Ақпараттық портал

Кеңес беріліп, бос жұмыс орындары ұсынылды

Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту және қажетті бағдарламаларға қатыстыру өзекті мәселенің бірі. Ол үшін тиісті мекемелер барынша ашық ақпарат беріп, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап бергендері жөн. Мұндай шаралар мақұл болған жағдайда кеңес беру алаңдарын ұсынып, ұтымды етіп ұйымдастыруға Жастар ресурстық орталықтары әрдайым дайын.
Сондай маңызды шараның бірі жуырда Шу қаласында өткен болатын. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткізілген кеңес беру алаңы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осымен 8 мәрте ұйымдастырылып отыр.
12 тамыз – халықаралық жастар күніне орай өткізілген шарада жоғары немесе арнаулы орта білім алып келген жастарға аудандағы мектеп директорлары, мансап орталығы мен аудандық емхана әкімшілігі өздерінің мекемелеріндегі бос жұмыс орындары жайлы ақпарат беріп, жас маман атануға ынталандырды.
Сондай-ақ аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі, Отбасы банк өкілдігі, дінтанушы және заңгерлер сауал қойған жастарға жауап беріп, мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен керекті кеңестерді ұсынды. Сонымен қатар ұйымдастырушы тараптың заңгер, психолог, бизнес тренер мамандары да қажетті мағлұматтармен бөлісті.
– Мұндай шараның мақсаты – жастарға жұмысқа орналасу тетіктерін таныстыру және мемлекет тарапынан жасалатын жағдайларды жеткізу. Біз кеңес беру алаңы мен бос жұмыс орындар жәрмеңкесін жиі өткізуді дәстүрге айналдырып келеміз. Бұған дейін 8 мәрте өткізілген шараны әр ай сайын өткізуді жоспарға енгіздік. Бүгінгі шараның өзінде 27 азаматқа ақпарат ұсынып, пікірлестік. Шу жастарын жұмыспен қамтуға және кәсіпке баулуға болысу – біздің жұмыстың негізгі бағыты,-дейді ЖРО басшысы Ғ.Қойбағаров.
Ғани Бірлікұлының айтуынша, ауданда жарты жыл ішінде 316 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 1338 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 682, «Жастар тәжірибесі» бойынша 101, әлеуметтік жұмыс орындарына 32, ақылы қоғамдық жұмысқа 247 жас екі қолға бір күрек тапқан. Одан бөлек, 17 жас грант ұтып алса, 2 азамат «Ұрпақтар келісім шарты», 31 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысқан.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.