүгінгі таңда «Тасөткел» су қоймасы каналына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының аяқталмауына орай, жылда жиналатын су мөлшері жиналмаған көрінеді.
-Мысалы, әр жыл сайын 620 млн текше метр су жиналатын болса, биыл бұл мөлшерге жетпеді. Құрылыс жұмыстарын облыстағы ең үлкен фирма «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС қыс мезгілінде жүргізген болатын. Сол себептен болса керек, кейін оның сапасы сыр беріп, қайтадан апатты жағдай орын алды. Суды белгіленген мөлшерге дейін жеткізуге мүмкіндік болмады. Өйткені, су арнадан таси бастады. Техникаға кедергі келтірді. Осыған орай, біз облысқа хат жолдап, нәтижесінде судың біраз көлемін өзенге жіберу жөнінде нұсқау келді. Осындай жағдайларға байланысты қазір қайтадан жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл да шаруаларға су мөлшерінің жетіспеуіне бір себеп болып отыр,-дейді бөлімше басшысы.
Ал әр ауылдағы мұрап мәселесіне келер болсақ, соңғы жылдарда АТК-нің кейбір заңсыздықтарына орай жұмысы тоқтағандықтан, «Тасөткел» су қоймасы өндірістік бөлімшесі тарапынан штат қарастырылмаған. Бұл мәселе сессияда қаралып, мұрап есебіндегі жұмысшы аудандағы жұмыспен қамту орталығы арқылы тағайындалатын болып келісілген. Бөлімшенің су пайдалану бөлімінің бастығы Ғали Ибраимовтың айтуынша, бұрын шаруа қожалықтары АТК –не бірігіп жұмыс жасаған кезде 130 келісімшарт болған. Кейін АТК-дың таратылуына орай әр шаруа қожалықпен жеке-жеке шарт жасалады. Олардың саны 469-ды құрайды. Ал, шаруашылық есебінде 29 штат болғанымен, олар әр шаруа қожалықтың, әр учаскенің сумен қамтылу жұмысына жеткіліксіз. Сондықтан, мұрап мәселесі жоғарыдағыдай шешімін тапқан.
-Қазіргі таңда гидротехник, гидрометр мамандарын жалпақ тілмен мұрап деп айтып жүрміз. Мұрап бізден алған суды шаруа қожалықтарына бөліп, жеткізіп беру керек. Ол суды өлшемейді. Шаруаларды кезекке қойып, суды ашып-жауып береді. Қазіргі таңда мұрап міндетін атқарып жүрген азаматтардың көпшілігі бұрын АТК-ларда жұмыс жасаған адамдар. Мұндай жағдай биылша ғана орын алып отыр. Біз штат санын ұлғайтуға сұраныс бердік. Келесі жылы штат саны облыстан қайта қарастырылып, оң шешімін тауып жатса, мұндай жағдай қайталанбайды. Ал, ауылдық округтерде ағын су мәселесі бойынша ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жергілікті әкімдік жүзеге асыру қажет. Өкінішке қарай, мұндай жұмыс округ әкімдері тарапынан жүргізілмейді. Жоғарыда аталған құрылыс жұмысы биылғы күзге дейін аяқталмайтын болса, ағын судың жетіспеушілігі келесі жылы да қайталануы мүмкін. Жалпы, бұл су қоймасы облыстың меншігіне жатады. Ал, құрылыс жұмыстарының басталғанына екі жыл болды. Біз шаруашылық есебіндегі мекеме болғандықтан, бізге суды көп берген тиімді. Аудандағы 34 мың гектар суармалы жерді сумен қамту үшін су қоймасында 472 млн текше метр су болу керек. Биыл 100 млн-ға кем жиналды. Бұл бір жарым айдың суы, -дейді Ғ.Ибраимов.
Бөлімше басшылығының мәлімдеуінше, судың тарифі Қазақстан бойынша бірыңғай бағамен бекітілген. Мұраптарды қоспағанда бөлімше жұмысшыларының еңбекақысы, салық, жағар-жанармай, ағымдағы жөндеу жұмыстары осы тариф сомасына кіріктірілген. Ал, жөндеу жұмыстарын жүргізетін арнайы техника бөлімшеде қарастырылмаған. Бүгінгі таңда апатты жағдай бола қалса, мұндай жұмыс Байзақ және Қордай аудандарындағы арнайы екі мекемемен жасалған келісімшарт арқылы жүргізіледі. Жалпы, үлкен каналдан тарайтын 94 ішкі каналдарды тазалау өңірдегі «Тасөткел» су қоймасы өндірістік бөлімшесінің міндетіне жатады. Өйткені, ол аталған бөлімшенің меншігінде. Алайда, қажетті техникалардың болмауына байланысты бөлімше кейіннен 35 каналды аудан әкімдігінің меншігіне өткізген. Алдағы уақытта қалған 45 каналды өткізуге құжат бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Дүнген ұлты өкілдерімен арадағы кейбір әрекеттер де жиі сөз болып жүр. Яғни, дүнген жұртының егістік алқабына суды көп мөлшерде алатындығы жиі айтылады. Бұл сұрақ төңірегінде бөлімше басшылығы аталмыш ұлт өкілдері алқапқа егістік салғанымен, бөлімше келісімшартты жер иесімен жасайтынын айтады. Сондықтан, бұл тұста мұрап пен диқаншы арасында күдікті байланыстың бары анық байқалады.
Сондай-ақ, ауылдардағы мұраптарды да арнайы оқыту жоспарда жоқ. Қазіргі таңда олардың жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Ал, арнайы мамандар мұндай жалақыға ауылдық жерге бармайтын көрінеді. Келесі жылға бөлімше мұрап міндетін атқаруға 90 штат сұрап отыр және жоғарыдан оқыған және су шаруашылығынан хабары бар азаматтарды жұмысқа алу жөнінде нұсқау келген. Дегенмен, оның барлығы тікелей су шаруашылығы маманы болуы мүмкін емес. Өйткені, маман тапшы. Егер, мекемеге арнайы штат қосылса, ол азамат осы мекемеден айлық алатын болғандықтан, одан сұрау да болады. Ол басшы алдында жауап береді. Ал, мұрап міндетін атқарып жүрген қоғамдық жұмысшы тікелей су шаруашылығы мекемесіне бағынбайтын болғандықтан өз есебі өзінде. Сол себептен арада жауапкершілік жоқ. Мұны бөлімше басшысы да өз сөзінде растап отыр. Байқағанымыз, «Тасөткел» су қоймасы өндірістік бөлімшесіне арнайы маман қосылып, оған көлік берілсе, сол кезде ғана ауыл-аймақты сумен тұрақты қамту жүйелі жүзеге аспақ. Бұл мәселе алдағы уақытта жоғарғы билік өкілдері тарапынан бірлесе отырып, тыңғылықты қаралып, оң нәтиже береді деген үміттеміз.

Д.Батырхаирова

Н.Қоңырбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.