Балаларды өрттен қорғайық!
Жалпы орын алып жатқан өрттердің 90 пайызы адамның яғни, өзіміздің өрт қаупсіздігі талаптарын дұрыс сақтамауымыздан орын алуда. Айта кететін жайт, жалпы орын алып жатқан өрттер себептерінің ішінде жиі кездесетіні, бұл – балалардың отпен ойнауы. Қазіргі таңда, көптеген ата-аналар жұмысқа не болмаса басқада жұмыстарымен үйден шыққан кезде жас бүлдіршіндерді қараусыз қалдырып кетіп жатады. Кішкентай кезінде балаға бәрі қызық болып көрінгендіктен, үйде жалғыз қалған бүлдіршін ата-анасы бар кезде жасамаған қылықтарын осындай жағдайда байқап көргісі келеді. Мәселен, олардың газ құрылғылары мен пеш тетіктерін қозғап немесе сіріңке жағып ойнауы, үйде от шашуларды қолдануы секілді себептерден тұрғын үйлердің жануы адам қазасына әкеп соғып жатады.
Жоғарыда келтірілген жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ балалардың отпен ойнауына жол бермеу мақсатында ата-аналардың назарына мына жағдайларды ескертеміз:
– әрдайым балаларыңызға өрттің қауіпті екенін ескертіп отырыңыз;
– өзіңіз өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, балаларыңызға үлгі болыңыз;
– балалардың қолы жететін жерге сіріңкені ешқашан қалдырмаңыз;
– балаларға электр, газ құрылғыларын қосуды және пештерді жағуды тапсырмаңыз;
– балалардың сіріңкені қолданып, отты жақпауын қадағалаңыз;
– үйден шығарда балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз;
– балаларыңызға өрт болған жағдайда үйде тығылмай, дереу сыртқа шығып, ересек адамға айтуын, 101 телефон нөміріне хабарласу қажеттігін ескертіңіз.
Осындай сақтық шараларын орындамағанның салдарынан төтенше жағдайлар туындап, өмірге енді ғана қадам басқан балалар түрлі дене жарақатын алып, арты қазаға соғуы әбден мүмкін.
Өртті болдырмау және улы газдан адамдардың улануының алдын алу мақсатында Шу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі сізге әрдайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді.
Б.Бегалиев,
Шу ауданы ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау капитаны.