Ақпараттық портал

ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ТЕХНИКА ЖҰМЫС АТҚАРМАҚ

Бар нәрсенің байыбына бара білген бабаларымыз тазалықты саулық кепілі санаған екен. Сол тазалықтан танбаған оларды текті деп атауға толық негіз бар. Ал бүгінде ахуал өзгеріп, байтақ Отанымыз, бұйра құмдарымыз бен айналамыз қоқысқа толып барады. Бұл мәселені алға тартқанда ең алдымен әкімшілік елестегенімен, тазалық мәдениетін сақтамайтын жерлестеріміздің де
бар екенін естен шығармауымыз керек.
Шу қаласы үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселе қаланың тазалығы, көріктендіру абаттандыру жұмыстары екені анық .Ал тазалық жұмысын жандандыру үшін оған қажетті техникалық жабдықтардың санын арттыру негізгі міндеттердің бірі болып отыр.
Жуырда ғана әлеуметтік желіден Шу шаһарының қоқысымен күресу үшін заманауи техникамен жабдықталған көліктер келгенін көзіміз шалды. Мән-жайды анықтау үшін Шу қаласы әкімі аппаратына қайырылған едік.
Қала әкімі Елдос Нұралиевтың айтуынша, қаланың аумағы үлкен, аула саны да айтарлықтай көп. Қала ішінде белгіленбеген орындарға қоқыс тастау әрекеттері жиілеп кеткен. Осыған орай, Шу қаласында «GREEN CITY» ЖШС тазалық жұмыстарын жүргізуге ниет білдіріп отыр.
Аталған компания Алматы мен Шымкент секілді мегаполистердің аудандарын да қамтуда. Бұдан бөлек, қоқыс тазалайтын көліктері экологиялық қауіпсіздікке арналған. Дизель отынының иісін шығармайды. Техникалары бейнекамералармен қамтылған. Қоқыс сыйымдылығы 21 текше метр. Әр тұрғын қоқыс үшін ай сайын 1000 теңге төлейтін болады .
-«GREEN CITY» серіктестігі көп күттірмей Қант зауыты, Тоғай мөлтек аудандарын тазалауды бастап кеткен. Алдағы уақытта компания әр үймен келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізетін болады. Келісімшарт әр тұрғынның өз құқықтары үшін міндетті болып саналады. Компания басшылығы қажеттілігіне қарай техника санын арттыратындығын жеткізіп отыр,-дейді Елдос Бекболатұлы.
Қала басшысының айтуынша, бұл 300-ден аса көшесі бар қаланың тазалығын қалыптастыру үшін жасалған қадам. Сондықтан да қосымша күш шақырылған.
Бұған дейін біз тұрғын үй аулаларын қоқыс шығарып жүрген «Шу Сервис» ЖШС-не тиесілі сары көліктерді байқайтынбыз. Ендігіде жасыл түсті жүк көліктерін де көздеріңіз шалуы мүмкін. Біз мұны бәсекелестік деп қабылдап, жұмыстар жандана түседі деп кәміл сенеміз.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.