Ақпараттық портал

Жазғы демалыс балалар үшін тиімді болуы қажет

Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық және тиімді демалуларына жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін арнайы үйірмелер жұмыс атқарады. Соның бірі – аудандық мәдениет үйіне қарасты мәдени ошақтарда жұмыс жасап келеді. Мақсат – балалардың бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізу.
Қазіргі таңда аудан бойынша 78 үйірме жұмысы жолға қойылып, оған 1311 адам қамтылған. Оның ішінде, балалар үйірмесінің саны – 67, қатысушысы – 1111. Шілде-тамыз айларында 20 мәдениет үйі мен клубтардағы 13 үйірменің жұмысын жүргізіп отырған мамандар мен үйірме жетекшілерінің еңбек демалысына шығуларына орай, барлығы 19 үйірменің жұмысы тоқтатылып, 336 бала демалысқа босатылды. Ал, 59 үйірме жұмыс кестесіне сәйкес өз жұмысын жалғастыруда. Оған 975 бала қамтылған.
Үйірме жетекшілері балалар демалысына арнайы жоспар құрып, сол бойынша жұмыс жасауда. Мысалы, аудандық мәдениет үйіне қарасты Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінде жазғы каникул кезінде үйірмеге қатысатын балалармен веложарыс өткізілді. Оған ауыл балалары қатысып, керемет көңіл-күйге бөленді. Сонымен қатар, жарыс нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті мадақтамалармен марапатталды.
Түрлі-түсті бормен аулада сурет салу жарысы да өз деңгейінде өтіп, жарыс барысында үйірмелердің өнерлі қатысушылары қиялдарына ерік беріп, тамаша суреттер салды. Іс-шараның соңында жеңімпаздар анықталып, олар жүлделермен марапатталды.
Қазақ тіліндегі танымдық, тәрбиелік мән-мағынасы бар мультфильмдер топтамасы көрсетілді.
Сондай-ақ, Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінде балаларға тәрбиелік мәні бар көркем шығармаларды зейін қойып тыңдауға үйрету және халық ауыз әдебиетінің туындыларын түсінуге деген ынталарын арттыру барысында мағыналы мульттоптама назарларына ұсынылды.
Қонаев ауылдық мәдениет үйінде сурет үйірмесінің ұйымдастыруымен, Астана күніне орай «Ару қала – Астана» атты балалардың сурет көрмесі өтті.
Балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында, Қонаев ауылдық мәдениет үйінде «Салауатты өмір салты» атты спорттық ойын ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жазғы каникул кезінде оқушылар аудандық өлкетану мұражайымен танысып, білімдерін кеңейтіп, мәдени орынға саяхатқа барып қайтты.
Шоқпар ауылдық мәдениет үйі демалыс кезіндегі жоспар бойынша балаларға «Алдар көсе», «Қошқар мен теке», «Маша мен аю» мультфильмдер топтамасын ұсынды.
Сонымен қатар, Шоқпар ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, Елордамыздың 25 жылдығына орай «Әсем қала – Астана» атты балалардың сурет көрмесі ұйымдастырылды. Жас суретшілеріміздің әр туындысында Астананың әсем жерлеріне деген пәк сезім шынайы бейнеленеді. Көрмені тамашалағандар жас суретшілеріміздің туындыларына жақсы баға беріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Аталмыш ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Биші қыз» мультфильмі көрсетілді. Мақсаты – балаларға тәрбиелік мәні бар көркем шығармаларды зейін қойып тыңдауға үйрету. Бір жарым сағатқа созылған мультфильмді тамашалағандар көп болды. Солардың ішінде өзін Асел Жуантаева деп таныстырған ата-ана осы шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегін білдірді.
Шоқпар ауылдық мәдениет үйі Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығымен бірлесе отырып, «Халықаралық шахматшылар күніне» орай ауыл тұрғындары мен үйірме қатысушылары арасында шахматтан жарыс өткізді. Мақсаты – шахмат ойынын насихаттай отырып, осы спорт түрімен жүйелі түрде айналысуға жол ашу, ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысқа ауылымыздың жас шахматшыларынан бастап, үлкен аталарымызға дейін келіп қатысты. Ойын нәтижесінде Ж.Байқуанышов бірінші орынды, Ә.Қылышбаев екінші орынды, А.Сейітқазы үшінші орынды еншілеп, жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Қонаев және Көктөбе ауылдық мәдениет үйлерінде балаларға тәрбиелік мәні бар көркем шығармаларды зейін қойып тыңдауға үйрету, халық ауыз әдебиетінің туындыларын түсінуге ынталарын арттыру мақсатында «Темір мен Айдаһар» және «Мақтаншақ қыз» мультфильмдері көрсетілді.
Оразалы батыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен, 25 шілде күні «Алдар көсе» туралы мультфильм топтамасы назарға ұсынылды. Сондай-ақ, аталмыш ауылдың клубында “AQSU CINEMA” атты кино көрсетілім кеші өткізілді.
Ақсу ауылында ауыл балалалрының қатысуымен қазақтың ұлтық ойыны – асық атудан жарыс ұйымдастырылды.
Аталған жұмыстардың барлығына аса жауапкершілікпен қарап, өз міндеттеріне тиянақтылық танытқан үйірме жетекшілеріне алғысымыз шексіз! Нақты айтар болсақ, Балуан Шолақ мәдениет үйінен «Сахна тілі» үйірмесінің жетекшісі Ж.Айтбай, Қонаев ауылдық мәдениет үйінен С.Ахметова, Шоқпар ауылдық мәдениет үйінің би үйірмесінің жетекшісі Ә.Әшірбек, Көктөбе ауылдық мәдениет үйінің би үйірмесінің жетекшісі Н.Сағынбек, Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Д.Жұмағұлова, Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Д.Абдулманова және Г.Молдасановалардың есімдерін атап айтуға болады.
Әр үйірме жетекшісі өз саласына қатысты жұмыстары, жеткен жетістіктері, идеялары арқылы бір-бірінен ерекшеленіп еңбек етті деп білеміз. Сондықтан, әр үйірмеге қатысушы жеткіншек өмірден өз орнын табатынына сенімдіміз.
М.Копбосынова,
аудандық мәдениет үйінің жылжымалы бос уақытты тиімді пайдалану кешенінің меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.