Ақпараттық портал

«Қордай-2023» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтті

Облыстың аумақтық қорғанысын дайындау мақсатында үстіміздегі жылдың 26 шілдесі мен 4 тамызы аралығында тексеру жиыны өтті.
Оған Қордай ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген 100 әскери міндетті қатысты.
«Қордай-2023» тактикалық оқу – жаттығуының жабылу шарасына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Облыс әкіміне 99205 әскери бөлімінің командирі Әлжан Хамзин әскери жиынның қорытындылары туралы баяндады.
Айта кетейік, тексеру жиыны барысында, әскери міндеттілер бір апта көлемінде, әскери дайындық сабақтарынан өтіп, арнайы тактикалық оқу жаттығуда аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық-барлау топтарымен күресті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасты.
Аймақ басшысы Гвардейскі гарнизонына қарасты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында әскери қару-жарақтардың және жас сарбаздар мен әскери міндеттілердің дайындық нәтижелерімен танысты.
Сондай-ақ, «Қордай-2023» тексеру жиынының әскери міндеттілермен өткізілген арнайы тактикалық оқу-жаттығуларын көрді.
– Мемлекет аумақтық қорғаныс әскерлерінің дайындығы мен материалдық-техникалық жабдықтармен толығымен қамтамасыз ету мәселелерін басты назарда ұстауда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста да жоспарлы түрде атқарылуда. Облыстық бюджеттен аумақтық қорғаныс бригадасының материалдық-техникалық құралдарын сатып алуға және оқу-жаттығуларды өткізуге 2023 жылы 502 миллион теңге қаралды. Өткен жылы бұл қаржы 120 млн. теңгені құраған. Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету – бүкілхалықтық іс. Ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра отырып, бұл жұмыстарды әрі-қарай жандандыруымыз қажет,-деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан соң, тексеру жиынына атсалысқан бірқатар азаматар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Нұржан Нұржігітов полигонның байланыс торабы, жатын орны, медициналық пункті мен асханасының жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы аумақтық қорғаныс бөлімшерінің жағдайын жақсарта түсу бойынша жауаптыларға ұсыныстар беруді тапсырды.
Айта кету керек, дәл осындай жиын үстіміздегі жылдың сәуір айында Жуалы ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен жоғарғы деңгейде өткізілген болатын.
Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасады.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.