Ақпараттық портал

Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

Апта басында аудандық әкімдікте кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен жиында жергілікті атқарушы биліктің орындаушылық тәртіпті сақтау мәселелері қаралды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Ең алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай баяндама жасап, орындаушылық тәртіп жағдайына жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ, кіріс-шығыс құжаттары, арыз-шағыммен жұмыс жасау, хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, еңбек тәртібі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жағдайы және заң нормаларының орындалуы туралы жан-жақты айтып берді.
– Жыл басынан бері аудан әкімі Шу қаласы мен ауылдық округтерде 2000-нан астам адамның қатысуымен 36 кездесу өткізді. Сонымен бірге, бөлім мен мекеме басшыларын және ауылдық округ әкімдерін жеке қабылдап, 13 аппараттық кеңес өткізді. Аталған жиындардың барлығын қоса алғанда аудан басшысы тарапынан 441 тапсырма берілген. Бүгінгі таңда оның 9,2 пайызы орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмай отыр. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Шу қаласы мен ауылдық округ әкімі аппараттары, аудан әкімдігінің бөлімдері және оларға қарасты мекемелерге барлығы 2162 жолданым келіп түсті. Оның ішінде аудан әкімінің аппаратына 1118 жолданым тиесілі. Аталған жолданымдарға жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып отыр.
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және «Е-өтініш» платформасының негізгі мақсаты – тұрғындар тарапынан келіп түскен жолданымдардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету екені белгілі. Бұл ретте, жоғарыда аталған жолданымдарды орындау барысында «қолайлы әкімшілік акт», яғни жолданым мәселелері оң шешім тапқандағы жауап немесе «ауыртпалық салатын әкімшілік акт», яғни теріс жауап берілген кезде міндетті рәсімдер өткізілуі тиіс. Алайда, мониторинг барысында бұл талаптардың сақталмауы, жолданым иелерінің құқықтарын бұзу фактілері де орын алуда, – деді Нариман Жетпісбайұлы.
Аудан әкімі аппаратының басшысы жасаған баяндамадан кейін аудан әкімі дәл осы жұмыстарға салғырт қараған басшылар мен қызметкерлерге ескерту беріп, жұмысты жүйелеуді тапсырды. Одан бөлек, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс жасауда орын алған кемшіліктерге жан-жақты талдау жасалды. Нәтижесінде, келіп түскен өтініштерге жауап беруде жауапсыздыққа бой алдырған, мерзімін кешіктірген бөлім басшыларын жауапкершілікке тарту жағы да қаралды. «Барлық хаттамалық тапсырмалар мерзімінде және сапалы орындалуы керек. Егер бөлім немесе әкімдік қызметкерлерінің салғырттығынан мерзімдері кешіктірілсе, мұндай бөлімдердің басшылары жауапкершілікке тартылатын болады. Тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері берілген тапсырмамен жұмыс жасауды бір жолға қойып жүйелендіруді және әрбір келіп түскен өтінішке мұқият болып, орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін нақты шаралар қабылдауы тиіс» – деді аудан әкімі.

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.