Тамыз конференциясы: Білім саласындағы бақылау және бағалау
Биыл ұстаздарға арналған дәстүрлі тамыз конференциясы кейбір аймақтар үшін онлайн форматта өтті. Екі күнге созылған конференция панельдік және секциондық сессия түрінде өтіп, ел ұстаздарының басын қосты. Секциондық отырыс Қазақстанның 20 өңірі бойынша алдын ала бекітілген тақырыптық бағыттарға сәйкестендірілген. Атап өту керек, Жамбыл облысы «Білім саласындағы бақылау мен бағалау» атты тақырыпты қамтыды.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Беделбекова, ҚР Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы И.Сағындықов, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшылары және мәслихат депуттары қатысты.
Алғашқы боп сөз алған М.Беделбекова өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа 2023-2024 оқу жылына арналған міндеттерге тоқталды. Оның мәлімдеуінше, білім факторы бойынша IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы Қазақстанның өз нәтижесін 6 позицияға жақсартып, 30-орынға көтерілгенін көрсеткен. Ал, білім саласын жақсартуға жұмсалған қаржы бойынша 62-орыннан 30-орынды иеленді. 2023 жылы мемлекеттен білім саласына жұмсалатын қаржы 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 5,5 триллион теңгені құраған. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, мұндай көрсеткішке мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан тиімді шаралардың арқасында қол жетіп отыр. Өз баяндамасында М.Беделбекова педагог мәртебесінің үстемі биік екенін ескеріп, жалақының артқанын және ұстаздарды аттестаттау форматының өзгергеніне тоқталды. Айтуынша, мұғалімдер қызметі туралы мәлімет бір порталда жинақталып, аттестаттау форматы автоматтандырылады. Ал, тестілеуден педагогика мен оқу әдістемесі алынып тасталып, мұғалімдер тек өзі сабақ беретін пән бойынша сынақтан өтпек.
Келесі кеезекте сөз алған И.Сағындықов білім саласындағы тәрбие мәселесі, ұлттық құндылықтардың сақталуы жайлы сөз қозғады.
-Адамгершілігі мол, елі мен жеріне шын жанашыр, білімді азаматты тәрбиелеп шығу үшін оқушыларымызды қазақтың ауыз әдебиетімен, жыр-дастандарымен сусындатқанымыз жөн. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ата-ана мен ұстаздар бірігіп жұмыс жасаса, алар асулар көп болмақ,-дейді бас сарапшы.
Тамыз кеңесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров та қатысқан болатын. Ол білім беру саласы сыбайласқан жемқорлық ең жиі кездесетін сала екеніне тоқталып, білім беру саласындағы жемқорлыққа итермелейтін тәуекелдерді жою бойынша «Жол картасы» жасалғанын баса айтты. Осыған орай, педагогтерді жемқорлық әрекеттерге жол бермеуге, куә болған жағдайды тиісті органдарға мәлімдеуге шақырды. Сонымен қатар, облыстың білім саласындағы ахуалымен таныстырып, алдағы оқу жылына қойылған мақсаттарға білім басқармасының басшысы М.Өмірбек тоқталды. Басқарма басшысы ел Президентінің білім саласындағы салиқалы саясатының арқасында білім беру сапасының артқанын, облыс ұстаздары мен оқушылары республикалық байқаулардан озық шығып, білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп келе жатқандығын жеткізді. ҰБТ нәтижелері де жыл сайын жақсарып келе жатқанын атап өтті. Яғни, орташа балл 84,4 құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда нәтиже 1,9 баллға жоғарылаған. Білім беру сапасы өткен оқу жылы 67,6 пайызды құрап, (2021-2022 жж оқу 67,1 пайыз) ілгері дамыған. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, өңірде білім беру сапасы жыл өткен сайын артып келеді, ал төмен нәтиже көрсеткен саусақпен санарлық мектеппен нақты шаралар атқарылмақ.
Айта кету керек, облысымызда инновациялық мектептер саны өсуде. Аймақта балалардың қауіпсіздігін сақтау, жан-жақты дамыту, қосымша білім беру, инклюзивті білім беру, заманауи технологиямен жабдықтау сияқты мәселелер жіті бақылауға алынған. Кәсіптік және техникалық білім беру ісі де оң нәтижесін көрсетуде.
Конференция соңында облыс басшысы Нұржан Нұржігітов аймақтағы білім беру саласындағы жаңашылдықтармен бөлісіп, кемшін тұстардың орнын толтыру үшін тиісті басқармаларға тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларында жеңіске жеткен оқушыларды атап өтті. Облыс басшысы білім беру саласындағы атқарылған шараларға тоқталып, болашақ жоспарлармен бөлісті.
-«Салада шешілуі тиіс мәселелер де бар. Оқушылар арасында жиі кездесетін буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайлары бізді ойландырмай қоймайды. Әлеуметтік желінің ықпалы аса белсенді кезде балаларға сапалы біліммен қатар, мықты тәрбие негізгі ұстанымға айналуы тиіс», – деп саналы ұрпақ тәрбиелеуде облыс басшысы ата-анамен қоса педагог-ұстаздарға да жоғары жауапкершілік артты.
Салтанатты жиынға онлайн қатысқан ауданымыздың ұстаздары да бірқатар марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, түрлі номинациялар бойынша үздік мектептер ақшалай сертификаттарды иеленді.
Ә,Боранбай